08-02-20 |
1660 рет қаралған
Мұхтар Сеңгірбай: Ұлтаралық мәселе бір күнде я бір жылда шешілетін нәрсе емес.
Мұхтар Сеңгірбай: Ұлтаралық мәселе бір күнде я бір жылда шешілетін нәрсе емес

Мұхтар Сеңгірбай, конфликтолог:

 – Қордай ауданындағы оқиғаға қатысты пікір сұрап жатқандар бар. Оған байланысты айтарым: бұл – Тоқаев билікке келгелі болып отырған ірі этносаралық конфликт, жағдайға осы контекстіде қарауымыз қажет. Жаңа президент саяси ашықтыққа бет бұрып, қоғаммен коммуникацияны жақсартатынын айтып келеді. Соның арқасында қоғам да ашықтықты бұрынғыдан көбірек талап ете бастады. Соған қарамастан, президент пен күш құрылымдарының арасында ақпарат таратуға, жедел әрекет етуге байланысты үйлескен іс-әрекет байқалмайды. Президент «полицеймен төлебескендер» туралы шұғыл мәлімдеме жасау арқылы бұл мәселені бірден үлкен саяси деңгейге шығарды. Бірақ одан әрі қарай халықтың сұрақтарына жауап беретін тұщымды ақпарат болмады. Соның кесірінен ұлтаралық араздықты қоздыратын тексерілмеген ақпарат қаптап кетті. Бұл бұрынғыдан да қауіпті. Бір жағынан мұны Горбачевтың кезіндегі «гласность» науқанымен салыстыруға болады. Қоғамның салмақты, тексерілген ақпаратқа деген сұранысы, талабы өте жоғары. Мұндайда қоғамның ішіндегі беті қатқан жара шыға бастайды, әсіресе технология дамыған заманда оларды ешкімнен жасыра алмайсың.

Ал ұлтаралық мәселеге келер болсақ, бұл – бір күнде я бір жылда шешілетін нәрсе емес. Мұндай ұлтаралық түсініспеушілік Қазақстанның барлық өңірінде бар. Оның үстіне әлеуметтік теңсіздік, ауылдағы жұмыссыздық пен шарасыздық, жемқорлық қосылса, Қордайдағыдай дүрдараздық басқа жақта да жасырын жүріп жатуы мүмкін. Оны 130 ұлт туралы декларациялық ұранмен, тек мереке өткізумен шектелетін ассамблеямен шешу мүмкін емес. Ол – әр ұлттың әлеуметтік, демографиялық жағдайын зерттеп, олардағы депривация деңгейін бақылап, мониторинг жасау арқылы, үнемі әлеуметтанулық зерттеу жүргізіп, бөлектенген ұлттарды Қазақстан қоғамына интеграциялаудың жүйелі саясатын әзірлеу арқылы іске асатын үлкен шаруа.

Жазба Мұхтар Сеңгірбайдың фейсбук парақшасынан алынды.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.