09-12-22 |
1530 рет қаралған
«Қайғылы Қаңтар: Өрт пен Хаос» филімінің екінші сериясы шықты (Видео).
«Қайғылы Қаңтар: Өрт пен Хаос» филімінің екінші сериясы шықты (Видео)

«Алматы» телеарнасы бүкіл еліміз үшін ауыр сынақ болған үлкен қасірет туралы журналистік зерттеу жанрындағы 5 бөлімді деректі фильмнің екінші бөлімін ұсынды.

Фильмде эксклюзивті сұхбаттар және бұған дейін беймәлім болып келген фактілер ұсынылды. Сонымен қатар, авторлар қанды бүлік пен сұмдық алапатқа айналған наразылықтың толық хронологиясын қалпына келтіруге тырысқан.

Екінші бөлімнің бір эпизодында «Алматы» телеарнасының журналистері, солардың ішінде фильм авторларының бірі Назым Мәлікқызы наразылық білдірушілерден курсантты ұрып-соқпауын өтінгені көрсетілген. Сол күні түсіру тобы қалалық әкімдікті басып алу кезінде соққыға жығылған он шақты курсантты құтқарып, таксимен алып кеткен.

«Бастапқыда бірдеңені қиратуға, бүліншілік жасауға ешкім үндеген жоқ. Мұны жоққа шығармауымыз керек. Онда әр түрлі топ өкілдері жүрді. Бірақ, өкінішке қарай, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Бірақ, ол кезде билікке өз талабын жеткізгісі келген наразылық білдірушілердің 95 пайызы алаңнан кетіп қалғанын атап айтқым келеді. Арандатушылар бөгет жасағандықтан, оларды ешкім тыңдаған жоқ», – дейді азаматтық белсенді, саясаттанушы Мақсат Жақау.

5 қаңтар күні Алматыдағы жағдай тіпті қиындап кетті. Әкімдік пен резиденция өртке оранды, бірнеше полиция бөлімшесі қоршауда қалды, ал әуежайды бүлікшілер жартылай басып алды.

«Күштік құрылымдарды, стратегиялық нысандарды, масс-медиа ғимаратын басып алу – мемлекеттік төңкеріс жоспарының айқын белгісі», – деп есептейді сол күндері Қазақстандағы жағдайды мұқият қадағалаған Грузияның әскери саясаттанушысы Вахтанг Маисая.

Кейін полиция департаментінің алдында екі мыңға жуық адам жиналды. Қарулы топтар күштік құрылымдардан берілуін, қоймадағы қару-жарақты беруін талап етеді.

«Бұл ұйымдасқан топ болатын. Жақсылап дайындалған. Олардың бәрінің қолында әскери қару болды. Ал әскери қаруды екінің бірі қолдана алмайды. Қару ұстаған жай адам көздегеніне дәл тигізуі мүмкін емес. Олар тірі адамдарға оқ атты. Ғимараттың ішінде бар екенімізді білсе де тоқтаған жоқ», – деп еске алады полиция бөлімінің аға инспекторы Ботагөз Есенова.

Полиция департаменті қоршауда болған кезде қарулы топтар күштік құрылымдар қорғауға алмаған әуежайға шабуыл жасай бастады. Әуежай аумағының алдына арнайы киім киген өз адамдарын қойып қойған.

«Шамамен 15 адамнан тұратын топ келді. Бәрі қаруланған, біреуінің бытыралы мылтығы, біреуінің қолында балтасы бар, тағы бірі білік темір ұстап алған. Қалғандарының бәрінің қолында – келдек. Олар ұшаққа келіп, траппен жоғары көтерілді, сосын ұшақтың есігін ашпақ болды. Біз есікті ішінен бекітіп тастап, ашқызбадық. Олар білік темірмен, балтамен иллюминаторды қиратпақ болды. Есікті ашыңдар деп айқайлады. Егер ашпасақ өртейтінін айтып, қоқан-лоққы көрсетті», – дейді сол күні Алматыдан Шымкентке аттануға тиіс әуе кемесінің ұшқышы Алмас Байғожин.

Түнде Алматыдағы жойдасыз бүліншілік тоқтамақ түгіл, тіпті сорақы түрге ауысты. Бір жерде қарулы қақтығыс болып жатса, енді бір жақта бұзақылар мен ұры-қарылар ойына келгенін істеп жүрді.

«Бассыздық болды, ешкім ешкімді жазалаған жоқ, қираған дүкендерді бәрі көрді, бұдан өткен қандай бассыздық болар. Зауалсыздық кейбір адамдар бойында жабайылық белгілерін тудыратыны қандай қорқынышты. Бәлкім олар жаман адамдар емес шығар, алыңдар деген соң ала салған да шығар», – дейді белгілі журналист әрі блогер Полина Шиманская.

Брюссельдік сарапшы Альберто Тюркстраның пікірінше, белгілі бір күмәнді, радикалды мақсат көздеген элементтер жағдайды пайдаланып, Қазақстанның Конституциялық құрылымын бұзуға тырысқан.

«Қаңтар оқиғасының бейнежазбасынан топты басқарушы лидерлерді, рация ұстаған ұйымдастырушыларды көруге болады. Менің ойымша, олардың кім екені анықталды. Бірақ, көпшіліктің арасында жүргендерді табу қиын. Бір анық нәрсе, бұлардың бәрі алдын ала жоспарланған. Шетелде ұйымдастырылды ма, әлде ел ішінде ме, әйтеуір мұндай жағдай аяқ астынан болмайды. Болған жағдайды сараптағанда халық радикалдық мақсат көздеген үшінші біреулердің арбауына түсті деген қорытындыға келдік», – деп түйіндеді бельгиялық сарапшы.

Үшінші бөлімнің тұсаукесері келесі бейсенбіде «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.