Қорғаныс саласындағы өнеркәсіп кешені елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жүйесінің ең негізгі ажырамас бөлігі.
Қай кезде де әсіресе қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайдың ушыққан жағдайында қорғаныс өнеркәсібінің болуы мемлекеттік қауіпсіздіктің басты кепілі. Осы орайда, еліміздің Индустрия және инновациялық даму вице-министрі Азамат Бейіспеков отандық «қорғаныстың» жағдайы туралы айтты.
– Азамат Өмірзақұлы, Қазақстандағы қорғаныс өнеркәсібі, оның жұмысының түйіткілдері мен тетіктері туралы, сондай-ақ осы күрделі саладағы қазіргі ахуал жайлы жалпы жұртшылық арасында әртүрлі түсінік бар. Біздің әскери өнеркәсіп саласы қаншалықты мықты және қорғаныс-өнеркәсіп кешені армияның қажеттіліктерін, яғни мемлекеттің қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз ете алады?
– Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені – жыл сайын 200 млрд теңгеге өнім өндіретін 47 мемлекеттік және жеке кәсіпорыннан тұрады. Қарулы Күштердің, Ұлттық Ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің және Мемлекеттік күзет қызметінің мүддесі үшін олар патроннан бастап радиолокациялық станцияларға дейін әскери мақсаттағы өнімдердің кең спектрін жөндеуді, жаңғыртуды және өндіруді жүзеге асырады. Бүгінгі таңда отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені – мемлекеттік қорғаныс тапсырысының шамамен 50%-ына тең. Жалпы отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы экспортта да табысты жұмыс атқарып жүр.
– 2016 жылы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері Қорғаныс министрлігі құзырынан Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді. Бұл не үшін қажет болды?
– Бірінші кезекте, бұл «тежеу және тепе-теңдік» қағидатын сақтауды қамтамасыз ету, сатып алуды ұйымдастыру мен қажеттіліктерді анықтау бойынша функцияларды бөлісуге мүмкіндік берді. Яғни күштік құрылымдар, оның ішінде Қорғаныс министрлігі мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін, техникалық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ал Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларына сәйкес сатып алуды ұйымдастырады. Мұндай тәсіл бірінші кезекте сыбайлас жемқорлық қаупінің алдын алуға бағытталған шара.
Екіншіден, бұндай шешім әскери қызметшілерді артық функциялардан босатуға мүмкіндік береді. Өйткені, қорғаныс тапсырысы тек техникалық сатып алу ғана емес, сонымен қатар отандық қорғаныс өнеркәсібін дамытудың, басқа елдермен әскери-техникалық байланыс орнатудың тиімді құралы. Осылайша функциялардың қисынды бөлінісі елдің қорғаныс қабілетінің құрамдас бөлігі ретінде қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуға айтарлықтай серпін берді деп сеніммен айтуға олады.
2019 жылы Қорғаныс өнеркәсібі, әскери-техникалық саясат және ынтымақтастық, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындаудың қалыпты жүйесі құрылып, тиімді жұмыс істей бастады. Атап айтқанда, күштік органдар өздеріне жүктелген міндеттемелерді негізге ала отырып, қажетті қару-жарақ, әскери техника мен оқ-дәрілерді жөндеу, жаңғырту және сатып алу бойынша нақты техникалық ерекшеліктермен бізге тапсырыс жібереді. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз кезегінде, келіп түскен техникалық ерекшеліктерді негізге ала отырып, тапсырысты отандық қорғаныс кәсіпорындарына жібереді. Отандық қорғаныс кәсіпорындарында өндірілмейтін позициялар ғана күштік құрылымдарының мүддесі үшін қару-жарақ, әскери техника мен оқ-дәрілерді шеттен импорттайтын «Қазспецэкспорт» РМК-ға орындау үшін беріледі.
«Қазспецэкспорт» РМК күш құрылымдары үшін әскери жарақтарды импорттаумен ғана айналыспайды. Кәсіпорын «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясымен бірлесіп, отандық қорғаныс кәсіпорындарының өнімдерін сыртқы нарықта, соның ішінде халықаралық көрмелер стендтері мен павильондар ұйымдастыру арқылы таныстыруды жүзеге асырады. Функциялар берілген сәттен бастап осы саланың даму перспективаларын анықтайтын және оған қатысушылардың мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау процесіндегі қарым-қатынасын реттейтін нормативтік-құқықтық база қалыптасқан болатын. Мысалы, 2018 жылы мамыр айында қорғаныс өнеркәсібін дамытудың 2030 жылға дейінгі перспективаларын айқындайтын тұжырымдама қабылданды.
2019 жылғы наурызда – «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» Заң қабылданды, сол жылдың қазан айында мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау Қағидалары және өзге де заңдарға тиісті актілер бекітілді. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Өмір талаптары өзгеріп жатыр. Сондықтан кезінде қалыптасқан нормативтік-құқықтық база сол өтпелі кезеңге қойылған міндеттерді шешті. Қазір біз алдымызда тұрған жаңа даму жоспарлары мен сын-тегеуріндерге сүйене отырып, қазір нормативтік-құқықтық базаны, оның ішінде лицензиялау, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жеткізушілерінің Тізімін құру мәселелерін жетілдіру бойынша жұмысты бастадық.
– Азамат Өмірзақұлы, қоғамда мезгіл-мезгіл мемлекеттің атына айтылатын сын да аз емес. Атап айтқанда, Индустрия және инновациялық даму министрлігі отандық өндірушіні тиісті дәрежеде қолдамайтыны айтылады…
– Жоғарыда айттым ғой. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру отандық қорғаныс кәсіпорындарының мүмкіндіктерін анықтаудан басталады, содан кейін ғана импорттық келісімшарттар жасалады. Бұл жерде, Қазақстанның күштік органдарының ішкі қажеттіліктері шектеулі екенін ескеру қажет. Біз талап етілмеген немесе бекітілген техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтін өнімдерді сатып алыңдар деп оларды мәжбүрлей алмаймыз. Дегенмен, басқа елдермен әскери-техникалық ынтымақтастық аясында біздің кәсіпорындардың өнімдері белсенді түрде насихатталады. Қазақстан аумағында болсын, шетелде болсын барлық әскери-техникалық комиссиялар Қазақстанның қорғаныс кәсіпорындарының қатысуымен өткізіледі. Бұл әскери және басқа мақсаттағы өнімдерді танымал қылудың өте тиімді механизмі.
Қорғаныс кәсіпорындарында ұзақ уақыт бойы өз шешімін таппаған бір мәселе бар, ол – екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарынан қаражат тарту мүмкіндігі. Себебі, оларға қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру жобаларын қаржыландыруға тыйым салатын халықаралық міндеттеме жүктелген. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге, өндірістік қорларды жаңартуға және Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдардың мүддесі үшін жаңа өндірістерді игеруге арзан несиелер беруге мүмкіндік беретін қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қорын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қор құру мәселесі Премьер-Министрдің төрағалығымен Экономиканы жаңғырту жөніндегі комиссияның отырысында қаралды, Ұлттық экономика министрлігінде сараптамадан өтетін қаржылық-экономикалық негіздеме және өзге де құжаттар әзірленді. Сондықтан осы айтылған нәрселер, яғни нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, оның ішінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру және орналастыру мерзімдерін 2,5 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, процестерді цифрландыру сияқты жаңашылдықтар енгізілсе жаңағы сіз айтқан Министрліктің атына келіп түскен айыптар да күн тәртібінен өздігінен түседі деп сенемін.
– Енді Сізге нақты сұрақ қояйын. Кейбір Әскери техника өндірушілер Индустрия және инновациялық даму министрлігі «отандық өндірістің аналогтары бар бола тұра, шетелден броньды машиналарды заңсыз сатып алды және әрбір машина үшін 200 млн теңге артық қаржы жұмсайды» деп айып таққаны белгілі. Жалпы бұл сұрақ көптен бері айтылып келеді, мүмкін мәселенің мән-жайын ашудың уақыты келген шығар?
– Ашығын айтайық. Егер сіз «экономикалық ұлтшылдық» деп аталатын топ өкілдерінің, нақты айтқанда Барысов мырзаның айыптауларын меңзеп отырған болсаңыз, бәрі түсінікті. Айбек Барысовтың иелігіндегі «Kazakhstan Paramount Engineering» компаниясы броньды доңғалақты техника шығарады. Бұл 2014 жылы құрылған жақсы зауыт болатын. Бұл нысанды құруға жұмсалған қаражаттың негізгі көлемі – мемлекет бюджеті есебінен төленген. Зауыт құрылған кезде «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы оның акционерлерінің бірі болды және 40 млн доллар сомасына қарыз ұсынады.
2020 жылы қарашада Ұлттық компанияның қатысу үлесі – жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның 50%-ын Айбек Барысов 16 млн теңгеге ғана сатып алды. Жалпы 2016 жылдан бастап мемлекет зауыттан 90 млрд теңгеге 196 броньды доңғалақты машина сатып алғанын ескеріңіз. Алайда бұл өнімдерді өткізу нарығы Қазақстанның күш құрылымдары аясында ғана шектелді. Яғни осы жылдар ішінде бірде-бір экспорттық келісімшарт іске асырылмады. Ал Айбек Барысов Индустрия және инновациялық даму министрлігін сынап жүргенде, министрлік әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту мақстында шет елдердің күштік құрылымдарының өкілдері қатарынан ықтимал сатып алушыларды ертіп аталған кәсіпорынға бірнеше рет барған болатын. Қазір менің білуімше, тиісті келісімшарттар жасалып, қажетті сынақтар өткізу жоспарланып жатыр. Сондықтан кейбір жалдамалы блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, мемлекетке қарсы ақпараттық науқан бастап жүрген Барысов мырзаның қылығы – мемлекет мысалындағы сатып алушыға қысым көрсету, өз өнімдерін еркінен тыс таңудан басқа ештеңе емес. Сондықтан Барысов кәсіпкер ретінде өз өнімдерін жарнамалап, оларды халықаралық нарыққа шығару ісіне назар аударғаны абзал болар еді. Себебі бизнесті солай жасайды. Сондықтан шығарған өніміңді 90 млрд теңгеге сатып алған мемлекетті сынауға емес, басқа кіріс көздерін іздеуге күш жұмсаса, сол – нағыз табыс жолы болмақ.
Енді түрік компаниялары өндіретін өнімді сатып алуға қатысты. Жоғарыда атап өткенімдей, Министрлік қару-жарақ пен әскери техниканы күштік құрылымдардың техникалық сипаттамаларына сәйкес сатып алады. Ал олар өз кезегінде жауынгерлік қолдану ерекшеліктеріне сүйене отырып қалыптасады. Бұл жағдайда біз оларды ашық көрсете алмаймыз, өйткені олай істеу елдің қорғаныс қабілеті мен сарбаздардың өміріне қауіп төндіреді. Сонымен қатар, «Алан» броньды доңғалақты машиналардың сынақтан өте алмағаны, сондықтан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері оны қабылдамағанын ескеру қажет.
Жалпы, қару-жарақ пен әскери техника туралы мәліметтер, сондай-ақ олардың сандық, сапалық сипаттамалары Мемлекеттік құпия екенін еске салғым келеді. Сондықтан, уәкілетті органдар мұндай ақпаратты әлеуметтік желілерде салуға, оның ішінде осы ақпаратты үшінші тұлғаға беруге жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты жария ету фактілері бойынша тексеру жүргізуі тиіс.
Енді «заңсыз сатып алды» деген айыпқа келейік. Бұл өте ауыр айып. Алайда, Барысов өзінің қолында өзі айтып отырған сатып алуларды заңсыз деп танудан бас тарту туралы және мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау құқы жөніндегі комиссияның шешімінің күшін жою туралы сот шешімі бар екені туралы үндемейді.
– Сондай-ақ, қорғаныс саласындағы отандық кәсіпорындарға баға белгілеу әлі де қолмен жасалып жатыр және шетелдік жеткізушілер үшін жоқ көптеген кедергілер туғызады деген айыптаулар айтылды?
– Баға белгілеу туралы айтпас бұрын, қолданыстағы заңнама Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау қызметін жүзеге асыруда базаға енген отандық кәсіпорындарға басымдық беретінін еске салғым келеді. Осындай тәсіл, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар санының шектеулі екенін ескерсек мемлекет баға белгілеу ережелерін бекітуге құқылы. Бұл бақыланатын бюджет қаржысы. Баға белгілеу ережелері қорғаныс тапсырысы өнімдерінің құнын қалыптастыру кезінде ескеріледі, бюджет есебінен өтелуге жататын шығындардың құрамын, атап айтқанда мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауға тікелей байланысты шығындарды реттейді. Сонымен қатар, ХҚЕС – бұл бухгалтерлік есеп принциптері мен ережелерінің жиынтығы, ол мемлекеттік қорғаныс тапсырыс өнімдерін өндіруге байланысты емес шығындарды да назарға алады.
– Олай болса мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауда консорциумдарға неге тыйым салынады?
– Консорциумдарды қорғаныс тапсырысын орындауға жіберу жөнінде рұқсат берілмеудің бір себебі – Консорциум заңды тұлға емес. Консорциум уақытша, ерікті, тең құқылы одақ (бірлестік) болып құрылады және оның құрамынан кез-келген заңды тұлға шыққан кезде, бірлестіктің мақсаттарына қол жеткізген кезде немесе басқа себептер бойынша қорғаныс тапсырысының орындалмай қалу қаупі бар. Ал қолданыстағы тәртіп ақшалай қаражатты пайдаланғаны, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын уақтылы орындамағаны немесе жауынгерлік әзірлікке нұқсан келтіргені үшін жауапкершілік нақты заңды тұлғаға жүктеледі. Біз «Жасампаз» бірлестігінің 2017-2019 жылдардағы ісіне куә болдық. Іс жүзінде ұйымға 19 млрд теңгеге киім-кешек саласындағы қорғаныс тапсырысын орындау функциясы берілді. Ал жеткізілетін барлық өнім Қырғызстаннан әкелінгені анықталды. Сол кезде киім-кешек жеткізуге 30-ға жуық кәсіпорын жұмылдырылған.
Бүгінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушылар тізімінде 47 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны бар. Функцияны мемлекеттік қорғаныс тапсырысы комитетіне беру – бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берді. 2020 жылы киім-кешек сатып алуға 16,1 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, осы қаражаттың 3,8 млрд теңгесін үнемдеуге қол жеткізген. Бұл бірлестіктің жыл сайын шамамен 4 млрд теңге табыс тапқанын көрсетеді. Олай болса, орасан зор кіріс есебінен құрылған жаңа өндірістер қайда? Парламент Мәжілісінің мүдделі комитетінің депутаттар тобы арқылы «Жасампаз» бірлестігінің лоббиі ұйымдастырылғаны есімізде. Осылайша қорғаныс тапсырысын бірлестікке беру туралы шешімге уәкілетті органға қысым жасау арқылы қол жеткізілді. Басқаша айтқанда, Индустрия және инновациялық даму министрлігі мемлекеттік қорғаныс тапсырысын мүмкіндігінше ашық етеді. Ал ол өз кезегінде ескі үлгіде жұмыс істеуге және ықпалды саяси лобби арқылы өз өнімдері мен қызметтерін мемлекетке таңуға дағдыланған кейбір ішкі нарық ойыншыларына ұнамайды.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.
Arasha.kz
ФОТО:
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024