12-04-21 |
1780 рет қаралған
Қарағанды жоғалған депутатты тікұшақпен іздеп жатыр.
Қарағанды жоғалған депутатты тікұшақпен іздеп жатыр

Қарағанды облысы Нұра ауданында кәсіпкер, шаруа қожалығының басшысы және «Нұр Отан» депутаты Нұрлан Сүлейменовтың жоғалып кеткеніне үш тәуліктен асты.

1958 жылы туған кәсіпкер 8 сәуірге қараған түні Кәрім Мыңбаев атындағы ауылдан Тассуат ауылына көлікпен шыққан.

Жергілікті тұрғындар шаруа қожалығының иесі суға батып кетуі мүмкін деп болжайды. Өйткені сол түні жолды еріген қар суы басып, көпірді көру мүмкін болмай қалған.

Алайда Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствода 8 сәуір күні Нұра ауданында су тасқыны болмағанын хабарлады. Жолды кейін су басқан. Қазіргі уақытта су тасқынының салдары жойылды, елді мекендерді су басу қаупі жоқ, деп хабарлады ведомство.

«Нұра ауданында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпкердің жоғалғаны туралы хабарлама 10 сәуірде сағат 3.00-де түсті. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖД, полиция және жергілікті тұрғындар жұмылды. Іздестіру жұмыстарына тікұшақ тартылды», – деді ТЖД баспасөз қызметі өкілі.

Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінде іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы да айтылды. Ведомство мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта хабар-ошарсыз кеткен ер адамның көлігі табылған. Көлік Нұра өзенінен табылып, судан шығарылды. Жоғалған кәсіпкерді іздеу жалғасып жатыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.