21-11-21 |
1370 рет қаралған
Тоқаев: АЭС салуға нақты шешім қабылдауымыз керек.
Тоқаев: АЭС салуға нақты шешім қабылдауымыз керек

Пиезидент Тоқаев АЭС салу туралы кезекті рет өз ойын айтты. «Біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек», – деді ол Алматыға жасаған сапары кезінде болған қаржы секторының өкілдерімен кездесуде.

«Түптеп келгенде, біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау, – деді президент.

Президенттің «Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау» деген сөзі Тоқаевтың Қазақстанда АЭС салуды тиімді көретіні және өзінің президенттік мерзімі аяқталғанша шешім қабылдайтынын аңғартады. 

Президент АЭС салу туралы бұрынғы айтқандарында халық пікірі ескерілетінін атап тұрып айтатын. Бұл жолы елдің көзқарасы туралы айтпады.

2019 жылы президент Тоқаев Ресейге барғанда Ресей президенті Қазақстанда Ресей технологиясымен АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл қоғамда қызу талқыланған.

Кейін сол кездегі энергетика министрі Қанат Бозымбаев: «Халық пікірін ескеру дегеніміз не? Бұл халық арасында сауалнама жүргізу немесе референдум өткізу. Сондықтан алаңдамаңыздар: егер АЭС салынса, міндетті түрде ол жайлы естисіздер, білесіздер. Халық өз пікірін айтады. Егер «жоқ» десе, ешкім ештеңе салмайды. Сіз бен біз Семей сынақ полигонын бастан өткердік, мұны жақсы түсінеміз. Қаншама адам зардап шекті. Бұл жады – оны «гендік жады» деп атаймыз. Бұл қоғамда АЭС-тің салынбауын қолдайтын көңіл-күйді қалыптастырып отыр. Қалай болғанда да, АЭС салу бойынша жоспар, шешім қабылданған жоқ» деген еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.