18-09-19 |
2130 рет қаралған
Қасым ханды түріктерге берген Мұхамедиұлы ма, Райымқұлова?.
Қасым ханды түріктерге берген Мұхамедиұлы ма, Райымқұлова?

Жазушы, сценарист Самғұл Елубай «Қасым хан» фильмінің тағдырына алаңдап, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловға үшбу хат жазып, фейсбук әлеуметтік желісінде жариялады.

«Мен, кинодраматрург С. Елубаев 2017-18 жылдары Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен қазақтың ұлы ханы Қасым хан туралы материал жинап 1 сериялық прокаттық көркем фильм сценарийін жаздым. Елбасы біз жазған сценарийді қатты ұнатып сол кездегі министр Арыстанбек Мұхамедиұлына «Ертұғрылды» түсірген түрік режиссері М. Гюнайды шақыруды тапсырды. Гюнай біз жазған сценариймен танысып ұнатты. Бізбен және министрмен кездесуінде бір сериялы прокаттық фильм жасауға келісті. Алайда Гюнайдың Президентпен кездесуі үстінде сериал идеясы пайда болыпты. Бірақ, сериалға бізді шақырмады. Сөйтсек сценарийді Гюнайдың өзі жазуға кіріскен. Қазақстан тарапынан Б. Шекеров шақырылды. Біз сөйтіп бұл жобадан тыс қалдық. Сөйтіп, Елбасы ұнатқан біз жазған «Қасым хан» далада қалды. «Ең болмаса Елубаевтың бір жылдық еңбегін төлейік!» деген бір адам болмады. Кәзір, режиссер Гюнай өзі жазған 75 сериялық сценарий бойынша Оңтүстік Қазақстанда сериалды түсіруге кіріскен дейді. Біз бір нәрсеге таң қаламыз. Гюнай жазған сценарий неге «Қазақфильмнің» Эксперттік Кеңесін айналып өтті? 11 миллиард Қазақтан ақшасына түсіріле бастаған қазақтың ұлы ханы туралы сценарий неге қоғамдық пікірден тасада /келейно/ шешілді? Неге еш жерде талқыланбады? Немесе, кімдер талқылады? Бәрі құпия. Бәрі астыртын. Бұл кино тарихында болмаған практика. Сондықтан мен Қасым хан тағдырына алаңдап Сізге осы хатты жаздым. Сценарист, режиссер, актер шетелден шақырылып 30 миллион долларға түсірілген «Көшпенділер» тағдыры Қазақстанға титтей де бір сабақ болмаған тәрізді. Режиссері, сценаристі, т.б. түріктер «Қасым хан» тағдыры да сол «Көшпенділер» тағдырын қайталамасына кім кепіл? Қашанға дейін қазаққа қазақ тарихын экранда шетелдіктер үйретіп жүруге тиіс?! Ертең экраннан қазақ емес басқа Қасым ханды көріп түгел Қазақстан шулап кетпесіне кім кепіл? «Бұған кім кінәлі?» деп сұрамасына кім кепіл? Ең қиыны ертең осы жобаның жаманатына Елбасы мен Сіз қалмауларыңыз үшін Гюнай жазған «Қасым хан» сценарийін дереу киностудияның Эксперттер Кеңесінің талқысына салу керек деп білемін!», – деп жазады Смағұл Елубай.

Қасым хан туралы телехикая түсіру биыл белгілі болған. Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы телехикаяны түрік режиссері Гюнай Метин түсіретінін, сценарийінде сол жазатынын даусы жеткен жерге жар салып айтып баққан. Тіпті кинотуынды түсірілетін жерлерді көріп шыққанын фейсбук парақшасында жазған еді.

«Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, Отырар төбе және Отырар сапар орталығымен таныстық. Менімен бірге танымал «Ертұғырыл» сериалының авторы және режиссёрі Гюнай Метин мен журналистер барды. Жақында елімізде қазақ тарихындағы маңызды тұлға – Қасым хан туралы сериал түсірілетінін білесіздер. Елбасының арнайы шақыртуымен келген Гюнай Метин сценарий жазып, режиссёр ретінде тарихи орындарды көруге аттанды. Біз Отырар, Сарайшық, Сауран сынды қалаларымызды әлемге танытуымыз керек» деген еді сол кезде А.Мұхамедиұлы. Тарихи қалаларды әлемге таныта алмай арманда кеткен экс-министрден соң, Қасым хан туралы телехикаяның жайы да жым-жырт бола қалған. Жаңа министр Ақтоты Райымқұлова да телехикая туралы ләм деп ауыз ашпаған. Бұрынғы бастығының «жобасына» жолығысы келмеді ме, әлде «өзімен бірге кетсін» деді ме кім білсін, әйтеуір Қасым хан жайлы айтқан емес. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсіріледі деген телехикаяның тағдырынан «Қазақфильмнің» су жаңа басшысы Арман Әсенов те хабарсыз адамдай үнсіз. Енді міне, жазушы, сценарист Смағұл Елубай жан айқайын жариялап отыр. Ақтоты Райымқұлова С.Елубайды дереу Астана шақыртып, қабылдай ма әлде қоғам алдында Қасым ханның тағдыры қалай болып жатқанын бұрынғы бастығысмен ақылдасып алып, түсінік бере ме ол жағын уақыт көрсетеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.