17-06-22 |
1570 рет қаралған
Брекешевтың «QazaqGaz» компаниясындағы жемқорлық дауына қатысы бар ма?.
Брекешевтың «QazaqGaz» компаниясындағы жемқорлық дауына қатысы бар ма?

Серікқали Брекешев журналистерден не үшін қашты? Бұған дейін «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов өзі басқарған компанияның бұрынғы басшыларының жемқорлығы туралы айтқан болатын.

Басқарма төрағасының айтуынша, 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық бұзушылықтар табылып, оның ішінен 123 млрд теңгесі құқық қорғау органдарымен анықталған. Бұл жемқорлыққа ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтың қатысы бар ма?

Кезінде «ҚазТарансГаз» компаниясын Дариға Назарбаеваның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаев басқарса, оның қол астында Экология министрі Серікқали Брекешев қызмет істеген еді. Серікқали Аманғалиұлы Мәжіліске келгенде журналистер осы мәселені министрдің өзіне қоюға тырысты. Бір қызығы министр сұраққа жауап беруден жалтарып әбден састы.

«2015-2020 жылдары арасында сіз «ҚазТрансГаз» компаниясында қызмет еттіңіз. Қазіргі таңда «QazaqGaz» деп аты өзгерген компанияның қазіргі басшысы Санжар Жәркешев ол жерде миллиондаған қаражаттың заң бұзушылығы болған деп айтты. Бұл Қайрат Шәріпбаевтың тұсы болуы мүмкін және сіз ол кісінің қол астында жұмыс істедіңіз. Қаражаттың қайда кеткенін аудит жұмыстары анықтай жатар. Бірақ сіз сол жылдары қызмет атқарған өз жұмысыңызға көңіліңіз тола ма?», – деп сұрады ulysmedia.kz сайтының журналисі Аян Өрібай.
Министр журналистің сұрағын мұқият тыңдап алып «Жақсы» деп бұрылып кетпекші болды. Осы кезде өзге журналистер министрдің сұраққа жауап беруін талап етіп, қыспаққа алды.

Министр мырза сұраққа неге жауап бермейсіз?

– Асығып бара жатырмын.

Асығып бара жатсаңыз бізге 5 минут уақыт бөліп, сұраққа жауап беріңіз. Қайрат Шәріпбаевтың кезінде жұмыс істедіңіз және ол жерде жемқорлық болғаны айтылды. Сіздің бұл жемқорлыққа қатысыңыз бар ма?

– Жоқ.

Нақты қандай дәлел келтіре аласыз? Ол жерде миллиардтаған қаржы ұрланған. Сіз Қайрат Шәріпбаевтың қол астында жұмыс істедіңіз ғой…

– Енді не істеймін мен? Мыңдаған адам сол кісінің қол астында жұмыс істеді ғой.

Сіз Қайрат Шәріпбаевтың арқасында министр болды деген әңгіме шықты. Бұған не дейсіз?
– …
Министр мырза сіз қашпай жауап беріңіз…

– Қазір жиналысым бар. Сізге менің жауабым керек болса, кабинетіме жүріңіз. (Осы кезде министрдің баспасөз жетекшісі Олжас Беркінбаев «Журналистерді түстен кейін шақырайық» деді). Толық ақпаратты беремін. Сіздің қандай сұрағыңыз бар?

Сіз Қайрат Шәріпбаевтың кезінде «ҚазТрансГаз» компаниясында қызмет еттіңіз. Ал «QazaqGaz» компаниясының қазіргі басшысы (Санжар Жәркешев – СҚ) сіздерді яғни бұрын компанияда қызмет еткен адамдарды жемқорлықпен айыптап отыр. Егер сіз бұл сұраққа жауап бермесеңіз демек сіздің бұған қатысыңыз болып шықпай ма?

– Менің сіз айтып отырған мәселеге ешқандай қатысым жоқ.

– «ҚазТрансГаз» компаниясында қай салаға жауап бердіңіз?

– Менің өмірбаянымды қарап, көріңіздер. Онда нақты жазылған.

Сіздерді жемқорлыққа қатысы бар деп айтып отыр ғой…

– Тағы да қайталап айтамын: Жемқорыққа менің ешқандай қатысым жоқ.

Қайрат Шәріпбаевтың арқасында министр болды деген сөзге не айтасыз?

– Кім айтып жатыр?

– Баспасөзде солай жазылды.

– Соны жазған адамнан сұрап алыңыз.

P.S. Түстен кейін Серікқали Аманғалиұлы 4-5 журналисті қабылдады. Алайда министрдің баспасөз хатшысы «Видео немесе аудио жазбай-ақ қойсаңыздар» деп өтініш айтты. Егер Серікқали Брекешев ашық сұхбат бергісі келмесе бұл кездесуінің не қажеті бар еді?Б

ірақ кездесуде министр Қайрат Шәріпбаевқа қатысты өз ойын айтты. Серікқали Аманғалиұлы Тоқаев Шәріпбаевты қабылдағаннан кейін өзінің министр болғанын байланыстыратынын жасырмады. Сондай-ақ ол сөз арасында Қайрат Шәріпбаев «Жақсы адам» деп айтып қалды. Дариға Назарбаевның күйеуі делінетін адам Брекешев үшін жақсы шығар, алайда қарапайым халық әлкетке қатысты адамдарды жақтырмайтыны анық.

Серік Құдайбергенұлы

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.