21-07-21 |
1560 рет қаралған
«Қуаңшылық болатыны белгілі еді, болжам болды»: Сапарбаев әрекет ете алмаған үкіметті сынады.
«Қуаңшылық болатыны белгілі еді, болжам болды»: Сапарбаев әрекет ете алмаған үкіметті сынады

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың жағдайды біле тұра, әрекет етпегенін айтты. 

Журналист Нартай Аралбайұлы YouTube-каналындағы сұхбатында Сапарбаевтан қуаңшылыққа байланысты қызметінен кеткен бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың отставкасын қолдайсыз ба деп сұрады.

«Қолдаймыз, әрине. Ол ауыл шаруашылық министрі болды, сол салаға жауап беретін. Министр жергілікті әкімдермен жұмысты ұйымдастыруы керек. Оның үстіне биыл қуаңшылық болатыны белгілі еді, болжам болды», – деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.

Ол биыл көрші Қырғызстанда да су тапшы екенін атап өтті. Бұл туралы Sputnik Қазақстан жазды. 

«Біз судың сексен пайызын Қырғызстаннан аламыз. Қырғызстанның өзіне су жетіспей жатыр. Ол жақтан суды Қызылорда, Түркістан облысы алады. Яғни алдын ала белгілі болды. Соған сай жұмыстар жасауы керек еді. Өкінішке қарай осылай болды», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Сапарбаевқа «дәл қазір үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма, жоқ па?» деген сауал қойылды.

«Қуаңшылық табиғаттың ісі ғой енді. Бірақ, менің ойымша, бұл жерде ең бірінші жұмыс істейтін –  жергілікті әкімдер. Болжам бар ғой. Мысалы қазір шілде айында бір тамшы жаңбыр жаумайды. Яғни, біз ертең өзімізге керек шөпті қалай жинап аламыз деп ойлануымыз керек. Бізге 1 миллион 700 мың тонна шөп керек. Қазір шаруаларға қандай шөп бар, соның бәрін орып алыңдар деп айтып жатырмыз. Шілде осындай болса, тамыз айы қандай болатынын біз білмейміз. Қанша дегенмен қазақпыз ғой, «ертең егінді жинап алғаннан кейін, қыркүйек-қазанда шөпті жинап аламыз деп» асықпаймыз. Бірақ ауа райы осындай болып тұра берсе, күзде қандай шөп болады?!», – деді өңір басшысы.

Бұған қоса, ол қазір министрлікпен орман қорындағы жерді жайылым, шабындыққа пайдалану бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Біз комиссия құрдық. Мен оларға әрбір ауыл, үйді-үйді аралап, қанша малы бар, шөп жинады ма, жоқ па, сұрау керек екенін айттым. Шөп жинамаса, ертерек қимылдасын. Әрине, биліктің де кінәсі бар шығар. Бірақ, ең алдымен, жергілікті халық өз мүмкіндіктерін толық пайдалануы керек», – деді Сапарбаев.

10 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты қызметінен босатты.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.