08-11-22 |
1040 рет қаралған
Астана полицейлері ер адамды мұзды судан құтқарды.
Астана полицейлері ер адамды мұзды судан құтқарды

Бүгін таңғы сағат 05.30-да полицияның 102 арнасына Сарыарқа даңғылындағы көпірден ер адамның өзенге секіргені туралы қоңырау келіп түсті.

Оқиға орнына құрамында взвод командирі Самат Сәбит, полк инспекторлары Сәкен Тасқын және Ринат Мұхамеджанов бар патрульдік полиция экипажы дереу келді. Аталған орынға келгеннен кейін полицейлер суға батып бара жатқан адамды көреді. Бір секундты да жоғалтпай, Самат Сәбит жағаға жүгіріп барып, тез арада бушлат пен бас киімін шешіп, суға батып бара жатқан адамға көмектесу үшін мұзды суға кіріп кетеді. Осы уақытта Сәкен Тасқын көпірден құтқару шеңберін лақтырады, алайда ер адам ешқандай әрекет танытпайды. Взвод командирі ер адамға жүзіп барып, оны ұстап алып, әріптестері, құтқарушылар және жедел жәрдем бригадасы күтіп тұрған жағаға қарай тартып әкеледі.
Полицейлер 51 жастағы ер адамның мұндай қадамға баруының себептерін анықтауда. Болған оқиғадан кейін полиция жасағы қызметін әрі қарай жалғастырған.

«Қуанышымызға орай, ер адамның күртешесі суланып үлгермеген болды, ішіне ауа үріліп, оны су бетінде ұстап тұрған. Мен оны мықтап ұстап, жағаға сүйреп апардым. Бірақ мұзды суда аяғым тартылып, ұстап қалды”, – деп еске алды полиция қызметкері.

Самат Сәбит ішкі істер органдарында 2011 жылдан бері қызмет атқарады, төрт бала тәрбиелеп отыр. Өз өмірін қатерге қия отырып, батып бара жатқан адамның артынан суға секірген ержүрек, батыл азаматтың әрекеті көпке үлгі. Саматтай жігіттердің еңбегі елеусіз қалмаса екен, тіптен пәтер жалдап жүрген көпбалалы азаматқа пәтер сыйласа да артық болмас еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.