25-03-23 |
2630 рет қаралған
Қоғамдық кеңестер – халықтың бастаушысы.
Қоғамдық кеңестер – халықтың бастаушысы

Кез келген мемлекет азаматтардың пікірін ескеру арқылы алға жылжиды. Ал халықтың көзқарасын билікке жеткізіп, бір мүддеге тоғыстыруда қоғамдық кеңестердің маңызы зор. Бүгінде елімізде 300-ге тарта қоғамдық кеңес, оның 5000-ға жуық мүшесі бар. Олардың бәрі азаматтар пікірін ұштастырып, шама-шарқынша ел дамуына күш салып келеді.

Қазір Қоғамдық кеңестер елді аяғынан тұрғызар, билік пен халықтың арасын жақындататын құрылымға айналып үлгерді. Сондықтан болашақ жайлы сөз еткенде осы құрылымның жұмысын елеусіз қалдыра алмаймыз. Түрлі пікірлерді тыңдап, саралай келіп, көкейде түскендерін жеткізетін қоғамдық ұйымдардың рөлі зор. Кеңестердің мүшелерін тағайындау министрлік не әкімдік арқылы жүзеге аспайтыны белгілі. Әйтпесе бір кісідей қол көтеріп, құптай берер кеңестер көбейер еді. Ал қоғамдық кеңестің мүшелерін таңдауды қоғамның өзі ғана алса, механизмдері жақсы болмақ. Соңғы санақтар бойынша, қоғамдық кеңестердің мүшелерінің 23 пайызы ғана мемлекеттік органдарның өкілдері… Азаматтық қоғамның негізгі бөлігі саналатын үкіметтік емес ұйымдардың үлесі 33 пайызға жеткен. Бұны жақсы көрсеткішке балауға болады.

«Қоғамдық кеңес» деп аталатын құрылымнан мәселенің жай-жапсарына қанық жергілікті атқарушы орган мүшелерін толыққанды аластатудың да қажеті шамалы. Бұл жерде ең бастысы – баланс. Заң бойынша, қоғамдық кеңестің үштен бірі мемлекеттік органның өкілдері болуы тиіс. Демек, басым бөлігі халықтың өз ішінен шыққан белсенді азаматтар.

Қоғамдық кеңестер тек республика емес, облыс, қала, аудандарды басқару жүйесіне араласуы да маңызды. Біріншіден, қоғамдық кеңес – кеңесші орган, ол өзінің көзқарасын, ұсыныстарын беруі тиіс. Екіншіден, оған лайық жауап болғаны жөн, атқарушы сөз жүзінде келісе салмай, іске көшуі міндет.

Мұнда бір мәселе де бары жасырын емес. Алдағы уақытта кеңес мүшелері құрамында жастар мен әйелдердің саны қанша болуы керек екенін шешу қажет. Және оған саяси партия мүшелері енуі керек пе, қажет емес пе, ол да нақтыланбаған. Көптен бері айтылып келе жатқан жайт, қоғамдық кеңестер жоғарыдан төменге дейін бір-біріне бағыныштылыққа негізделген. Алайда бұл жүйе келешекте өзгерісті қажет етері даусыз.

Қазір Қазақстан билігі қоғамдық кеңестерге ерекше назар аударады. Соңғы онжылдық төңірегінде белсенділік артқаны жасырын емес, тіпті, биліктің шешім шығару ісіне де араласа бастады. Кей кезде Мәжілісітің жұмыс тобында да бой көрсетіп жүр. Онда кеңес мүшесі жай азамат емес, халықтың ой-пікірін жеткізуші ретінде сөйлейді. Осы арқылы қоғам мен билік арасының жақындығы көрініс тапты.

2010-жылдардың басында Парламентте түрлі саяси партиялардың басшылары мен қоғам қайраткерлерінен тұратын Қоғамдық Палата жасақталатын. Билік пен қоғамдық кеңестердің жұмысы сол кезеңнен бері үйлесім тапты. Әрине, Қоғамдық кеңес жұмыстарының нәтижелі болуы тек жақсы заңдармен ғана шектелмейді, әр мүшенің, яки адами фактордың да ықпалды әсері бар. Тәжірибеге негізделген өз ойы бар, ашық айтуға жігерлі, халыққа керегін саралап, керексіз жобаларды дәлелдей алатын кеңестердің жұмысы нәтижесін беруде. Сонымен қатар, барлық кеңестерді атқарушы билікпен тең ұстап, бірлесіп іс атқарудан қашпайтын жергілікті билік өкілдері мен министрлер де жетерлік. Келешекте Қоғамдық кеңестердің пайдасы арта бермек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.