02-02-20 |
1620 рет қаралған
Уханьнан Қазақстан азаматтары эвакуацияланды.
Уханьнан Қазақстан азаматтары эвакуацияланды

2020 жылдың 2 ақпанында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы елімізге ҚХР Ухань қаласында жүрген 83 қазақстандықты, оның ішінде 80 студентті жеткізді деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің
баспасөз қызметі.

Ұшу барысында біздің азаматтарымызды барлық қорғау құралдарымен қамтамасыз етілген қазақстандық дәрігерлер сүйемелдеді.

Денсаулық жағдайы тексерілгеннен кейін елге оралған азаматтар қаладан 7 шақырым жерде орналасқан елорданың көпбейінді ауруханасы жанындағы инфекцияға қарсы арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге жатқызылды.

Клиника инфекциялық қауіпсіздіктің қажетті технологияларымен, заманауи диагностикалық, емдік және реанимациялық құралдармен жабдықталған, тиісті медициналық қызметкерлері бар.

Медициналық мекемеде эвакуацияланған азаматтар қосымша тексеруден, бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияға тестілеуден өтеді.

Карантин кезеңі кезінде елге келген адамдармен тек аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар медициналық персонал ғана байланыста болады.

Елге жеткізілген азаматтардың туған-туыстары мен жақындары хабардар етілді және олар карантиндік кезеңнің регламентімен таныстырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚХР-ға 13,6 тонна көлемінде медициналық бұйымдар түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді.

Қырғызстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Армения Республикасы биліктерінің өтініші бойынша осы елдердің де азаматтары ҚХР Ухань қаласынан эвакуацияланды.

Барлық қажетті ақпаратты ұсыну үшін тәулік бойы 1406 сall-орталығы жұмыс істейді.

Азаматтарды жалған ақпаратты таратпауға, ақпараттарды ресми дерек көздерінен алып, сенуге шақырамыз.

ҚР Үкіметі жанындағы ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.