28-12-20 |
1800 рет қаралған
Ақтөбеде қаңылтыр «қорада» тұратын 22 отбасының жағдайы өзгерді ме?.
Ақтөбеде қаңылтыр «қорада» тұратын 22 отбасының жағдайы өзгерді ме?

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Қарғалы ауылында 22 отбасы контейнерде тұрып жатыр. Осыған дейін желіде тараған вагон типтес үйде тұратын тұрғындардың видеосы көпшіліктің үрейін ұшырған еді. Қазақстандықтарды шошытқан, тұрмыс тауқыметін тартқан жерлестеріміздің жағдайы қазір қалай өзгерді? Қақаған аязда бүрсеңдеп отырғандарға қолдау көрсетілді ме?

Аrasha «қорада» тұрамыз деп көмек сұрағандарға арнайы барып, араша болуға тырысты.

Бұл жерде 30 жыл бұрын вахталық әдіспен жұмыс жасайтын геологтардың уақытша вагондары кейін тұрғын үйге айналып, жекешеленіп кеткен. Баспана статусы берілген контейнерлер жылу жүйесіне қосылып, онда салқын су да тартылған. Құжат бойынша әр отбасы бір вагонды баспана деп тіркетіп алған.

«Бұл жерде 1998  жылдан бері тұрамын. Кезінде геологтарға арналып салынған уақытша баспана. Қабырғасы 5 см болатын үйіміздің  іші пенопласт, сырты қаңылтырдан салынған.  Ақшамыздың жеткеніне қарай алған баспанамыз осы. Көршілерімнің бәрі де ауылдан көшіп келгендер. Үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бірақ құбырлар шіріп жатыр, үйде жылу жоқ. Салқын су үйге кіріп тұр. Жарық бар. Газ болмаған соң әр үй балон кіргізіп, соған тамақ пісіріп отыр. Иненің ұшында отырмыз. Жаман айтпай жақсы жоқ. Газ балонынан ақау кетсе, бітті»,- дейді тұрғын Еділбай Керімбаев.

Вагон қабырғалардың саңылауынан үйде отырып, даланы көруге болады. Аядай ғана бір бөлмеде тұратын отбасылар шай, тамақ дайындаған кездегі бумен жылынып отыр. Тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасылар көмектен үмітін үзген. Жағдайларын бірнеше жылдан бері айтып келсе де, мәселені шешкен ешкім жоқ.

«Осында 6-7 жылдан бері тұрып жатырмын. Жазда жұқа, қыста салқын. Қуыс-қуыстан жел кіреді. Есікті көрпемен қымтап отырмыз. Көмек сұрап бармаған жеріміз жоқ. Ешқандай нәтиже болған емес. Саңлаудың бәрін бітеп, салқын жерде өлместің күйін кешіп отырмыз», – дейді тұрғын Сарыалтын Шүйіншалина.

Ал жергілікті қалалық әкімдік жағдайды былай түсіндірді. 22 отбасының мәселесін шешу үшін тұрғындарға бірнеше нұсқа ұсынылатын болады.

«Ақтөбе қаласы Алматы ауданы, Саяжай көшесінде орналасқан №26 бір қабатты жатақхана вахталық әдіспен жұмыс жасайтын геологтардың уақытша тұруына арналып 1989 жылы салынған. Ал 1997-1999 жылдары тұрғындарға  жекешелендіруге рұқсат берілген. Коммуникациялық желілерден орталықтандырылған жылу және электр желілерімен қамтамасыз етілген, ал газ желісін жүргізуге үйдегі бөлмелердің көлемі сәйкес келмеген. Жатақханада 22 пәтер жалпы саны 77 адам тұрады. Олардың жағдайын жақсарту үшін қазіргі уақытта төмендегідей шешу жолдарын қаралуда:

–  Саяжай көшесінде орналасқан №26 үйдің аумағындағы жер учаскесінде құрылыс компанияларымен келісім-шарт арқылы көп қабатты үй салып,  әр тұрғынға үлескер ретінде баспана бөлу.

– Баспана алуға мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген, пайызы төмен несие бөлу.

– Мемлекеттік бағдарламалар арқылы салынып жатқан  шағын отбасыларға арналған баспаналарға  орналастыру», – дейді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қаңылтыр үйде тұратын  жалғызбасты 5 балалы анаға әкімдік уақытша тұратын баспана ұсынғандарын да айтады. Отбасыға жергілікті атқарушы органдар тарапынан көмек көрсетілген. Жалғызбасты келіншекке тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекке тұру туралы да кеңес берілген. Келіншек тәртіппен үй кезегіне тұруға асығар емес. Қазіргі уақытта ол баспанасыз ретінде еш жерде кезекте тұрған жоқ.

Жағдай алдағы уақытта да Аrasha-ның назарында болады.

 

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.