22-02-21 |
1940 рет қаралған
ҚазҰУ жерін алған компаниялар артында Құлыбаев тұр.
ҚазҰУ жерін алған компаниялар артында Құлыбаев тұр

ҚазҰУ-дың жекеге өтіп кеткен жері туралы шудан кейін оқу орнына «100 мектепте сүрінген» Жансейіт Түймебаев ректор болып барды. Шуды басу үшін жаңа ректор келгенімен, ұлттық университеттің жерін кім алды деген сұрақ жауапсыз қалды.

Бұған дейін ORDA.kz 2017 жылдың тамызында аумағы 0,7495 га жерді Алматы әкімдігі OMIREX ЖШС-ға уақытша пайдалануға бергенін, ал мүлікті ATLAS DEVELOPMENT ЖШС-ның жарғылық капиталына өткізіп жібергенін жазған.

Ras Aitamyn Telegram-арнасы бұл компаниялардың артында кімдер тұрғанын зерттеді.

2009 жылдың шілдесінде құрылған OMIREX компаниясының құрылтайшылары – Уразаева Фатима Мустафаевна мен Joint Technologies компаниясы. Ал Joint Technologies-тің құрылтайшылары – Сагдиева Раушан Михтаевна және «Кипрос» ЖШС. Ал «Кипрос» ЖШС-ның құрылтайшысы – елдегі ең дәулетті олигархтардың бірі, экс-президенттің күйеубаласы Тимур Құлыбаев. Яғни Құлыбаев «Joint Technologies» арқылы ҚазҰУ-дың жерін әкімшілік арқылы уақытша пайдалануға алған OMIREX компаниясына иелік етеді.

Раушан Сагдиева да, Фатима Уразаева да Тимур Асқарұлына жақын адамдар.

Фатима Уразаеваның ұлы Ерлан Упушев Тимур Асқарұлымен иық тіресіп жұмыс істеген. Ол «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның бас директоры қызметін атқарған. Ал “Шұбаркөл Премиум” АҚ-ның негізгі акционері – Тимур Құлыбаев иелік ететін “Joint Resources» АҚ. Сондай-ақ Упушев Құлыбаев пен өзінің анасы Фатима Уразаева иелік ететін көмір өндіруші «Майкубен вест» ЖШС-ның бас директоры болған. Тіпті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы президиум төрағасы Тимур Құлыбаевтың қолынан «Парасат» орденін алған.

Упушевтің анасы, 77 жастағы зейнеткер Фатима Уразаеваның да Тимур Құлыбаев компанияларымен байланысы бар. Оның жеке немесе жалға алынатын мүлікті пайдалану және басқарумен айналысатын «ТБН” компаниясы бар. Осы “ТБН-ның” тағы бір құрылтайшысы – «Mercury Properties» ЖШС. Ал «Mercury Properties» ЖШС-ның құрылтайшылары – Тимур Құлыбаевтың «Кипрос» компаниясы мен Динара Құлыбаева.

Уразаева мен Құлыбаевтың бизнес байланысы мұнымен бітпейді. «Demir Delux» ЖШС-ның құрылтайшылары да – Ф.Уразаева мен Құлыбаевтың «Кипрос» компаниясы. Premier Development Company» ЖШС-на да Фатима Уразаева мен «Joint Resources» АҚ арқылы Құлыбаев иелік етеді. «Joint Resources» АҚ-ға «ҚазАзот» АҚ-ның 50 пайыз акциясы тиесілі, сондай-ақ «Joint Resources» «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның негізгі акционері.

ҚазҰУ жер дауы мен әкімдік қаулысында аты аталатын тағы бір компания – ATLAS DEVELOPMENT ЖШС-ның да Құлыбаевқа тікелей қатысы бар. Бұл компанияның құрылтайшылары: Құлыбаев иелік ететін «Кипрос» ЖШС мен Сагдиева Раушан.

Раушан Сагдиева да Құлыбаевтың сенімді адамдарының бірі. Ол Құлыбаев иелік ететін «Кипрос» ЖШС-ның жетекшісі. «Кипрос» компаниясы арқылы Тимур Құлыбаев пен Сагдиева Раушан Ресейдегі «Росстройинвестке» иелік етеді.

Әкімдік қаулысында аты аталатын ATLAS DEVELOPMENT Әл-Фараби даңғылынан төмен, Есентай өзенінің батысындағы ҚазҰУ-ға жақын жерге иелік етеді. Ол аумақта жерасты паркингі бар көпқабатты үй салынбақ. ATLAS DEVELOPMENT-тің жерге иелік ету құқығы 2017 жылдың 9 қарашасындағы сату-сатып алу келісімшартымен бекітілген.
ATLAS DEVELOPMENT ЖШС «ҚазҰУ жерлерінің үшінші тұлғаларға өтіп кеткені туралы жекелеген адамдардың таратқан ақпаратында айтылған жерге өздеріне тиесілі аумақтың қатысы жоғын» мәлімдеген. Бірақ әңгіме ATLAS DEVELOPMENT-ке әкімдік арқылы өтіп кеткен мүлікте болып отыр ғой. Әкімдік мүлік ATLAS DEVELOPMENT-ке, ал жерді уақытша пайдалану Omirex-ке берілгенін айтқан. Бірақ бұл екі компания бір-бірімен байланысты, kompra.kz мәліметінше, 2016-2019 жылдары Omirex ЖШС ATLAS DEVELOPMENT ЖШС-ның құрылтайшысы болған.

Қалай болғанда да жер дауындағы тізбектің бәрі Тимур Құлыбаевқа апарады. Forbes дәулетін 3,1 миллиард долларға бағалаған, онсыз да көл-көсір байлыққа ие миллиардерге ҚазҰУ-дың ұлтарақтай жері не үшін керек болды екен?

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.