12-02-21 |
1440 рет қаралған
Қ. Тоқаев: Масқара жағдай болды.
Қ. Тоқаев: Масқара жағдай болды

Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев әділ сот төрелігін орнықтыруға тапсырма берген.   

«Жоғарғы сот төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген қауесет тарайды.

Осы орайда Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен сот тәжірибесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет. Сондай-ақ ІТ қызметтерінің талдау жасау мүмкіндігін пайдаланған жөн. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға барлық реформаның негізі адам игілігіне бағытталатынын ескертті. Сондықтан сот рәсімдері бәріне түсінікті болуға тиіс. Адам игілігіне бағытталған бұл әдіс биылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін әкімшілік әділет жүйесінің діңгегі болуы керек. Нәтижесінде мемлекеттік аппараттың азаматтармен жұмыс істеу жүйесі түбегейлі өзгереді. Бұл ретте маңызды реформаның табысты болуы соттардың кәсібилігіне тікелей байланысты.

«Былтырғы Жолдауымда соттарды жаңадан іріктеу үдерісін ашық етуге тапсырма бердім. Азаматтарымыз кімнің және сіңірген қандай еңбегі үшін сот болатынын білуге құқылы. Бұл мәселені кешіктірмей шешу керек. Соттарды біліктілігі жоғары кадрлармен жедел қамтамасыз ету – Жоғары сот кеңесінің маңызды міндеті. Сонымен қатар Жоғарғы сот кадрлардың тұрақтамау себебіне жан-жақты талдау жүргізуі қажет. Судья мамандығына мықты заңгерлер тартылуға тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды. Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды.

«Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды.

Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам  құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.