Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде Түркістанда өткен екінші отырысқа қатыстым.
Мемлекет Басшысының айтқанындай «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған».
Алқалы жиынның алғашқы күнінде қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, өңірлік қоғамдық кеңестер мүшелері, сарапшылар үш секцияға бөлінген жұмыс тобында өзіндік ұсыныстарын айтып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсынды. Мен Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі мен Мәдениет министрі Асхат Оралов модераторлық еткен «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясына қатыстым. Мәдениет деген бір министрліктің ғана атқаратын жұмысы емес, елге ортақ мәселе, оны бәріміз бірлесіп шешуіміз керек болған соң бұл секцияда сөз алып, ойларын ортаға салушылар көп болды. Академик Асқар Жұмаділдаев, «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры Дихан Қамзабек, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан сияқты дүлдүлдермен қатар маған да сөз тиді.
Өз кезегімді қазіргі заман талабы болып отырған – жастардың бойында ұлттық сана мен діни, дүниетанымдық позициясын қалыптастыру жайында ойымды ортаға салдым.
Қазақстан – көп дінді мемлекет. Дін ұстай алсаң – қасиет, ұстай алмасаң – қасірет. Халықтың бір аз ғана пайызы христиан, будда дінінде болса, басым көпшілігі мұсылман дінін ұстанады. Елімізде дінді танып білуге талпыныс өсті, дін рухани өміріміздің негізіне айналып келеді. Әсіресе жастарымыздың дінге бет бұрып жатқаны рас. Соның әсерінен жатағымдардың жетегінде кетіп жатқандары да жасырын емес. Сондықтан да мемлекетіміз қоғамдағы діннің орнына және дін мен мемлекеттің қарым-қатынасына қатты көңіл бөледі. Мемлекет пен қоғамға жүктелген міндеттердің бірі дінге қызығушылық танытқан топтың басым бөлігі болып табылатын жастардың бойында ұлттық сана мен діни, дүниетанымдық позициясын қалыптастыру қазіргі заман талабы екенін айта отырып, ұлтымызға қадірлі акдемик, жазушы Ақселеу Сейдімбековтің «Ешбір ұлт өзінің төлтума қасиетін өзгеге еліктеу арқылы қалыптастырмайды» деп еске алдым. Сондықтан, дінді қабылдағанда дәстүрімізбен байланыстырып алған жөн болар. Мұсылман дінінің бетпердесін жамылған өзге діни ағымдар қоғамға дендеп еніп, жастардың миын біраз улағанын айтқым келеді. Жігіттердің сақал өсіріп, қысқа балақ шалбар киіп, қыз балалардың хиджап киіп алғанын қазір көптеп кездестіруге болады. Буыны қатаймаған балалар ораза ұстап, денсаулығына зиян тигізіп жатыр. Әлі жан-жағын танып-білмеген қыз балалар «оранып» санасы улануда. Бүгінде елімізде әр ауылда екі мешіттен бар. Осымен мешіт жарысын тоқтатсақ болар еді. Одан гөрі балабақша, мектептер салып, балалардың денсаулығы үшін спорт мектептерін, алаңдар жасаған жөн болар деп ойымды айттым.
Құрылтайдың екінші күнінде ҚР Президенті Қ.К Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деген тақырыпты баяндама жасады. Біздің құрып жатқан мемлекетіміздің әлемдегі орны мен «Қазақстан азаматы» деген көк төлқұжаты бар адамның сапасы қандай болуы керек, қазақ деген ұлттың арманы қандай? Ел болу үшін пиғылымызды қалай өзгеруіміз керек деген мәселелерге өз ойын айтып, пікірін ашық білдірді.
«Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр»,- деген Мемлекет Басшысы өскелең ұрпаққа деген ризашылығын білдіре отырып, мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр деп қатаң есертті.
Аға буын өкілдеріне жастарға еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі етіп көрсетуіміз керегін аманаттады. Әсіресе, «көп сөзге құмарлық, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болудан алыс жүруге үйтеруіміз қажет екенін ескертті. Абай данышпанның «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» бес дұшпанымыз деп қақсап кеткенін күн сайын құлақтарына құйып айта бермей, іс жүзінде қолға алу керегін ойға салды. Президент дәл осы жерде Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басиннің жастарды жұмысшы болып, әртүрлі мамандықты игеруге жалпыұлттық үндеу тастағанын атап өтіп, адал еңбекпен адал ақша табуға шақырғанын қолдады. Еріктілердің еңбегін бағалауымызды, олардың патриоттығын елге үлгі етіп таратуымыз керегін ерекші атап өтті. Біз оны мадақ есту үшін емес, елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін жасауымыз керек деп тапсырды.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова технологияға назар аудара беріп адами қасиеттерге тәрбиелей жағын босатып алғанымызды , білім мен тәрбиені қатар алып жүруіміз керегін айтып «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды. Ар, ұят, намыс, ізігілік пен мейірімділік, ұлттық мұраға деген құрмет – темірқазық ұстанымдар білімнің негізгі құндылығы болуы шарт»,- екенін ұсынды. Отбасылық тәрбиеге баса назар аудару қажеттігін талдай түсіндірді. Қазір үкімет дайындап жатқан ұлттық тәрбие концепциясына осы ұстанымдарды ұлттық құндылдық ретінде қалыптасыру қажет», – деді ол.
Мемлекет басшысы еліміздің идеологиялық бағытын дамытудың нақты бағдарламасы – білім, ғылым, мәдениет салаларына да нақты жобалар ұсынды. Мемлекет басшысы:
«Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет.
Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ, ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ, бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ.
Сондықтан, «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деді де өз көңілінде жүрген бір жақсы мақсатты ортаға салды.
«Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын»,- деп Түркиядан осы кітапхананы көргендердің арманын біле қойды. Анкарадағы осы Президент кітапханасына менің барлық шығармаларымды сұратып алып қойып еді. Өзім де барып осы кітапхананы көргенде біздің елде де Президентіміз осындай кітапхана жасап берсе ғой деп армандағанмын. Міне, соған жол ашылған сияқты. Құрылтайда соны естігенде қуанышымда шек болмады.
«Қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді»,-деді Президент.
Тарихты зерделеу керек. Ел тарихының академиялық үлгідегі тарихын жасау қажет екенін секертті. «Қазақстан тарихының көптомдық жинағын шығару қажет» деді. Археология мәселесіне де тоқталды. Аномастика саласы да айтылды.
Құрылтайда көтерілмеген мәселе қалмады десек те болар. Мемлекет Басшысы барлық салаға тоқталып жол көрсетті, ескертті, тапсырма берді. Енді соны сол салаға басшылық етушілер ескеріп, әркім өз саласының мықты маманы екенін дәлелдеп, тапсырмаларды тиянақты орындаса екен Президенттің сөзін жерге тастамай. «Президент – Әулие емес! Халықтан биік тұлға емес!»,- деп өзінің де халықтың қызметінде екендігін өз аузымен айтты. Енді мемлекеттік қызметшілер мен Үкімет мүшелері де сол деңгейге түсіп халыққа қызмет етсе екен. Сонда еліміз өркендеп, көсегеміз көгерер еді.
Сәуле Досжан, жазушы
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024