04-03-23 |
2260 рет қаралған
Аягүл Мантай әлемі.
Аягүл Мантай әлемі

2023 жылдың ақпан айында жазушы, журналист Аягүл Мантайдың шығармашылығына үш бірдей шара арналды. Астанадан бастау алып, Шымкентте жалғасқан еске алу кеші мен кітабының тұсаукесері Алматыда қорытындыланды. Бұл циклді шараның басты ұйымдастырушысы, “Аягүл” кітабының авторы — журналист, баспагер Оңдасынова Бану Әділжанқызы.

Алматының өзіндік атмосфералы Alatau Creative Hub орталығына қолына қалам ұстаған қаламгерлерден бастап, жазушымен аралас-құралас болған достары және қарапайым оқырмандары жиналды. Солардың ең өзекті ойларын топтастырып ұсынуды жөн көрдік.

Жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш: «Жастардың арасында қалам ұстайтындар көп. Бірақ олардың бәрі мықты жазушы емес, әрине. Ал Аягүл болса, әдебиетке, прозаға өзіндік үнімен, бір жарқын даусымен ақырын ғана басып келген жастардың қатарынан еді. Ол өз эстетикасы мен өз көзқарасы бар жазушы болатын».

Ақын Тоқтарәлі Таңжарық: «Аягүл қорғансыз қазақ қыздарының психологиясын көп жазды. Дегенмен еңсесін үнемі тік ұстайтын. Қиналып жүргенін білдірген Аяшты көрмедім».

Журналист Қарагөз Смәділ: «Аягүл бізді жігерлендіріп, еңселеріңді түсірмеңдер деп жиі айтатын. Ол мен «Қараш» деді, мен оны «Аяш» дедім. Сендермен талқылау үшін кітап оқып келдім дейтін. Ол туралы жақсы, жылы сөз айтқанды ұнататын. Нағыз жарқын естеліктер жүрегімізде қалды. Аягүлдің оқырманы бар кезде оның өмірі жалғасады”.

Ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы: «Аягүл адамның жандүниесіне үңілудің шебері болатын. Нағыз жазушы сондай болуы керек. Ол өжет рухты шығармалары арқылы жасады, нағыз суреткердің өмірін сүрді… Қаламгерлерді бар кезінде бағалайық».

Ақын Жанар Әбсадық: «Принципсіз адамды жек көремін дейтін. Принциптеріне берік еді. Жүрегі нәзік болса да, ешкімнің илеуіне түспеді. Жазуға өте зор жауапкершілікпен қарады. Биік талантты, сұлулықты, тазалықты мәңгілік құндылық деп айтты және соны жазды».

Құрбысы Гүлмира Аманқызы: «Аягүлдің “Бөрте” шығармасындағы бас кейіпкердің прототипі мен едім. Нағашыларына келгенде, бірге ойнайтынбыз. Ол менің қолымнан ұстап, барлық жерге бастап жүретін. Екеуміз көкке қарап тамсанғанда, «Аспандағы бірінші шыққан жұлдыз менмін!» дейтін. Балалық шақтан-ақ Дулат Исабековтей жазушы болсам деп армандайтын».

Ақын, публицист Әмірхан Балқыбектің жары Мархабат Шойбекова: «Әмірхан оны туған қарындасындай жақсы көретін, екеуі ұзақ сырласатын, талқылайтын. Аягүл жасандылық көрсететін адамды мүлдем ұнатпайтын. Кісінің кемшілігін бетіне айтатын, соны көбісі көтере алмай қалатын. Бірақ өзі өте бауырмал жан еді”.

Ақын Салтанат Мәдиярқызы: «Аяш соншалықты биік, соншалықты терең, әрі соншалықты нәзік еді… IQ-і өте жоғары болса да, бойында балаға тән тазалық болатын. Аягүл – менің досым да, әпкем де, ұстазым да бола білген тұлға».

Оқырманы, әуесқой суретші Гүлнәр Бағашар: «Аягүл менің өмірімді 180 градусқа өзгертті. Ван Гогқа теңеп, дем беретін. Өмірді қайта сүріп бастауыма зор мотивация бере білді. Мен үшін жанымдағы жарық жұлдыз еді. Бірақ оның қиналған сәтінде демеп, менің қасыма келші деп жазбағаныма өкінемін. Ол қоғамдағы қараңғылыққа, надандыққа протест жасап кетті».

Заңгер Қазыбек Дәуітәлі: «Аягүлден әрқайсысымыз өзімізді көреміз. Ол қарапайым жазушы болмысымен менмұндалап тұрады. Адамдар жылы сөзін бір-бірінен аямауы керек. Мен Аягүлдің өмірін үш кезеңге бөліп қарастырар едім: Мәскеуге дейінгі кезі; Мәскеудегі шақ; Мәскеуден кейінгі өмірі… Біздің қоғам көп дерттен арылуы тиіс. Соның қатарында — үлкеннің кішіге, ер адамның әйел затына тізесін батыруы, кибербуллинг. Еркіндік дегеніміз ол – өмірін жағымпаздыққа салмау. Негізі адамның образын салып беретін сала – әдебиет. Ал сосын соны қорғайтын – құқық! Әдебиет — ұлттың ары болса, құқық — мінезі. Мінез девальвацияға ұшырап жатыр, өйткені ар төмендеді. Қоғамымызда турашылдық ақсап жатыр. Қазақта «Құлагер феномені» бар. Ақан Серіден басталған оның құрбандары – Алаш арыстары, кешегі Заманбек және Аягүл дер едім».

Өнертанушы, суретші Майра Нұрке: «Аягүлмен өмірде таныс болған жоқпын, тек әлеуметтік желіден оқитынмын. Кітабының тұсаукесеріне қатысып, оны нағыз жазушы ретінде, тұлға ретінде жақынырақ білдім. Кітаптарында өз өмірін жазған екен. Туғаннан өз ұстанымы, өз көзқарасы, өжеттігі бар қыз екенін түсініп жатырмын. Негізі әділетсіздік деген әр заманда болады, өйткені өмірдің табиғи заңдылығы сондай ғой. Мәселен, теңіздің астындағы маржанның пайда болуы үшін оның ұлу қақпақшасына бір түйір болса да құм түсуі керек екен. Біз өкінішке қарай, тап-таза, идеялды, әділетті өмірді жасай алмаймыз, бірақ оған сол бойы келісе алмай кететін жандар да болады. Заманауи өнер саласында «перфоманс» деген ұғым бар. Қойылым жасау арқылы ойын жеткізеді. Оны кез келген адам жасай алмайды. Сол қойылымда «жест» деген болады. Бір ғана қимылмен, бір ғана ыммен бүкіл ойын жеткізеді. Манифест секілді. Суретші ретінде қарайтын болсам, Аягүл өзі қабылдай алмайтын әділетсіздікке қарсылық ретінде өзіндік перфомансын жасап кеткен сияқты».

Куртас құрбысы Динар Камилова: «Аягүлмен студент шақта бірге тұрдық. Көп жазатын. Кейде түні бойы дамылдамайтын. Жазудан үзіліс жаса, шәй ішіп алсаңшы десем, «Шәй қашпайды, ой қашады. Мен Нобель сыйлығын алғанда ғана тыныштық табамын», дейтін. Ол “аға-көкесіне”емес, тек қана қаламына сенді».

Оқырманы, ұстаз Әсмагүл Құлымбетова: «Аягүл Ғабеңше айтқанда соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жазатын. Мен Аягүл Мантайдың шығармаларын радиодан беріп тұру керек деп санаймын. Оның шығармаларын оқудан байқау жариялау қажет. Аяның мезгілсіз қайтқанын есту оқырманына да оңай болмады. Бүгін Аягүл не жазды екен деп желіден алдымен Аяны іздейтін едік. Ол адамдық арына дақ түсірмей кетті. Жүрегі жоқ адамдардың құрбаны болды. Өлімімен қараңғылыққа майдан ашып кеткен жарық сәуле…»

Дайындаған
Алма Сайлауқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.