Қырғызстанда осыдан он күн бұрын басталған дүрбелең кезінде мемлекет басшысыз қалғандай болып еді. Көпшілік Сооронбай Жээнбеков ашынған халықтың нөпірінен бұғып қалды деп топшылады. Бір қызығы президент ақ үйге шабуыл жасалғанда құзыретін пайдаланып қарулы жасақтарын тобырға айдап салған жоқ. Қалаға әскер де кіргізбеді. Арандатудың артында саяси күштердің тұрғанын жақсы білетін Жээнбеков әліптің артын бағып отырды. Наразы топтар іштегі буын шығарғаннан кейін барып іске кіріскендей. Президент өз үндеуіндегі «Мен үшін елдің тұтастығы, халықтың бірлігі мен қоғамның тыныштығынан артық ешнәрсе жоқ» деген сөзінде тұрды. Билік үшін талас-тартысқа түскен саяси күштердің басшыларымен келіссөз жүргізіп, жұрт талап еткен адамды премьер-министр қызметіне тағайындап, отставкаға кететінін айтты. Халықаралық қауымдастықтар да Қырғызстандағы саяси дағдарысты реттеудегі Сооронбай Жээнбековтің шешуші рөлін атап өтті. Беларусь билігінен кетпеймін деп қасарысып отырған Александр Лукашенкоға қарағанда Жээнбеков азаматтық танытқан сыңайлы. Белбасыға санкция салып жатса, Жээнбековке АҚШ, Ресей Федерациясы, Қазақстан, Ұлыбритания, Солтүстік Ирландия қолдау білдірді. Сонымен бірге БҰҰ, Түркі елдерінің парламенттік ассамблеясы, Еуропалық одақ та қолдау хаттарын жолдаған. Қырғызстанды одақтасы, стратегиялық серіктестігі деп білетін Ресей мұнда президент аппараты басшысының орынбасары Дмитрий Козакты кеңесші ретінде жіберіпті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Сооронбай Жээнбековті легитимді басшы деп, елдегі жағдайдың тезірек тұрақтануына тілектес болды.
14 қазанда Жоғары Кеңес премьер-министрді сайлап, президент оны тағайындау жөніндегі жарлыққа қол қойды. Сонымен бірге Қырғыз Республикасының үкімет мүшелері бекітілді. Келесі қадам Конституцияға сәйкес және халықаралық стандарттарға сай жаңа, әділ парламент сайлауын өткізу болмақ.
Сооронбай Жээнбековтің отставкасы жайындағы сарапшылардың пікірі қандай? Саясаттанушы Эмиль Джураев «Азаттық»-қа берген түсініктемесінде: «Елдегі жоғарғы билік мәңгі, тұрақты емес, ол халықтың қолдауына байланысты. Билікке қол жеткізуге болады, одан айырылып қалуға да болады. Сондықтан шынайы демократиялық билік қажет» деді. Ал, саясаттанушы, экс-дипломат Қазбек Бейсебаев болса: «Қан төккім келмейді, мен үшін ең бастысы елдің тұтастығы мен бірлігі дейді. Бұл принциптерді сайлау кезінде ұстануға кім кедергі келтірді? Сол кезде неге осындай мәлімдеме жасамады? Істерін істеп алып енді кеткелі жатыр. Бұл әрине көршіміздің ісі. Бірақ біздің де жауапты тұлғалар осыдан ой түйсе деймін», – дейді. Саясаттанушы, экономист, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан өзінің фейсбуктегі парақшасында Сооронбай Жээнбековтің мәлімдемесін салып үстіне «Еркек!» деп жазыпты.
Фото www.president.kg сайтынан алынды
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024