26-06-23 |
3590 рет қаралған
Көппартиялық Парламент  пәрменді тетік.
Көппартиялық Парламент  пәрменді тетік

Демократиялық қоғам үшін Парламенттің көппартиядан құралуы қалыпты дүние. Заң шығарушы органның сан түрлі партия өкілдерінен жасақталуы заң шығарушылық қызметтің сапасына жақсартып қана қоймай Мәжіліс мінберінен қоғамның әртүрлі санатының үнін жеткізуге мүмкіндік беріледі.

Бұл орайда наурыз айындағы Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауынан кейін 6 партиядан түзілген Парламенттің төменгі палатасының жұмысына үлкен үміт артылуы заңды.

Әлемдегі демократиялық елдердің тәжірибесіне көз жүгіртсеңіз, Парламенттің көп партиядан жасақталуының ұтымды тұсының көп екенін аңғаруға болады. Саяси жүйені былай қойғанда, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны өзгелерден көш ілгері Германия, Франция, Нидерландтың заң шығарушы органдары бірнеше партиядан тұрады. Олардағы партиялар Парламентке өту үшін тиісті межені еңсере алмаса, мүдделес саяси күштер бірігіп, коалиция құрады. Кейбір елдерде коалицияның өзі партиялар арасындағы бәсеке алаңына айналып, ондағы басымдыққа ие болу үшін талас-тартыс болады.

Ал Тәуелсіз Қазақстанның парламентеризм тарихында осымен 7 рет сайлау арқылы жасақталған Мәжіліске биыл 6 саяси ұйымның өкілі өтті. Парламенттің төменгі палатасына 2004 жылдың қыркүйегінен кейін алғаш рет 6 партияға жол ашылды. 2004 жылдың өзінде Парламенттің төменгі палатасына 5 партияның өкілдеріне орын тиді. Одан кейінгі жылдары Мәжіліс депутаты болу «бақыты» дәстүрлі түрде санаулы ғана партияның өкілдеріне тиесілі болып келді. Әрі олардың арасында Мәжілістегі әрбір орын үшін анау айтқандай талас та байқала қоймайтын.

Ал биылғы сайлауда бұл стереотиптің сеңі бұзылып, Мәжіліс мінберіне 6 партияның өкілі көтерілді. Ең қызығы олардың арасында бұған дейін оппазициялық партия саналып келген Жалпыұлттық социал-демократтар партиясы мен сайлаудан 3 ай бұрын ғана тіркелген Respublica партиясының мүшелері де бар. Бұл орайда Президент пәрменімен партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендету шарасының шарапатын 2 партия анық сезінді. Мәселен наурыз айындағы сайлауда Қазақстан халық партиясы 6,8 пайыздық, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 5,20 пайыздық межені еңсерді. Жаңа заңға сай бұл көрсеткіш оларға төменгі палатадан тиісті орындарын иеленуіне мүмкіндік бергені айдан анық. Дәл осы шақырылымда партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркеліп, Мәжіліске өткен партиялар да болды. Бұл – сөз жоқ, елімізде соңғы жылдары жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нәтижесі.

Ал саясаттанушылар Мәжілістің көппартиядан жасақталуы Парламент жұмысына үлкен жаңалық әкелуі мүмкіндігін қуаттайды.

Жаңадан жасақталған Мәжілістің қызу пікірталасқа толы плюрализм алаңына айналатындығына күмән жоқ. Әр партиядан сайланған депутаттар өз сайлаушыларының мүддесін қорғау үшін барын салуы керек. Ал сайлаушылардың сенімінен шығу мәселелерді шулатып көтерумен ғана шектелмейді. Мұнда әр партияның сайлауалды бағдарламасын орындау, сайлаушыларға берген уәдесінің үдесінен шыға білгені маңызды. Бұл істе партиялар арасындағы саяси бәсекеге жол ашылып, түрлі пікірталастардың да болуы заңды. Әйтсе де Мәжіліске жаңадан келген кейбір партияның өкілдерінде саяси тәжірибе жоқ. Сондықтан ә дегеннен олар Мәжілістегі қызу саяси бәсекеге кіріп кетеді деп айту қиын, – дейді  саясаттанушы Ермек Тоқтаров,

Парламент Мәжілісінің көппартиядан құралуы оны пікірталас алаңына айналдырып қана қоймай, саяси тұрғыдан ықпалды ете түседі. Бұл саяси жүйені қайта жаңғырту мен мемлекеттік басқарудың жаңа формасын қалыптастырудың алғышарты. Президент ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының да түпкі мәні осыған саяды.

Қоғамдық даму институтының сарапшысы Риззат Елубаевтың пікірінше, жоғарыда айтылған ықпалды Парламент көп­партиялы жүйе арқылы ғана қалыптасады.

2007 жылдан бері Парламентте негізгі доминантты партия болды. Кейінгі кезде бұл модельдің біртіндеп өзгергенін байқап отырмыз. Биылғы сайлау қарсаңында партиялық саяси жүйеде үлкен трансформациясы болды. Яғни партиялық жүйе қайта құрылады деген сөз. Жалпы, 2019-2023 жылдар аралығында нақты құқықтық және саяси база қабылданды. Соның нәтижесінде көппартиялы жүйенің қалыптасуына, саяси плюрализмнің қалыптасуына алғышарттар жасалды, – дейді сарапшы.

Саясаттанушы Парламенттің көппартиялы болуының нәтижесі саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар бойынша шешім қабылдауда байқалататынын алға тартады. Бұл ел дамуының алғышартына айналатыны анық.

Парламентті көппартиялы етуден кейін Үкіметті көппартиядан жасақтауға назар аударылатын секілді. Өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін екеніне назар аударды. Демек заң шығарушы орган мен атқарушы билікке күллі қоғамның талап-тілегі ескерілген ұтымды шешім қабылдап, оларды іске асыру үшін көппартиялы жүйенің берері мол болмақ.

Arasha.k

ФОТО: 018.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.