Кез келген мемлекет өзінің түп тарихын қастерлеп, оны өскелең ұрпақтың санасына енгізуді көздейді. Себебі тарих – бұл халықтың сан ғасырдан бергі жасаған еңбегі.
Сонымен қатар адамзаттың көп жылғы өмір жолында өмір сүру тәртібін, белгілі бір нормаларды реттеу үшін және қоғам арасындағы түрлі қақтығыстарды шешу жолында мемлекет үшін заң қажет. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы азаматтық құқықта көптеген өзгеріс болды. Қазақстанның Азаматтық құқық кодексінде қазақ хандығы кезіндегі ұғымдар пайдаланылған, оның көбісі Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» алынған.
Тәуке ханның ел үшін жасаған еңбегін екі қырынан талдауға болады. Бірі – елдің іргесін аман сақтап қалу жолында сырттан төнген жауға, саясатты білгірлігімен жүргізіп, анталаған дұшпанға бел алдырмағаны. Екіншісі – еліміздің ішкі жағдайын реттеу жолында саяси-құқықтық тәртіпті орнықтыруы.
Қазіргі кезде отандық және шетелдік ғалымдар мемлекет және құқық теориясы саласында көптеген құқықтық мәселелерге назар аудару қажеттігін тілге тиек етеді. Атап айтар болсақ, ертедегі қазақ қоғамында “Дала Конститутциясы” болып аталып кеткен заңдар жинағы – “Жеті жарғы”. Тәуке хан “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолын” жетілдіріп, “Жеті жарғы” заңын жарыққа шығарды. Бұл заңның маңыздылығы сол дәуірде несімен ерекше болды?
17-ғасырда қазақ хандығына жан-жақтан қауіп төніп, елдің ауызбірлігі әлсірей бастайды. Сол тұста Тәуке хан хандықты нығайтуға күш салады. Ол үшін бірлік пен мықты билікті қамтамасыз ете алатын жаңа заң жүйесі қажет болды. Әз Тәуке хан мемлекетіміздің ежелден келе жатқан түрлі әдет-ғұрыптарына негізделген, өзінен бұрынғы хандар тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы” заңдарын негізге алып, жаңа заң жүйесін шығарады. Күлтөбенің басында Ұлы жүзден Төле би, Орта жүзден Қазыбек би, Кіші жүзден Әйтеке билер бас қосып, Тәуке ханның “Жеті жарғы” заңдар жинағын қабылдайды. «Жеті жарғы» қандай бөлімдерден тұрды десек:
1-жарғы. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.
2-жарғы. Халық мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.
3-жарғы. Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.
4-жарғы. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын.
5-жарғы. Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын.
6-жарғы. Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қалың малын береді. ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.
7-жарғы. Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төленсін.
“Жеті жарғы” жаңа тармағымен де ерекшеленген. Мәселен, Тәуке хан енгізген 7 өзгерісте төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделген. Осы орайда құрылған “Билер кеңесі” Қазақ хандығында саяси жүйенің беделді органына айнала білді. Бұл мемлекеттік ұйым қазақ халқының саяси жүйесінде үлкен құқықтарға ие болып, ішкі- сыртқы саясатты жүргізуде үлкен рөл атқарды. Сонымен қатар, “Билер кеңесі” сайлаған алқалық кеңестер, талқыланған мәселені қайта қарауды қажет етпей шешім қабылдайтындай дәрежеге дейін көтеріле алған.
«Жеті жарғыны» қолданған қазақ билері ел ішіндегі түрлі дау-жанжалдар, саяси маңыздылығы бар мәселелерді тиімді шешкен. “Жеті жарғы“ заң жинағы қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай мақал-мәтелдермен, қанатты сөздерден құралған. Сонымен қоса, «Жеті жарғы» ерекшелігінің бірі сол, жиналыста сайлауға қару асынып келу міндеттелген. Қазақтың тайпа, ру басылары жылына бір рет жиналып отырған. Сол жиында мемлекеттің сыртқы және ішкі мәселелеріне байланысты түйіткілдер дауыс беру арқылы шешілген. Жиынға қару асынып келген азаматтар ғана дауыс беру құқығына ие болған, себебі ол азаматтар өз дүние-мүлкінің жиырмадан бір бөлігін жыл сайын салық ретінде мемлекетке беруге міндетті болған.
Төрт түлік малмен құн төлеу – жазалаудың кең тараған түрі. Мерт болған жанның және қылмыскердің әлеуметтік жағдайына байланысты белгіленген құн мөлшері болған. Мәселен, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Сондай-ақ, өлген адамның әлеуметтік жағдайы ескерілген. Мысалы, ақсүйек болса 7 есе өскен, “сұлтан” немесе “қожаға” тіл тигізген үшін 9 мал, ал қол жұмсаса 27 мал төленетін болған. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым жасаған қылмыскер де белгілі бір мөлшерде құн төлеген. Мысалы, кісі өлтіру, әйелді зорлау, қорлау, соққыға жығу, ұрлық жасау және т.б.
“Жеті жарғы” заң жинағымен қазіргі заң жинағында ұқсастық бар ма? «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» және Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» араға жылдар салып қазіргі қолданыстағы конституциямызбен немесе басқа заманауи заңдармен салыстырып, одан бір ұқсастық іздеу дұрыс болмасы анық. Бірақ Тәуке ханның қағидалары мен қазіргі қолданыстағы заң жинақтарында кейбір ұқсастықтар бар. Мәселен:
I бөлім. Мемлекет мүддесі
1-бап. Мемлекет тұтастығы мен бірлігіне іріткі салып, бүлік жасаған жан өлім жазасына кесіледі.
ІІ бөлім. Ұлт тазалығы
2-бап. Жеті ата ішінде қан алмастыру өлімге немесе ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады.
ІІІ бөлім. Дін тазалығы
3-бап. Жеті адам куә болып, Құдайға тіл тигізгені дәлелденсе, тас боран қылып өлтіріледі.
4-бап. Өзге дінге кіріп, кәпір бол¬ған адам мал-мүлкінен айырылады.
5-бап. Өзіне-өзі қол салғандар бөлек жерленеді.
ІV бөлім. Жанұяның біртұтастығы
6-бап. Егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады; мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса, жазадан босатылады, бірақ қарғысқа ұшырайды).
7-бап. Егер ері әйелін өлтірсе, ол әйелінің құнын төлейді.
8-бап. Егер екіқабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туса: 5 айлық бала үшін – 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі балаға – әр айына 1 түйе төлейді. (1 түйе 3 атқа немесе 10 қойға тең).
9-бап. Әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі және т.б.
Қорытындылай келе, «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, заман ағымына қарай еліміз өзгерсе де, ғасырлар бойы қалыптасқан Ата заңымыздың өзегі сақталып, негізгі құндылық идеясы бүгінгі кейбір нормативтік құжаттардан көрініс табуда. Қазіргі қолданыстағы Ата Заңда ең басты құндылық ретінде адамның өмірін көрсетуі соның айғағы болса керек.
Ата-баба салған ұлы жол, ұлттық құндылық, құқықтық нормаларды жаңа заманға сай дамыту, қолдану – келесі буынның міндеті. Сондықтан да өскелең ұрпақ, жас буын Қазақстанның келешегін жарқын ету жолында халық құқығын ең алдыңғы орынға қойып, елімізді көркейту жолында аянбай еңбек етуі тиіс. Қазақта «Еліңнің болашағы көркем болсын десең, балаңды азамат қыл» деп бекер айтпаған. Қандай дамыған ел болса да, егер олардың жастарының тәрбиесі мен даму қарқыны дұрыс бағытта жүргізілмесе, өткені ұмытылып, болашағы күңгірт тартары сөзсіз. Жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғының» бүгінгі жалғасы – Қазақстан Республикасының Конституциясы. Мемлекетіміздің түп қазығы – Ата Заңымыз халқымыздың өркендеуіне, тұрақты дамуына, экономикалық тұрғыдан әл-қуатының артуына, беделді мемлекет ретінде танылуына алғышарт, берік қазық болары анық.
Аида Сынасап
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
24.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024