Осыдан бір жыл бұрын өткізілген Конституция өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдум Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам саналады. Әрі жалпыхалықтық референдум қазақстандықтардың құқықтық, саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтерудің бастауында тұрды.
Мемлекет басшысы да референдумнан кейінгі бір жылдың Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең екеніне тоқталды.
«Біз Ата заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасадық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді.
Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасты» деді Президент.
Шынында Қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін ауқымды саяси реформалардың жүргізілуі қажеттілігі айқындалды. Әйтсе де бұл өзгерістерді пәрменді құқықтық тетіксіз жүргізу мүмкін емес еді. Сондықтан да елдің басты құқықтық құжатына өзгеріс енгізу мәселесі күнтәртібіне қойылды. Осылайша Қаңтар оқиғаларынан дәл 6 ай өткен соң 8 миллионға жуық қазақстандық өз таңдауын жасады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Алихан Байменовтің пікірінше, референдум жаңа жүйені орнатудың алғышарты саналады. Оған қоса заңның, құқықтық тетіктің қоғам дамуына қарай өзгеріп отыруы да әлемдік тәжірибеде бар дүние.
«Қасіретті қаңтарда халық орасан зор құн төледі. Ол ескі жүйенің кемшіліктерін көрсетті. Сол жүйені өзгерту үшін саяси бастама ретінде Президент референдцм өткізуді ұсынды. Бір ғалым «Заң өскелең адамға пішілген киім сияқты болуы керек» деп еді. Демек қоғам дамыған сайын заңның да өзгеріп тұрғаны жөн. Құқықтық мемлекетте адамның хақы болуы керек» дейді Алихан Байменов.
Ол сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің түпкі мақсаты заңның үстемдігі екенін алға тартады. Ал заңның үстемдігі ел тұрғындарының мемлекеттік жүйеге деген сенімін қалыптастыратын бірден-бір фактор екені белгілі.
«Бұл істе ең бастысы – заңның үстемдігі. Заң алдында хан да, қара да бірдей болуы керек. Сонда ғана азаматтардың мемлекетке деген сенімі пайда болады», – дейді Алихан Байменов.
Конституцияға өзгеріс енгізу уақыт талабы десек, оны енгізуде қоғам талабына құлақ түру мемлекетті басқару ісіндегі қарапайым азаматтардың рөлін нығайтудың жолы деп қарастыруымыз керек. Яғни ел үшін маңызды шешім қабылдауда тұрғындардың талап-тілегін ескеру, соған сай әрекет ету азаматтардың билік институттарына сенімін қалыптастырады. Демократиялық қоғамның берік іргетасы да осылай қаланса керек.
Әділет министрлігі Құқықтық саясат департаментінің директоры Назкен Жамаладин жалпыхалықтық референдум халықтың саяси мәдениетін жаңа деңгейе көтерудің тетігі ретінде қарастырады. Демек өзгерістер мен толықтыруларды қолдай отырып, азаматтарымыз ел дамуының бағыт-бағдарын да таңдайды.
«Конституцияға енгізілген өзгерістер сөз жоқ, біздің құқықтық саяси институттарды жандандырды. Конституцияға енгізілген түзетулер мен өзгертулердің референдумға шығарылғанының өзі тәуелсіздік тарихымызда екінші рет рефендум өткізіліп, халық арасындағы азаматтық-бастамышылдықты, саяси мәдениетті жаңа деңгейге көтерді» дейді ол.
Арада өткен 1 жылда қазақстандықтар референдумның бір мезеттік қана шара емес екенін түсінді. Оның ел дамуындағы, жаңа тұрпатты құқықтық жүйенің қалыптасуындағы мәні зор. Өткен жылы референдум қорытындысы бойынша 20-ға жуық заңға өзгерістер мен толықтыру енгізіліп, енді кейбір жаңадан қабылданды. Жыл басынан бастап Конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сынды институттар өз жұмысын бастады. Жаңғыртулар аясында олардың пәрмені арта түскенін атап өткеніміз жөн. Осыншама мол құзіретке ие болған жаңа институттардың мақсаты да ортақ. Олар әрбір Қазақстан азаматының Конституция кепілдік берген құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепіліне айналмақ.
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
24.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024