03-07-21 |
1090 рет қаралған
Асқар Мәмин отставкаға кету керек.
Асқар Мәмин отставкаға кету керек

Елді қуаңшылық жайлап, қымбатшылық қысып барады. Үкімет маусымаралық картоп пен сәбіз тапшылығын жоя алмады. Премьер-министр Асқар Мәмин президент Тоқаевтың қымбатшылықпен күресу туралы тапсырмасын орындай алмады. Картоп пен сәбіз тапшылығын жою үшін 7 күн жұмыс сапарымен көрші елдерге барып қайтқан сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өзбек шиесін сатып алу үшін 500 мың долларға келісіп қайтты. Сұлтановтың жария есебінде картоп пен сәбіз туралы бір ауыз сөз жоқ. Министр Қазақстаннан алдына қандай мақсат қойып, Мәминнен қандай нақты тапсырмамен шыққанын жолшыбай ұмытып кеткенге ұқсайды. Бұл – Мәмин үкіметі картоп пен сәбіз мәселесін шеше алмады деген сөз. Маусымаралық мұндай тапшылықты шешу қолынан келмеген үкіметтің қымбаттап әрі тапшы болып тұрған жанар жағар май мәселесін шешеді дегенге Мәминнің өзінен басқа ешкім сенбейді. Тіпті президент Тоқаевтың өзі сенбейді. Мәмин тек экс-президент Н.Назарбаевтың сенімді адамдарының бірі болғандықтан да үкімет басшысының креслосын да нық отыр. Әйтпесе үкімет басқарған жылдары ішінде халықпен бір-бірде жүздесіп, ауыл-аймақты аралап, елдің шынайы жай-күйін білген емес. 

Мәселен, 1 шілдеде реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Тоқаев: «Кабинетіміздің сыртындағы өмір күрделі бағытта дамуда. Қазір біз ең қажетті деген азық-түлік бағасының шарықтауына, жалпы инфляцияның өсуіне қатысты шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұдан бөлек халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қыруар мәселе бар. Мысалы, қуаңшылық мал шаруашылығына кері әсер етіп отыр.», – деді.

Президент айтып отырған азық-түлік бағасының шарықтауы, халық тұрмысына қатысты қыруар мәселе – тікелей Мәмин үкіметінің шаруасы. Шаруа шешілмеген. Өмір қиындап барады. Үкімет тікелей міндетіне кіретін жұмысты атқара алмай отыр. Демек елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал бұдан әрі күрделенбей тұрғанда Асқар Мәмин орнын босатуы керек. Премьер-министр отставкасы туралы сөз қымбатшылық қыса бастаған кезден бері айтылып келе жатыр.

Жалпы Мәмин шаруашылық адамы емес. Негізгі мамандығы – инженер-құрылысшы, кейін экономист атанған. Шаруашылыққа қыры жоқ, туындаған мәселелерді шеше алмайтыны Астана қаласы әкімі болып тұрғанда, «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған жылдарда анық көрінген. Өзге қызметтерінің бәрі – кабинеттен шықпай, жиналыспен өткен жан.

Айтпақшы, әнеугүні қымбатшылыққа қатысты Мәмин сынға ұшырағанда орыс тілді сарай сарапшылары «Мәмин Тоқаевқа да Назарбаевқа да жағып отырған, тілін тауып отырған адам» десіп шуылдаған. Бірақ Мәмин халыққа жағып, қоғамның тілін тауып отыр деу қиын…

Arasha

Редакция: Алда Мәмин үкіметі жұмысына қатысты сарапшылар пікірін жариялайтын боламыз!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.