25-08-21 |
2030 рет қаралған
Тілшіні «лақтырып», Балаеваны сөйлеткен әкім неге ел алдына шықпайды?.
Тілшіні «лақтырып», Балаеваны сөйлеткен әкім неге ел алдына шықпайды?

Алматыда журналисті әкімдік ғимаратынан күштеп шығарған оқиға еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның өзін шошытты. Әкімдікке қызметтік тексеру жүргізуді сұраған министр тілшілердің кез келген жерде өздерін еркін сезінулері керек екенін айтты.

Алматы қаласы, Алатау ауданында әкімнен сұқбат алуға келген журналисті ғимарат күзетшілері көтеріп алып, сыртқа лақтыра салды. Оқиғаға ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева желідегі парақшасында пікір білдірді. 

«Журналист Ақбөпе Тәңірбергенге күш қолданған теріс әрекеті интернет желісінде қызу талқыланып жатыр. Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті де ушықтырып отыр. Бұл әрине өте өкінішті және біздің бүгінгі “еститін мемлекет”, “ашық әкімдік” қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы. Бұл жағдайға қатысты, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет»,- деді Балаева. 

Қазіргі уақытта оқиға шиеленісе түсті. Күзетшінің еркінен тыс сүйреуінен кейін денесі көгеріп қалған телеарна тілшісі полицияға арыз түсірген. «Хабар 24» журналисі Ақбөпе Тәңірберген оқиғаның видеосын Facebook желісінде жариялады. Кадрлардан күзетші журналист қызды лифтке жібермей тұрғанын көруге болады. Кейін ер адам көтеріп, сыртқа шығарып, есікті жауып алады.

Журналист полицияға арыз түсіргенін мәлімдеді. 

 

© instagram.com/akbope_tanirbergenОқиғаға қатысты бірден пікір білдірмеген Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі жағдайға былай түсінік берді.

«Қолданыстағы карантин шектеулеріне байланысты Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратына кіру шектелген және Ashyq қосымшасы бойынша жүзеге асырылады. Журналист А.Тәңірберген оператормен бірге ғимаратқа қосымшадағы өз мәртебесін сканерлемей, турникеттің астымен өткен, бұл туралы тиісті бейнежазба бар», – дейді әкімдік өкілдері.

Әкімдіктегілердің сөзінше, БАҚ өкілдері күзет қызметі қызметкерлерінің ескертулеріне жауап бермей, жанжалды шығарған. Алайда күзетші де жазалануы мүмкін.

«Алатау ауданының әкімдігі күзет қызметі қызметкерінің әрекетін қолайсыз екенін ресми түрде мәлімдейді. Бұл әрекеттері үшін қызметтік тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады. Сонымен қатар, әкімдік БАҚ өкілдерімен конструктивті негізде жұмыс істеу үшін ашық және өз құзыреті шеңберінде қызығушылық танытқан ақпаратқа қол жеткізуге дайын екенін атап өтеді. Аудан әкімі журналистерге сұхбат беруге дайын», – дейді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімдігі өкілдері.

«Хабар 24» бас директоры Алена Горбачева телеарна атынан арыз жазылатынын мәлімдеді.

Оқиға қоғамның қызу талқысына түсті. Көпшілік : «күзетші — қарапайым қызметкер, «журналистерді кіргізбе!» деп бұйрық берген әкімнің өзі шығар», — деген болжамын алға тартады.

Қоғамның назарына іліккен Алатау ауданының әкімі — Азамат Бескемпірұлы Қалдыбеков. 36 жастағы шенді Тараз қаласының тумасы. 2020 жылдың қаңтарынан бері Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болып жұмыс істейді. Ол бұл қызметке Президенттік жастар кадрлық резервіне енген талапты жас ретінде тағайындалған. Мемлекеттік қызмет саласында 8 жылдық еңбек өтілі бар. Үйленген, екі баласы бар. 

Азамат Қалдыбеков туралы деректерді іздестірген БАҚ өкілдері оның Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болып тағайындалуы кезіндегі сұқбаттан үзінді ұсында. Онда  шенді:

«…Стратегиялық қалалық жоспарлар бар, бағдарламалар бар. Бірақ осыны өңірлерде жүзеге асыруда көптеген жаңалықтар, көптеген өзіндік креативті жолдарын табуды жөн көрдім. Соны халықпен тығыз байланысу, халық пен мемлекет қызметшілер арасында барьерді жою өзімнің басты талабым деп көремін», — деген екен. 

Әкімдікте болған оқиғадан кейін шенеунік айтқан «креативті жолды» түсінбеген көпшілік халықпен байланыс орнатып, естуші үкімет жасай алмаған шендінің ел алдында жауап беруін талап етті. 

 

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.