21-11-18 |
1480 рет қаралған
АҚШ «Иран мұнайын сатқан» ресейлік екі компанияға санкция салды
.
АҚШ Қаржы министрлігі Ираннан Сирияға мұнай тасымалдауға қатысқан ресейлік екі кәсіпорынға санкция салды. Қара тізімге «Промсырьеимпорт» мемлекеттік кәсіпорны мен Global Vision Group компаниясы ілінді.

АҚШ билігінің мәліметінше, Иран осы компаниялар арқылы АҚШ санкциясын айналып өтіп, Сирия үкіметіне мұнай тасымалдаған. Министрлік санкция «Ресей мен Иранның Башар Асад режимін нығайту әрекетіне қарсы» бағытталғанын айтады.

«Промсырьеимпорт» кәсіпорны Ресей Энергетика министрлігіне қарайды. АҚШ Қаржы министрлігі Сириялық бизнесмен Мохаммед Альшвиктің меншігіндегі Global Vision Group фирмасын ресейлік компания деп көрсеткен.

АҚШ әшкерелеген қитұрқылық бойынша, Иранның Орталық банкі ирандық Tadbir Kish компаниясына ақша аударған. Ал ол қаржыны Global Vision Group компаниясына берген. Бұл компания қаржыны одан ары «Промсырьеимпорт» кәсіпорнына аударған. «Промсырьеимпорт» Сирияға «миллиондаған баррель мұнай» жөнелткен.

Бұған дейін АҚШ Иран билігін Вашингтонның мұнай экспортына салған тыйымын мұнай танкерлеріндегі олардың қайда жүргенін бақылап отыратын құрылғысы – транспондерді ажырату арқылы айналып өтпек болды деп айыптаған.

АҚШ Иран экономикасының түрлі секторына, оның ішінде банктері мен  мұнай өндіретін компанияларына санкция салып, ол 6 қарашада күшіне енген.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.