30-11-22 |
890 рет қаралған
Олигархтар Екібастұздағы проблеманы халықтың мойнына ілмекші – депутат.
Олигархтар Екібастұздағы проблеманы халықтың мойнына ілмекші – депутат

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Екібастұз қаласына барып, тығырыққа тірелген жұртшылықтың пікірін тыңдады. Бұл туралы депутат Ерлан Сайыров Мәжілістің жалпы отырысында мәлім етті, деп жазды Azattyq Ruhy.

«Энергетика саласының негізгі проблемалары мынада: магистральдық желілер тозған (мысалы Екібастұзда желінің тозу дәрежесі 91%-ды құрайды), ЖЭО-да күрделі жаңғырту процесі жоқ, инфрақұрылымға инвестициялар тартпайды.

Олигархиялық топтар түрлі жолдармен, әділетсіз тәсілдермен басқарушы стратегиялық нысандарды иемденіп алған, ондаған жылдар бойы осы халықтан пайда көріп, алайда бүкіл ел бойынша магистральдық желілер мен ЖЭО-ларды жаңғыртуға қаражат жұмсамаған», – дейді депутат ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, олигархиялық топтар бұл объектілердің пайдасын сүліктей сорып, енді проблеманы мемлекетке, халыққа ілмекші. Өз сөзінде депутат бірқатар мәселелерге назар аудару қажеттігін айтты.

«Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мына мәселелерге баса назар аударуы қажет деп есептейміз. Энергетика кәсіпорындарын толық техникалық аудиттен өткізу; жылу электр орталықтары, магистарльді трубалардың тозу дәрежесін анықтай отырып, халықтан алынатын тарифтердің инвестициялық бөліктерінің қайда кеткендігін анықтау; жылу электр орталықтары мен магистарльдардың техникалық жағдайы үшін кәсіпорын акционерлерінің құқықтық жауапкершілігін қарастыру; жалпы энергетика стратегиялық сала болғандықтан қоғамдық бақылау орнатуға жан-жақты көңіл бөлу керек», – деді Ерлан Саиров.

Айта кетейік, Ерлан Саиров Azattyq Ruhy тілшісіне Екібастұздағы жағдайға қатысты пікір бере отырып, олигархтарды халықтан кешірім сұрауға шақырған болатын.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.