Соңғы жылдары Моңғолияда өтетін «Бүркітшілер фестивалінде» қазақ-моңғол тілінде жазылған «AmerSalem» деген ән хит болды. Амер көне моңғол тілінде амандасу болса, «сәлем» сөздің атасы екенін өздеріңіз білесіздер! Көшпелілер тойына арналған әннің де тарихы ерекше. «Күллі көшпелі халыққа сәлем беру, қазақ-моңғол достығын, туыс халық екенін көрсетуге тырыстық» дейді әннің авторы Сүбэдэй Самдын.
Сүбэдэйдің руы тыва-урианқай. Бірақ әжесі Пернегүл апамыз керейдің төлек туынан шыққан. «От» тобының ұранына айналған туынды туралы зерттеп отырып, осылайша туған жиенімізді тауып алдық. Ұланбаторға жол түскен соң арнайы барып танысып қайттық. «Әжем 60 жыл бұрын қайтыс болған, көп ештеңе білмеймін» деседе Сүбэдей түркі халықтарының тарихы, өнері, тіпті қазақ хандары Керей мен Жәнібектің елтаңбасына дейін біледі. Домбыраға салынған елтаңбаны көрсетіп бізге оның жүйрік аттың жүрісін меңзегеніне дейін айтып берді.
Жалпы соңғы жылдары тек Моңғолия сахнасында ғана емес, әлем сахнасында бірқатар түркі тектес халықтарларға тиесілі товшуур, домбыра, икел, хомус, цуур, дүнгер аспаптарымен қатар көмей өнерін заманауи музыка жанрларымен ұштастырып, ерекше орындап жүрген топ бар. Тек атауы ғана емес, мазмұны да «От» десек болады. «От» бэндтің продюсері, негізін қалаған әнші, музыкант С.Сүбэдэй. Топтың ішінде қазақ хип хоп әнші-артист Тоху(Толхонбек) бар. Тағы әнші, қыл қобызшы Б.Тэмүүжин және С.Хулан сынды өнерпаздардан құралған «От» бэнд үлкен сахналарды бақындырып келеді.
Өздеріңіз білесіздер, «От» атауы ежелгі ғүн түркі тіліндегі «шоқ» деген мағынаны білдіреді. Түркі халықтарының «шоғын» маздатып, өнерін лаулатып жүрген «От» бэнд осылайша 2021 жылы Каргыраа атты фолклорлық топтың жанында құрылған. Салт-дәстүрді, көне өнерді насихаттайтын тыва-урианқай тобы болып саналады.
Қазіргі уақытта топтың қоржынында рэп жанрында 5 моңғол ән, сондай-ақ, заманауи түркі фольлорлық жанрында атақты «AmerSalem» әні бар. Топтың қоржыны саусақпен санарлық болса да, «От» бэндке деген сұраныс Жапоняи, Корея сынды елдерде жоғары.
«AmerSalem» әнінің сөзін Сүбэдэй мен Тоху екеуі бірге жазады. Салаумалейкум қара орман халқым,
Саламалейкум аман ба жалпың
Салаумалейкум қазақ халқым
Салаумалейкум ата салтым…. және моңғол тіліндегі нұсқасы бар. Бірақ бұл әндегі кейбір сөздерге қатысты қатты сынға ұшарғандарын жасырмады. «Мен тек көшпелі халықтарды өнермен біріктіргім келді, одан басқа артық ойым болған жоқ» дейді Сүбэдэй. «Қазақтар мен үшін Жошының ұрпағы. Моңғол мен қазақты аспаппен салыстырсам домбыра мен товшур сияқты, екі ішекті, аспаптан шыққан үн де бірдей, тартылуы да бірдей тек ғана екі аспаптың аты басқа. Сондықтан бұл екі халықта тоғысып жатқан өнер мені шабыттандырады» деп отыр қазақтың жиені.
Бір таңғаларлығы -5-6 аспапта ойнап, көмей арқылы табиғаттың небір ғажап дыбысын салып отырған Сүбэдэйдің мамандығы құрылыс инженері. Музыкалық білімі жоқ. Бірақ табиғат берген дарын бар. Тыңдап отырып, талантына таңғаласың, тамағына «бұлбұл» ұя салған ба деп ойлайсың!
Сүбэдэйдің ескіден сақтап келе жатқан және өзі арнайы тарихи суреттер салдырып жасаған қобыз, товшур, шаңқобыз, сыбызғы, дауылпаз сияқты бірнеше аспабы бар. Оның кейбірін Баян Өлгейде Қайназар деген ұстаға тапсырыспен жасатыпты.
Товшур мен мооринхун (Ат басты қобыз)
Товшурды тывалар «дошлур» деп атайды екен. Моңғолдар, ойрат моңғолдары «топшлур» десе, орыстар «қалмақ домбыра» атайтын көрінеді. Ал қытайдағы қалқа моңғолдар төрт ішекті қобызды «қомыс» дейтін көрінеді.
Үш ішекті қобыз
Жалпы түркі тектес халықтарда бір-біріне ұқсас тек кейде ішек санынан, формасынан ғана айырмашылығы бар ұлттық аспаптар көп. Олардың шығу тарихына байланысты аңыз-әңгімелер де бар. Ең бастысы, аспап әртүрлі болғанымен өнер ортақ, өнерде шекара жоқ.
Серікгүл Сұлтанқажы
-
03.12.2024
-
03.12.2024
-
03.12.2024
-
03.12.2024
-
03.12.2024
-
03.12.2024
-
03.12.2024
-
03.12.2024
-
03.12.2024