22-11-18 |
2170 рет қаралған
Ресейліктер елдегі проблемаларды Путиннен көреді.
Ресейліктер елдегі проблемаларды Путиннен көреді

Ресейліктердің үштен екісіне жуығы (61 пайызы) президент Владимир Путин елдегі проблемаларға тікелей жауапты деп біледі. Бұл туралы «Левада-центр» орталығының 22 қарашада жариялаған сауалнама қорытындысында айтылады.

Сауалнамаға қатысқандардың тағы 22 пайызы елдегі проблемаларға президенттің «аздап қатысы бар» деп санайды, 10 пайызы Путин қалай болғанда да дұрыс саясат жүргізіп отыр, ал проблемалар «салақ әрі жемқор шенеуніктердің» кесірінен туындайды дейді. 6 пайызы барлық проблеманың себебін «шынайы жағдайлардан» көреді.

Бір жыл бұрынғы сауалнамада ресейліктердің 55 пайызы Ресейдегі проблемаларға Путиннің толық жауапты екенін, тағы 21 пайызы президенттің ішінара жауапты екенін  айтқан еді.

Әлеуметтанушылардың дерегінше, ресейліктердің 56 пайызы егер таяу арада президент сайлауы бола қалса Владимир Путинге дауыс беруге әзір. 2018 жылы наурызда өткен сайлауда Путин 77 пайызға жуық дауыс жинаған.

«Левада-центр» орталығының қазан айында жүргізген сауалнамасында оған қатысқандардың үштен бірі Владимир Путиннің қызметін қолдамайтыны анықталған. Сауалнамаға қатысқандардың 41 пайызы Путин бастаған мемлекеттің «бұрыс бағытта кетіп бара жатқанына сенімді» екенін білдірген.

Дереккөз: Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.