10-10-24 |
3970 рет қаралған
Конституциялық Сот: мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда қорғаушыны қылмыстық істен шеттету Конституцияға қайшы келмейді.
Конституциялық Сот: мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда қорғаушыны қылмыстық істен шеттету Конституцияға қайшы келмейді

Конституциялық Сот азаматтың Қылмыстық-процестік кодексітің 94-бабы бірінші бөлігі 3) тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша қорытынды шешімін шығарды.

ҚПК-нің көрсетілген нормасына сәйкес қорғаушы, егер қорғалушымен мүдделері қарама-қарсы адаммен туыстық қатынастарда болса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатыса алмайды.

Конституциялық Сотқа жүгінген субъект құрылыс ұйымының басшысы (және құрылтайшысы) болып табылады және оған қатысты алаяқтық туралы қылмыстық іс қозғалған. Ол таңдаған қорғаушы (адвокат) аталған ұйыммен бұрын брондау шартын жасасқан адамның жақын туысы болуына байланысты прокурордың шешімімен қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттетілген.

Өтініш иесінің пікірінше, 94-баптың бірінші бөлігі 3) тармағының редакциясы прокурорға осы норманы өз қалауы бойынша қолдануға мүмкіндік береді (дискреция), бұл өзі таңдаған адвокаттан (қорғаушыдан) білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығын бұзады.

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот ҚПК-нің көрсетілген нормасы Конституцияға сәйкес келеді деген тұжырым жасады. Сот өзінің қорытынды шешімінде мүдделер қақтығысын қоса алғанда, заңда белгіленген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттету Конституцияға қайшы келмейді, өйткені ол қылмыстық сот ісін жүргізудің әділдігі мен заңдылығын және іс бойынша дұрыс шешім қабылдауды қамтамасыз етуге бағытталған. Адвокаттардың білікті қорғаушы ретіндегі қызметі Негізгі Заңда бекітілген сот арқылы қорғалу құқығын және сот төрелігі қағидаттарын жүзеге асырумен тығыз байланысты және қылмыстық істер бойынша шешімдер қабылдау кезінде объективтілікті, бейтараптылықты және әділдікті қамтамасыз ету бойынша жария мүдделерді іске асыруға негізделген деп көрсетті.

Сонымен қатар Конституциялық Сот Үкіметке өзінің қорытынды шешімінде баяндаған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды.

КС нормативтік қаулысының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/732532?lang=kk

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.