09-10-20 |
1510 рет қаралған
Қырғызстанға қатысты төрт елдің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.
Қырғызстанға қатысты төрт елдің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады

Қырғызстандағы ушығып тұрған саяси жағдайға байланысты Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан – Орталық Азиядағы төрт елдің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.

«Бауырлас Қырғыз Республикасында болып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатып отыр.

Біз ғасырлар бойы ажырамас достық, тату көршілік байланыстары мығым, мәдени және рухани құндылықтары ортақ жақын көрші елдер ретінде Қырғызстан халқын осы қиын күндерде парасаттылық танытуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге шақырамыз.

Қырғызстанның барлық саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін біріктіріп, туындаған мәселелерді Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып шешеді деп үміттенеміз.

Қырғызстандағы тыныштық – өңірлік қауіпсіздік пен Орталық Азиядағы орнықты дамудың маңызды факторы.

Елдеріміздің өткен жолы бір және болашағы да ортақ. Орталық Азия халықтарын келешек ұрпақтың игілігі жолындағы берік бейбітшілікке, келісім мен жасампаздыққа ұмтылысы біріктіреді.

Мемлекеттеріміз ортақ мақсатқа біріге отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, шекаралық және өңіраралық іс-қимылдарды күшейту жөніндегі аймақтық ынтымақтастықты белсенді нығайтуда.

Орталық Азиядағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мақсатында біз Қырғызстан халқының бірлікке, бейбітшілікке, дербес дамуға және өркендеуге деген ұмтылысын үнемі қолдаймыз» делінген мәлімдеме.

5 қазаннан бері Қырғызстанда саяси бұлғақ болып жатыр. Парламент сайлауының алдына ала нәтижелеріне қарсы шыққандар Қырғыз елінде кіші қазан төңкерісін жасады. Ел билігі иесіз қалды. Бірін-бірі жоққа шығарған түрлі саяси ұйымдар ымыраға келе алмай жатыр. Әр саяси ұйым өз тұлғасын ел басынан көргісі келеді. Бұл – елдің саяси жағдайын тығырыққа тіреді.

Бүгін Қырғыз президенті Сауранбай Жиенбеков Бішкек қаласында төтенше жағдай жариялады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.