29-10-23 |
1770 рет қаралған
Қара жол қателікті кешірмейді.
Қара жол қателікті кешірмейді

Қара жолда орын алып жатқан қайғы аз емес. Қателікті кешірмейтін қара жолда қаншама тағдыр үзіліп, қанама адамның денсаулығынан ажырап, мүгедек арбасына таңылғанына ресми статистика дәлел. Әсіресе, балалар арасындағы өлімнің көбеюіне, балалар денсаулығының төмендеуіне де жол апаттары аз әеср етіп отырған жоқ. Міне, санаулы уақыттан кейін мектеп оқушылары күзгі оқу демалысына шығады. Сондықтан Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігі мәселесін тағы да көпшілік назарына салып, жол полициясы қызметкерлері мектептерде дәрістер өткізуді жаппай қолға алып отыр.

Бала – әрбір отбасының байлығы, мемлекет қамқорлығындағы әлеуметтік жағынан ең осал топ. Олардың қауіпсіздігін қорғау қоғамның да, мемлекеттің мекемелердің де, сонымен бірге білім ордаларының да басты назарында. Қауіпсіздіке осы салалардың бәрін жұмылдыру оң нәтиже беретінін уақыт көрсетті. Соған орай ата-ананың ұл-қызына жолда жүру мәдениетін тәптіштеп үйретуі мектепте міндетті түрде жалғасын табуы тиіс. Бастауыш сынып балаларына бағдаршам түстерінен бастап, жолдан өтудің шарттары толық түсіндірілуі керек. Оқушылар кішкентай кезінен жол қауіпсіздігін сақтамаудың салдарын, көпшілік ортада өзін ұстау тәртібін меңгергені дұрыс. Баланы жауаптылыққа үйрету, ортақ тәртіпке бағынудың маңызын бойына сіңіру мектеп қабырғасынан басталады. Осыны ескерген мектеп ұжымдары бүгінде жол полициясы қызметкерлерін арнайы шақырып, балалармен еркін жағдайда сұхбаттасып, өз тәжірибесімен бөлісуіне жол ашып отыр. Өйткені, балаларға ата-анасы мен ұстазының ескертпесінен гөрі, жол сақшысының ақыл-кеңесі айтарлықтай әсер етеді. Сырттан келген мәртебелі қонақтың әр сөзі, әр қимыл-қозғалысы, мысалы санада жатталып қалатыны, жаңғырып тұратыны дәлелдеуді қажет етпейді.

Жалпы, балалардың қауіпсіздігін қорғауда Ішкі істер министрлігінің атқарып отырған жұмыстары ауқымды. Айталық, мектеп алдындағы өткелдерге белгі қою, жолдағы жылдамдықты төмендету үшін кедергілер орнату осы полицияның ұсыныс беруімен жергілікті әкімдік қызметкерлері атқарып келе жатқан маңызды жұмыс. Сонымен бірге, көлік нөпірі көбейетінін, балалар қарасы молаятын таңғы, түскі, кешкі уақытта полиция қызметкерлерінің жол өткелдерінде кезекшілік жасап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуі дәстүрге айналған.

Полиция қызметкерлері жол апатына қатысты шынайы ақпарат таратуда, түсіндірмелер беруде де белсенді. Қай өңірдің полиция басқармаларын алсаңыз да жол апаттарына байланысты ақпарат пайда болғанда бірінші пікір білдіріп, жағдайға байланысты көпшілік көкейіндегі сауалдарға алдымен жауап беретін полиция қызметкерлері екенін көзіміз көріп жүр. Жалпы, Мемлекет басшысының халыққа жақын болу, ақпараттық тұрғыдан ашық болу бойынша тапсырмасын өз деңгейінде орындап отырған бірден бір мекеме болса, ол – Ішкі істер министрлігі деп сенімді түрде айтуға болады. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Соның арқасында ақпарат құралдарында жол қауіпсіздігіне, жол апаттарынан сақтандыруға қатысты мәліметтер, деректер мен дәйектер, мамандардың пікірі дер кезінде, кең көлемде жарық көріп келе жатыр.

Ішкі істер министрлігінің жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында жүзеге асырған жұмыстардың бір парасы арнайы сауалнамалар ұйымдастырып, рейдтер жүргізіп, іс-шаралар өткізуінен көрініс табады. Әсіресе, мектеп оқушылары каникулға шығарда, немесе сабақ басталар тұста республика көлемінде «Назар аударыңыз, балалар!» деген ортақ тақырыппен рейдтер өткізуі жыл сайын үзілмей келе жатқан әдемі үрдіс. Бұл шара тек жүргізушілер жауаптылығын арттырып, жаяу жүргіншілердің өмірін сақтауға бағытталып қоймайды. Осы шара кезінде құзырлы органдардың қала, аудан, ауыл мектептерінің аумағында жол қозғалысын реттеп, техникалық құралдардың сапасына, жол белгілерінің өз орнында тұрғанына, бояуының өшпегеніне, бүлінбеуіне, жол үсті таңбаларының дұрыс орналасуына тексеру жүргізуі әдемі үрдіске айналған. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға  нұсқама беріліп, ұсыныс-хабарлама жолданып, көліктің жылдамдығын мәжбүрлеп азайтуға арналған жасанды кедергілерді қою, жол белгілерін қайта қалпына келтіру, апат жиі орын алатын жерлерді анықтап, қайғылы жағдайдың алдын алу үшін жаңа белгі орнату бойынша әр тоқсан сайын ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Әсіресе, мектеп алдындағы  жаяу жүргіншілер өткелінің таңбалары үнемі сақшылар бақылауында.

Сонымен қатар, жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын жол апаттарының алдын алуда профилактикалық шаралардың да маңызы зор. «Абайлаңыз, балалар!», «Абайлаңыз, жаяу жүргінші!», «Балалар, жолда абай болыңдар!», «Мектепке жол» деген ортақ атаумен өтетін бұл шаралар кезінде білім ордаларында түрлі кездесу өткізіліп, әлеуметтік сауалнамалар жүргізіліп, ойындар ойнатылады. Әсіресе, мектеп оқушыларыдың жол ережесін білуден өтетін жарысқа өте тыңғылықты дайындалатыны байқалады. Өйткені, қай бала болса да болашақта өз көлігінің болғанын армандайды. Ал ойын барысында өзін жаяу жүргінші, көлік жүргізушісі, қоғамдық көлік жүргізушісі ретінде сынап, олардың жолдағы міндеттері мен мүмкіндіктерін меңгерген балалардың жол ережесін жаттауы болашағы үшін қажет.

Жол қауіпсіздігінен қорғаудың келесі бір тетігі – балаларды түнгі қыдырыстан сақтап, бақылаусыз көшеге шықпауын қадағалаумен өзектес. Ал егер балалар аса қажеттіліктен көшеге шыққан жағдайда киімдеріне түнде алыстан байқалатын жапсырма жапсыру маңызды. Бұл жылтырақ жапсырмаларды сақшылар оқушыларға арнайы таратып беруде.

Қауіпсіздік жұмыстарының келесі бағыты ақпараттық бейнероликтер жасап, таратумен байланысты. Қазір азаматтар барлық ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алатыны белгілі. Көпшілігі ақпаратты оқып, зерделеп отырғаннан тыңдағанды, көргенді тәуір көреді. Және қауіпсіздікке үндейтін мұндай материалдардың қысқа да нұсқа, мәліметтері дәл, деректері мен дәйектері зерттелген болуы шарт. Сақтандыруға бағытталған дыбыс, бейнероликтерді қоғамдық орындарда, автобустарда, кинотеатрларда көрсеткен ұтымды болары ақиқат.

Осындай профилактикалық жұмыстардың кең көлемде, кешенді түрде жүргізіліп келе жатқанына қарамастан, республикадағы жол апатынан көз жұмғандар мен жарақат алғандардың арасында кәмелетке толмаған жастардың үлесі қомақты. Және мұндай қайғылы жағдайдың бәрі жүргізушілердің кесірінен орын алады десек қателесеміз. Өйткені, жасөспірімдердің белгіленбеген жерден жүгіріп өтуі, бағдаршамның тыйым салу сигналына өтуі,самокат, велосипед, мопед, квадрацикл сияқты құралдарды асығыс жүргізуі себеп болып жатады.

Сонымен бірге, жоғары сынып оқушылары арасында көлікті ата-анасына, туысына айтпай жүргізіп кету деректері басым. Жол ережесін толық меңгермеген, көлік басқаруға бейімделмеген балалардың апат тудыратыны түсінікті. Өкінішке орай, осындай жауапсыз жеткіншектер де апатты жағдайға түрткі болып, көпшілікке залалын тигізіп жүр. Ал басқару құқығы жоқ баласына көлігін берген ата-ана да жауапсыз қалмайтынын ұмытпағанымыз жөн. Баласын бақылаусыз жіберген ата-ананың әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл төлеуіне тура келеді.

Көп жағдайларда ата-аналар балаларды тасымалдау кезінде жол ережелерін бұзып, теріс өнеге көрсетіп жатады. Ал балалар үлкендерден көргенін жасайды, сондықтан жол ережесін сақтауды бірінші өзімізден бастағанымыз абзал. Үлкендер жолда сақ болып, режеге бағынса, оны көрген балалардың да жол қауіпсіздігін сақтайтыны анық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.