28-10-23 |
3660 рет қаралған
Балағат сөз айтқандарға жаза қатал.
Балағат сөз айтқандарға жаза қатал

Жақында Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық туралы мамандандырылған ауданаралық соты балабақша ауласында тәрбиешілерге балағат сөз айтып, көпшілікке құрмет танытпаған З. деген азаматқа 69 мың теңге айыппұл салды. Сот бұл жерде балағат сөзді тәрбиешінің ғана емес, балалардың да естігенін, осы арқылы азаматтың қоғамды сыйламағанын алға тартқан.

Бұл республика судьяларының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгеріс бойынша шығарған бірінші қаулысы емес. Заң баптарының қатаңдатылғанын естіп, білсе де азаматтар әлі күнге дейін былапыт сөйлеп, осы әрекеті үшін айыппұл арқалауда.  Жалпы, өркениетті елдердің өзінде айналасына құрмет танытпай, әдепсіз сөз айтқандарға жауаптылық көзделген. Біздің еліміздің заңнамасында да балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан бар. Бұған дейін адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз бұзу қылмыстық теріс қылық ретінде бағаланады. Сәйкесінше мұндай теріс әрекетке  жол бергендер 100 АЕК-ке дейін айыппұл төлеп немесе 120 сағатқа дейін түзеу жұмыстарына, не болмаса қоғамдық жұмыстарға жегілетін еді.

Отбасылық-тұрмыстық қатынастарда адамдарға айқын құрметсіздік білдіретін және қылмыс құрамын қамтымайтын балағат сөздер мен басқа да әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жаза сот арқылы ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамаққа алу түрінде болуы мүмкін. Ал енді кодекстегі наурыз айынан бастап қолданысқа енгізілген жаңашылдыққа орай қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, қорлап тиісу, қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру және айналасындағыларға сыйламаушылық білдіру әрекеттері үшін  жауаптылық артқан. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұрын ұсақ бұзақылық, соның ішінде қоғамдық орында қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқандарға 17 250 теңге айыппұл белгіленіп немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу жазасы берілетін. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгеріске орай мұндай әрекеттер үшін жаза үш есеге өсті. Сөйтіп тәртіп бұзған азаматтардың қазір 20 АЕК яғни 69 мың теңге айыппұл төлеуіне тура келуде. Немесе құқық бұзушы 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.

Заңдағы дәл осы өзгеріс қоғам тарапынан өте қызу талқыланғаны белгілі. Біреу бейәдеп сөзді айтатындардың жазалануы керек шара десе, біреулер оны қозғалыссыз қалатын, қоғам тарапынан қолдау таппайтын тетік деп бағалауда. Жалпы қазақ «сөз сүйектен өтеді» деген ғой. Адамның жанын жаралап, қадір-қасиетін төмендетететін бейәдеп сөздердің жаға жыртысудан бастап, адамның өліміне себеп болып жататыны шындық. Мұның сыртында адамның мәдени деңгейі, ой-өрісінен хабар беретін былапыт сөйлеудің ұрпақ тәрбиесіне де кері әсері бар.

Тіпті жаңартуға байланысты өз пікірін білдірген халықтың бір тобы «бұл өзгеріс азаматтардың бір-біріне кек алуының құралы болмаса игі» деген қаупін алға тартқаны есімізде. Алайда тәжірибе көрсеткендей, жаңа заңнаманы қолдануда әзірге ешқандай қиындық та, ешбір заңсыздық та орын ала қойған жоқ. Бүгінде республикада Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабын қолдануда бірыңғай тәжірибе де қалыптасып үлгерді. Осы ретте әкімшілік құқық бұузышылыққа қатысты күнделікті істерді қарайтын судьялар заңның жаңашылдықтарын таныстыру, түсіндіру бағытындағы жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Судьялар мұндай іс-шараны азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында, қоғамдағы ұсақ бұзақылықтардың жолын кесу үшін тұрақты жүргізіп келеді. Осы ретте сот өкілдері жұмыс барысында азаматтардан жиі туындайтын сауалдарға да жан-жақты жауап беріп келеді.

Мәселен тұрғындарды «әкімшілік жаза тағайындалуы үшін «мені боқтады» деген арыз жеткілікті ме» деген сауал көбірек қызықтырады. Бұл ретте судьялар азаматтың боқтағаны нақты фактілермен дәлелденіп, куәгерлер сөзімен бекітілгенде ғана іс сот өндірісіне қабылданып, шешім шығарылатынын айтады.

Яғни, полиция қызметкерлері өндіріске түскен әрбір өтініш бойынша дәлелдемелер жинайды. Соның ішінде азаматтың өтінішін қабылдап, тіркеген соң сақшылар куәгерлердің айғақтарын тексеріп, құқық бұзушылық бойынша дыбыс-бейнетүсірілім жасалса, оның монтаждалмағанына, түпнұсқа екеніне көз жеткізуі міндет. Істі таразылай барысында қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы сұралады. Тек осыдан кейін ғана балағат сөз айтуға байланысты іске нақты ұқықтық бағаны сот береді.

Сондай-ақ, сотта бүгінгі күнге дейін қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқан, айналасындағыларды құрмет танытпаған, балағат сөзбен азаматтардың тыныштығын бұзған азаматтардың ісі таразыланған. Ендеше, заңдағы өзгерісті талқылау барысында көпшілік айтқан күдік-күмәннің жойылғанына бүгінгі сот тәжірибесі дәлел бола алады.

Ұсақ бұзақылық бойынша қарастырылатын категорияларды тізбелегенде әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін берілетін жаза реті мен айыппұл көлемі де  халықтың қызығушылығын тудырған еді. Бұл сұраққа деген сот органдары тәжірибеден мысал келтіре отырып, нақты жауабын ұсынды. Соған сүйенсек, әлеуметтік желілерде балағат сөздер айтып, соның кесірінен азаматтардың тыныштығы бұзылса, бұл әрекет ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады. Мәселен, кейбір балағат сөздер әлеуметтік желідегі жұрттың талас-тартысын тудырып, соңы айқай-шуға, жеке бастың қадір-қасиетін төмендетуге соқтырып жатады. Мұндай ойсыз әрекеттер дер кезінде жазасын алмаса, әдетке айналуы әбден мұмкін.

Жалпы, бейәдеп сөз айтатындарға қатысты жазаның өскені өте дұрыс. Себебі, жазасыздық жаңа құқық бұзушылықтарды тудырады. Ал жаза азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, ортаға сыйластық танытуына ықпалын тигізеді.  Сонымен бірге, әлеуметтік желілердегі жазбаларда бейәдеп сөздерді тұздық етіп пайдаланатындар қатары өсіп еді. Заңдағы өзгеріс олардың әр жазбасына мұқият қарап, балағат сөздерді сөздік қорынан алып тастауына ықпал етті. Себебі, әлеуметтік желідегі таспаланған жазбаны азаматтардың өзіне қаратып айтылған  сөз деп қабылдайтындауы әбден мүмкін. Алайда заңның нақтылануы, соттардың аз ғана уақытта бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға деген ұмтылысы көкейдегі талай мәселенің оң шешілуіне ықпалын тигізді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.