06-10-23 |
4860 рет қаралған
Дінаралық келісім-тұрақтылықтың бастауы.
Дінаралық келісім-тұрақтылықтың бастауы

Қазақ ұлтының Ислам дінімен қауышқанына он екі ғасырдан асты.

Сол замандардан бастап біздің ұлттық сана-сезіміміз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз, мәдениетіміз және әдебиетіміз асыл дініміздің құндылықтарымен бірге дамыды. Тұтас бір құнды қазынаға айналды. Алланың Қасиетті Құраны мен Пайғамбардың (с.ғ.с) хадисін- дәстүрге енгізіп, кейінгі ұрпаққа өзге ағым жетегінде кетпес үшін, тәрбие мен шариғатымызды жеткізді. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар. Ислам діні әрбір халықтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктеріне, салт-дәстүрі мен әдет- ғұрпына  көңіл бөледі.

Алаш жұрты ұрпағын «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деп тәрбиелеген. Біздің бүгінгі міндетіміз жастардың құлаққап киіп, сымсыз телефоннан бас көтермей қажетсіз нәрселерді тыңдаудан алшақтату, оның денсаулыққа да, рухани азғындыққа да алып келетінін түсіндіру. Имандылық дәрістерімен халықтың асыл қазынасын жастардың бойына сіңіру, рухани байлығынан сусындату, салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділін үйрету.

Абай атамыз:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Және хақ жол осы деп әділетті, – дейді.

Осы төрт қатар өлең жолдарында қаншама адамшылдық, мейірім, шапағатты көруге болады. Адамның барлығына сүйіспеншілікпен қараудың өзі бір ғанибет екені сөзсіз. Дәл осы уақыт бір-бірімізбен жағаласатын заман емес, жүрегімізбен араласатын заман. Себебі иман мен адамгершілік, мейірімділік бәрі жүректе.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Нағыз мұсылман өзге адамдар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп айтқан. Демек, нағыз мұсылман – қоғамдағы өзге адамдарға зиян тигізбей мемлекеттің тыныштығын басты назарда ұстайтын адам.

Жаһандану заманында халықтардың тату-тәтті ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешудің басты жолы өзара құрмет пен сыйластық. Ал, өзара сүйіспеншілікте болудың жолы жақын танысуда жатыр. Сондықтан мұны жүзеге асыру наным-сенімі әртүрлі адам баласын өз ерекшелігімен, өз дүниетанымымен қабылдай отырып пікірлесуде. Алла Тағала біздерге: «Кітап иелерімен (өзге дін өкілдерімен) ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» деп бұйырды.

Жоғарыда айтып өткенімдей, иманнан қуат алған дін мен дәстүр бір арнаға тоғысып, адам жүрегіне орныққанда әрбір адам қоғамда өзін еркін, жақсы сезінеді. Біздің мемлекетіміз зайырлы мемлекет болғандықтан, елімізде тұратын әрбір азаматтың діни-наным-сеніміне ешкім кедергі келтірмейді. Қазақстан бейбітшіліктің тұрағы.

2003 жылдан бері елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайы өткізіліп келеді. Дәстүрлі Дін көшбасшыларының съезін өткізудегі негізгі мақсат қоғамның тұтастығын сақтау. Дінаралық және ұлтаралық араздықтың алдын алу арқылы мемлекетіміздің тыныштығы мен тұрақтылығын нығайту. Қандай да бір діннің артықшылығын анықтау емес, күрмеуі қиын адамзатқа ортақ мәселелерді өзара бірлесіп шешуге әрекет ету.

Бұл жиында әлемдегі діни қақтығыстарды тоқтатуға себепші болатын түрлі ойлар, ұсыныстар айтылады. Съездегі ұсыныс-пікірлер, ортақ шешімдер алауыздыққа емес барлық әлем халықтарын бірлікке, ынтымаққа, тыныштыққа шақырады. Әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату туралы ойлары талқыланады.

Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын бір шаңыраққа қосып, ашық диалог ұйымдастырып, ортақ бір келісімге келуге зор мүмкіндік жасап келеді. Мәдениеттер мен дәстүрлердің және көптеген көзқарастардың әралуандылығына қарамастан, біздің еліміз діни негізде қақтығыстар орын алмаған мемлекет болып қала береді.

Көптеген мемлекеттің тұрғындары бір ғана ұлттан құралмайды және бір дінді ғана ұстанбайды. Демек, біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, мемлекет аумағында, елді мекенде, бір қалада бір емес әртүрлі дінді ұстанатын бауырларымызбен бірге тұрамыз. Осы жағдайда пенде өзінің діни сенімімен шектелмей, басқалардың да діни сеніміне түсіністікпен, сыйластықпен қарауға міндетті.

Ресеймен шекаралас Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 33 православиелік, 11 католиктік шіркеу болса, 63 мұсылмандар мешіті бар. Біз ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау жұмыстарына зор мән беріп келеміз. Діни мерекелерде провославиелік, католиктік шіркеулерінің басшыларын құттықтап, құрмет көрсетеміз. Бәріміздің мақсатымыз ұлтаралық татулықты сақтау. Сондай бірлескен жұмыстарымыздың нәтижесінде солтүстіктегі түрлі ұлттың тоғысқан аймағы тыныштық пен татулықтың тұрағы десек те болады. Сонымен қатар жастардың арасындағы ағарту және тәрбие жұмыстарында әрдайым сергектік танытып келеміз. Тіпті бақылауда ұстаймыз десек, артық айтқандық емес.

Қоғамда түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Әрине, біздің тарапымыздан түсінік жұмыстары және алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу арқылы дәстүрлі дінімізге, салт-дәстүрімізге жат ағымдардың қол сұғушылығына жол бермейміз. Әрдайым ұрпаққа салтымыз бен дәстүрлі дінімізді ұштастыра отырып, тура жолымызды жеткізе білсек, онда ортақ міндетіміздің орындалғаны. Дана халқымыз «Алтау араз болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп, татулықтың ырыс-береке екенін ұрпағына өсиет еткен. Алла бізді татулығымыздан айырмасын! Әмин!

Хамзат Қажымұратұлы

«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы

Arasha.kz

ФОТО: дереккөз

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.