30-09-24 |
4110 рет қаралған
Абай облысында нәтижеге қол жеткізуге емес, қаражатты игеруге басымдық берілген.
Абай облысында нәтижеге қол жеткізуге емес, қаражатты игеруге басымдық берілген

Абай облысында нәтижеге қол жеткізуге емес, қаражатты игеруге басымдық берілген. Бұл туралы жоғарғы аудиторлық палата хабарлады.

Жоғары аудиторлық палатасы өткен жылы республикалық деңгейде аудит жүргізіп, жергілікті атқарушы органдар борышының көлемі соңғы 5 жылда 2,5 есеге өскенін анықтаған. Жергілікті жерлерде борышты бақылау және басқару жүйесінде айтарлықтай жүйелі проблемалар мен кемшіліктер бар екені белгілі болған.

Мәселен, Абай облысында 2022-2023 жылдары жинақталған борыш көлемі 69 млрд теңгеден асып түскен. Оның ішінде биыл 30 сәуірдегі жағдай бойынша 16 млрд теңгеден астамы өтелген. Кредиттеу бағыттарының құрылымында құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы бағдарламалардың үлесі басым.

Өңірде жүргізілген аудит 12 объект пен 20,7 млрд теңгеден астам соманы қамтыған. Атап айтқанда, аудит барысында өңірдің 6 квазимемлекеттік сектор субъектісі 224 млн теңгеден астам сомаға қарыздардың сыйақы сомасын және негізгі борышын уақтылы өтеу бойынша міндеттемелерді орындамаған. Тағы 3 аудит объектісі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізу кезінде 711 млн теңгеден астам сомаға бухгалтерлік заңнаманы бұзуға жол берген.

Өңірлік деңгейде борышты басқару процесін Абай облысының қаржы басқармасы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп жүзеге асырады. Алайда мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың құрылған алгоритмі өңірдің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін сапалы және уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік бермейтінін тексеру нәтижелері көрсеткен.

Бірде-бір мемлекеттік орган борыш бойынша стратегияның тиімділігіне және оның өңірдің қаржылық жағдайына тигізетін әсеріне тұрақты талдау жүргізбейді. Мемлекеттік борыштың бюджетке, экономикалық өсуге және басқа көрсеткіштерге қалай әсер ететіні туралы бағалау жоқ, — делінген аудиторлық қорытындыда.

Аудиторлардың бағалауына сәйкес қарыз қаражатын пайдалану шеңберінде жүргізілетін жұмыс көбіне олардың игерілуіне бағытталған. Бұл ретте жұмсалған қаражаттан нақты нәтиже мен экономикалық тиімділік алуға жеткілікті көңіл бөлінбеген.

Аудит қорытындысы бойынша 1,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану 6,1 млн теңгені, тиімсіз жоспарлау 143,3 млн теңгені құрады. Рәсімдік сипаттағы 21 бұзушылық анықталды. Ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда 20,6 млн теңгені құраған.
Аудит объектілеріне тиісті ұсынымдар беріліп, бұзушылықтарды жою үшін ұйғарымдар шығарылған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.