31-05-21 |
2940 рет қаралған
Тарихшы: Үкімет ашаршылық қасіретін ресми түрде мойындауы тиіс.
Тарихшы: Үкімет ашаршылық қасіретін ресми түрде мойындауы тиіс

Бұл туралы ашаршылық тақырыбын жарты ғасырға жуық зерттеп жүрген тарихшы, ғалым Талас Омарбеков айтты. Ол үкіметтен ашаршылық жылдардағы қазақ тағдырының қасіретін мойындауды сұрады.

31 мамыр – Қазақстанда саяи қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Алайда осы күнді көбі еске алумен ғана шектеліп жүр. Зерттеушілер мен сарапшылар  Қазақстандағы ашаршылық ресми түрде геноцид деп танылуы тиіс деп бағалайды. Жақында үкіметте бұл мәселені саясиландырмау туралы пікір де айтылды.  Тарихшы, ғалым Талас Омарбеков Stan.kz-ке сұқбат берді.

«Көкейімде миллиондаған қырылған адам тұр, олардың қалай өлгенін архивте отырып, оқыдым. Архивте ұзақ жылдар бойы отырдым. 5-6 жыл өткен соң бетперде тағып отыратын болдым. Өйткені 1926-30-жылдардың қағаздарын ашқан кезде бұрқ-бұрқ етіп шаңы шығатын. Осы шаңның бәрін жұтып, кешке таман тыныс ала алмайтындай жағдайға жеттім. Әбден тазаланып, жуынып, сүт ішіп, ертесіне архивке қайта барамын. Тарихшының жолы оңай жол емес».

Ашаршылықты жақсылап зерттеп, том-том кітап шығару қажет. Әрине, куәгерлердің бәрі көз жұмды. Қазір аталарының айтқанын айтып жүрген немерелер бар. Сол естеліктерді жазып алу керек. Архивтегі ашаршылық жайлы құжаттарды реттеу қажет. Оларға ғылыми баға беруіміз тиіс.

Парламент, үкімет ашаршылықтың адам айтқысыз қазақ тағдырында үлкен қасірет болғанын ресми түрде мойындауы тиіс. Геноцид демесе де, мойындауы керек. Қазақ тарихында мұннан асқан қасірет болмағанын мойындайтын ресми заң қабылдау қажет. Барлық ірі қалаларда ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылуы тиіс. Әр облыста қанша адам қырылғаны жайлы мәлімет жазылуы тіис. Бір күнді белгілеп, сол күні Құран оқып, ашаршылық құрбандарын еске алып, қоғамдық-саяси шаралар өткізіп, ақпарат құралдары осы туралы жазып, жалауымызды төмен түсіріп, қайғыруымыз керек. Қазақстан 30 жылда бір рет қайғырған жоқ. 

Қазір 31 мамыр еске алу күні. Қасірет күні деп, президенттен бастап орнынан тұрып еске алса, жалауымыз бір күн төмен салбырап тұрса, мешіттерде Құран оқылса. Ұрпақты соған тәрбиелесек. Қазақстанның жаңа ұрпағы ата-бабаларының қасірет ұмытпау үшін тәуелсіз Қазақстан қандай қиындықпен келгенін білу үшін маңызды. Ең бастысы ата-бабаға деген құрмет сезімін туғызу үшін керек. Қазақстанның патриоты болып қалыптасу, отансүйгіштіке баулу үшін маңызды»,-дейді тарихшы Талас Омарбеков.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.