31-05-22 |
2490 рет қаралған
«Қылмыс істегендерді жазасыз қалдыруға болмайды».
«Қылмыс істегендерді жазасыз қалдыруға болмайды»

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

– Жалпы, «Қаңтар оқиғасының» құпиясы толық ашылған жоқ. Көпшілікті айтпағанда, билікті басып алуға мүдделі топтардың, ықпалды адамдардың да қақтығысқа қатысқаны анық. Бұған оқиғадан кейін жауапты қызмет атқарған көптеген адамның тұтқындалғаны дәлел. Шын мәнінде, қақтығысты ұйымдастырып, жастарды арандатқан ықпалды топтардың мақсаты – билікті басып алу болды. Теріс діни бағыттағы топтарды да араластырғанын білеміз. Ауғанстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мен Тәжікстан сияқты елдерден содырларды шақыртқан. Әуелде бейбіт шеру болғаны рас еді. Кейін жаңағы айтқан топтар алаңда жүргендерді арандатып, айтқанына сендіріп, бәрін бүлдірді.

Конституцияда еліміздің демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екені анық жазылған. Алайда олигархтардың ықпалы артып кеткеніне жұрт наразы болды. Ақыры наразы жұртты солардың өзі арандатып, көптеген жазықсыз жан құрбандыққа кетті. Мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылып, қылмыс істегендерді жазасыз қалдыруға болмайды. Жауапты ғимараттарын қараусыз қалдырған құқық қорғау органдарының басшыларын көрдік. Қару-жарақтарды ашықтан-ашық қалдырып, жағдайдың одан әрі ушығуына солар мүмкіндік берді. Соның кесірінен басбұзарлар әкімдікті, маңызды мекемелердің, дүкендердің ғимаратын қиратты. Мемлекетке қыруар шығын келді. Қаншама жазықсыз жандар белгілі бір топтың «ойраны» салдарынан қаза болды. Бейбіт шеруге шыққандар, полиция қызметкерлері құрбан болды.

Біртіндеп өзгерістер болып жатыр, алайда әлі сабақ алатын дүниеміз көп. Мемлекет халықтың материалдық әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыстануы тиіс. Соған сай халық та ескерер дүние көп. Жалған ақпаратқа сене бермей, арандап қалмауды үйрену керек. Біреу ұрандатты екен деп қаланы бүлдіріп, қолына түскенін шағып жүрсе, қандай өзгеріс, қандай бейбіт шеру болмақ. Осының бәрін алдағы уақытта ойлап, сүзгіден өткізіп сараптап, барлық салада реформа жүргізе берген жөн.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.