21-07-21 |
1480 рет қаралған
Қуаңшылық жайлаған Маңғыстауға екі айдан кейін келген Мамин мазаққа қалды.
Қуаңшылық жайлаған Маңғыстауға екі айдан кейін келген Мамин мазаққа қалды

Қуаңшылықтан қиналған Маңғыстау жұртына екі айдан кейін келген Асқар Мамин халықтың сынына қалды. Танымал кәсіпкер Санжар Боқаев премьер-министрдің Маңғыстауға бару үшін 60 күн ойланғанын жазды.

Бүгін Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды. Онда құрғақшылықтан зардап шеккен аудан әкімдерінің жем-шөппен қамтамасыз ету жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Ресми ақпарат көздері Маминнің құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге көмектесуге тапсырма бергені туралы хабарлады. Ал әлеуметтік желіде көпшілік «Мамин қолын мезгілінен кеш сермеді» деп жарыса жазуда.

«Премьер-министрге мәселені түсіну және тиісті тапсырмалар беру үшін 60 күн қажет болды», – деп жазады кәсіпкер Санжар Боқаев Facebook-те.

Желіде премьер-министрді сынға алған танымал кәсіпкер Санжар Боқаевтың пікірімен келіскендер көп.

Кәсіпкер Маңғыстаудағы қуаңшылық туралы көктемнен бері БАҚ бетінде айтылып келе жатқанын еске салады. Қабырғасы көрініп, жаппай қырылған жылқылар туралы ақпараттың мамыр айынан бастап шыққанын жазған.

Шешімдер ұзақ қабылданды. Егер үкімет дәл уақытында қимылдап, тиімді әрекет етсе, қаншама жылқыны аман алып қалуға болар еді. Ертең бұдан өткен қасірет туындаса ше? Мен адамдар үшін қорқамын… Үкіметтің қолынан мәселе шешу келмейді. Жылқылармен болған жағдай адамның басына түссе ше? Мыңдаған адамның өмірін сақтай алмай қаламыз”, – деп жазды Боқаев.

Кәсіпкердің ойын қолдап, пікір білдіргендер аз емес. Халық Тоқаевтың өзі жиі сынға алатын үкіметтің мәселені шешетініне  сенбейді.

Айта кетейік, үкімет Маңғыстау облысында аналық мал басы үшін азыққа жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 миллиард теңге бөлді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.