17-10-20 |
1540 рет қаралған
Жапаровтың үндеуі: «Бүгіннен бастап қылмыстық топтардың әмірі жүрмейді».
Жапаровтың үндеуі: «Бүгіннен бастап қылмыстық топтардың әмірі жүрмейді»

Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы Садыр Жапаров халыққа үндеу жолдап, елдегі саяси жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты қандай жұмыстар атқаратынын айтты. «Өкінішке орай, билік халықтың арманына көз жұма қарады. 2005 және 2010 жылдардағы халықтық революциялар бізге сабақ болмады», – деген Жапаров өз мақсаты – әділдік орнату екендігін жеткізді. «Бұрын саяси бәсекелестерді құртудың құралы ғана болып келген сыбайлас жемқорлықпен күрес енді шынайы жүзеге асуы тиіс. Сот реформасы президент аппаратының емес, қоғамдық бақылаудың көмегімен жасалатын болады. Сонымен бірге елдегі қылмыстық топтармен күреске айқын басымдылық беріледі. Бүгіннен бастап қылмыстық топтардың әмірі жүрмейді. Мен оған кепілдік беремін. Белгілі бір аймақта жұмыс істеу үшін бизнесмендер бұрынғыдай криминалдан рұқсат сұрамайтын болады», – деді Жапаров.
Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы мемлекеттік саясатқа жастарды тарту, парламентке өтетін барлық саяси партияларға тең мүмкіндік беру, экономикалық жағдайды тұрақтандыру, инвесторлардың сенімін қайтару және кәсіпкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын басты назарға алды. Мемлекеттік басқару аппаратын оңтайландыру, оған жаңа технологияларды енгізу арқылы шенеуніктерді қысқарту, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру де қолға алынбақ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.