Танымал өнертанушы, кино режиссер, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай қоғамдағы өзекті мәселелелерге байланысты өзінің азаматтық позициясын нық білдіріп отырады. Arasha сайтына арнайы сұхбат берген қоғам қайраткері қазіргі «Қазақфильм» киностудиясының жағдайынан бөлек Ресейдің ақпараттық, мәдени экспансиясы, идеологиялық теке-тірес мәселелерін де ашып айтты.
– Ерлан мырза, ұзақ жылдардан бері Жазушылар одағы, Қазақфильм, Ғылым академиясында түрлі дау-дамайдың тұтанып жататынын жиі байқаймыз. Билік, бір жағынан, бұл ұйымдарды уысынан шығарғысы келмейтіні анық, екінші жағынан, кеңестік заманнан бері шығармашылық одақтардың мәселесіне араласып, “мемлекеттің нашар менеджер” екенін еріксіз аңғартқан жоқ па? Яғни, әлі күнге дейін кеңестік басқару тәсілдері қолданылады. Болмаса неге билік бұл дауларды оңтайлы шеше алмай отыр?
– Кеңес заманында бұл үштік қазақтың рухани тірегі бола білді. Ошақтың үш бұтындай деген қазақтың ежелгі сөзі бар – үш бұтты ошақ өте орнықты болады. Мұндай ошаққа орнатылған қазан еш уақта төңкерілмейді. Міне, өзіңіз айтқан қазақтың ғылым мен әдебиет және кино – осы үш тірегі ұлтымыздың рухани берекесін кіргізіп, санасын сәулелендірді һәм эстетикалық талғамын түзеді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ қоғамына ең қажетті рухани қорек – жан азығын берді, ғылым-біліммен сусындатып, эстетикалық тәлім-тәрбиенің көзі боп тұрды.
Айтпақшы, ошақтың монғол тіліндегі атауы – тұлға. Тұлға демекші, аталған үш ошақты да құрылған күнінен бастап, халқымыздың біртуар тұлғалары басқарды. Атап айтсақ, кезінде Сәкен Сейфуллин құрған Жазушылар Одағын Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев Олжас Сүлейменов; ал Ғылым Академиясын оның негізін салушы Қаныш Сәтбаев, Шапық Шокин; «Қазақфильмді» халқымыздың тұңғыш кинорежиссері Шәкен Айманов сынды тұлғалар басқарды. Міне, осындай ірі тұлғалар басқарған кезде бұл Одақтар шын мәнінде қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетінің, ғылымы мен өнерінің рухани ордасына айналды. Алайда 1991 жылы Тәуелсіздік алған тұстан бастап, аталған одақтардың кетеуі кетіп, шаруасы қожырай бастады. Одақтардың кетеуін келтіріп, шаңырағын шайқалту – Қазақстанды автократиялық жолмен ұзақ жылдар билеуді көздеген Назарбаевтың аяр саясаты болатын. Сол үшін Назарбаев Ғылым Академиясы мен шығармашыл одақтардың және «Қазақстан» т.б. телевидениелердің басшылығына күмәнді адамдарды әкеліп қойды. Тұлғалық қасиеті жоқ бұл басшылар аталған одақтар мен идеологиялық мекемелерді қалай болса солай басқарып, аяусыз талан-таражға ұшыратты. Кадрлық ресурстарды қадірлемеді, білікті, принципшіл мамандарды жұмыстан кетірді. Ең сұмдығы – олар өздері басқарып отырған одақтар мен ғылыми, шығармашылық мекемелерді Назарбаев билігінің ыңғайына жығып берді. Сөйтіп, бұрын белгілі деңгейде халық пен билік арасына көпір болған бұл институттар тек Назарбаев билігін қолдауға, сайлау кезінде оның билігін ұзартуға жанталаса кірісетін жанды инструменттерге айналды. Және сол кездегі билік интеллегенцияның басын қоспау үшін түрлі дауларды қолдан тұтатып, оны кейде өршітіп, кейде бәсеңдетіп отырды. Одақтардағы бітпейтін дау осы кездері басталды.
Соңғы отыз жыл ішінде Ғылым Академиясы, Жазушылар Одағы, «Қазақфильм» киностудиясы үздіксіз құлдырау үстінде болды. Ақыры Ғылым академиясы жабылып тынды, Жазушылар Одағының құр аты ғана қалды, ал «Қазақфильм» болса құлаудың аз-ақ алдында тұр. Осылайша Назарбаев өз арманына жетіп кетті, ең бастысы ол осындай шығармашылық ордаларымен қоса, жалпы ел басқаруға қабілетті тұлғалардың түбіне жетіп кетті. Тұлғалардың орнын өңшең жағымпаздар басты. Басқару саласының барлығына кілең жағымпаз функционерлер келді. Өз кезегінде олар тұлғаларға, келешек тұлға болатын жастарға, білікті кадрларға қырғидай тиді. Бұл үрдіс «Жаңа Қазақстан» тұсында да қарқынды жалғасуда. Соның айғағындай қазіргі қазақ қоғамында алаш баласы аузына қарайтын бірде-бір беделді тұлға қалған жоқ. Барлары шетелде немесе ел ішінде қор болып жүр. Ашы болса да шындық осы.
«Қазақфильмге» келсек, осы үш шығармашылық орданың ішіндегі ең жаны сірісі болып шықты. Мәселен, болмашы бюджетке күн көріп тұрған «Қазақфильмді» 2019 жылы мемлекеттік қаржыландырудан «ағытып» тастады. «Қазақфильм» сонда да күнін көре білді. Ол үшін ол өзінің бұрынғы қорын пайдаланды, ғимараттарын жалға беріп жан сақтады. «Қазақфильмді» одан әрі тұралату үшін лобби жасаушылар оған осы жылдар ішінде ұйымдастыру қабілеті мүлде жоқ біліксіз басшыларды әкеп қоюда. Жоғарыдан жіберілген әлгі «агенттер» «Қазақфильмге» басшы болып келіп алғаннан кейін компанияны жасанды жолмен түрлі қиындықтарға тап келтіріп, қолдан проблемалар тудыруда. Соңың айқын айғағы – соңғы бес жылда «Қазақфильмде» туындаған проблемалардың барлығының қолдан жасалуы, ең сұмдығы бұл проблемалар Мәдениет министрлігінің қолдауымен «жүзеге асырылуда». Бұл тұрғыдан министрдің лоббистермен ымы-жымы бір сияқты. Сондағы олардың көздегені «Қазақфильмнің» 18 гектар жері. Өйткені бұл жердің құны қазіргі нарықтық бағамен 1 миллиард долларға жақындау. Мұндай мол ақша біздің олигархтарды тыныш жатқызсын ба? Мемлекеттің нашар менеджер болып отырғанының бір кілтипаны осында. Бұл жерде кландар мүдесі тұрғандықтан, мемлекет аталған дауларды шеше алмай отыр. Өйткені жоғарыда айттым ғой, билікте лобби жасаушы топтар отыр деп…
– Қазақфильм киностудиясында қазіргі жағдай қалай? Тұрақты басшылық тағайындалды ма, білуімізше, басшы болған Азамат Сатыбалдыдан кейін Айдар Омаров уақытша міндетін атқарушы қызметіне кіріскен еді ғой…
– Қазіргі жағдай аса күрделі күйінде қалып отыр. Киногерлердің былтыр митингке шығуы, баспасөз конференциясын өткізуі, биыл аниматорлардың наразылық акциясын жасап, А.Сатыбалдыны қызметінен кетіруі, қараша айының 2-сі күні киногерлердің Президентке Үндеу жолдауы, ізінше Еңбек Ерлері қазақ киносының ақсақалы Асанәлі Әшімов пен әдебиетіміздің ақсақалы Дулат Исабеков бастаған қадірлі қарияларымыздың Президентке хат жазуы, Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Парламент қабырғасынан аса өткір жасаған мәлімдемесі «Қазақфильмдегі» ауыр ахуалдың нақты көріністері. Ең сорақысы, мұның біріне Президент те, Үкімет те назар аудармады, шара қолданбады, тіпті заң талаптарына сай он күннің ішінде жауап та бермеді. Бұл түптеп келгенде, қадірлі қарттарымызды кісі екен демеу, мұндай сұмдық кейінгі тарихта болып көрген емес. Ақсақалдарымыздың сөзі аяқасты болғаны киногерлерді одан сайын ашындыра түсуде. Сондықтан киногерлер наразылығы тоқтамайды, кино саласындағы қордаланған проблемалар түпкілікті шешімін тапқанша жалғаса бермек.
Айдар Омаровқа келсек, қазақ тілінде бір ауыз сөз сөйлеуге арланатын бұл азаматқа «Қазақфильм» ұжымының, жалпы киногер қауымның өкпесі қара қазандай. Себебі уақытша басқарушы А.Омаров та, орынбасары Әсет Ерназаров та «Қазақфильмге» Алматы қалалық әкімшілігінен келген жас функционерлер. Біріншісі – сонда госзакупшик, екіншісі бухгалтер болып істеген. Кино саласында бір күн қызмет етпеген бұл екеуі қазір «Қазақфильмнің» сорын қайнатуда. Не кино өндірістен хабары жоқ, не шығармашылықтың не екенін білмейтін, киногерлердің мұң-мұқтажын түсінбейтін бұл екеуі өткенде «Қазақфильмге» тападай тал түсте әскер кіргізіп масқара болды. Мұндай шетін жағдай «Қазақфильм» тарихында тұңғыш рет орын алды. Кинокамерасы мен қаламынан басқа түгі жоқ киногерлерге әскери жасақ шақыртып, қару кезеу – оңай процедура емес. Ол үшін әкімшілік пен күштік құрылымдармен тығыз байланыста болуың керек. Бұл тұрғыдан екеуінің жолы болды, Алматы әкімшілігі «Қазақфильмдегі» әріптестерінің сөзін жерге тастаған жоқ, киностудияға мұздай қаруланған жасақ жіберіп, мылтық кезеп, киногерлердің жүрегін жаралады. Бұл қорлықты ұмытпаймыз һәм айыптаймыз және қазіргі уақытша басшылардың бұл қорлығын ешқашан кешірмейміз.
– Қазақфильм тарихында да жаңа басшылықтың тағайындалуынан бастап жалақыны дер кезінде төлемеуге дейін әр жылдары түрлі даулар туындады. Бұл еңбек құқының да киностудияда сақтала бермейтінін аңғарта ма?
– Иә, «Қазақфильмде» еңбек құқығы еш сақталмайды. Еңбек құқығын сақтау түгілі жоғарыдан тағайындалып жатқан басшылар қарапайым адами кісіліктен ада. Олар киногерлерге мал есебінде қарайды. Бұл жағдай ХVII-XVIII ғасырлардағы батыс Еуропаның жабайы капитализмін еске түсіреді. Ауыр болса да, бұл да бір ащы шындық! Осының бір көрінісі кино түсірушілер ылғи еңбек ақыларын ала алмай үнемі сорлап жүреді. Мәселен, «Қазақанимацияға» жыл сайын жеті ай бойы айлық бермей, мемлекет арнайы бөлген қаржыны қасақана ұстап отыру «Қазақфильм» басшыларының тұрақты дағдысына айналған. Бұларды шешелерінен бюрократ болып туған ба дерсің. Өйткені тиісті құжаттарға жарты жылдап қол қоймай отырып алу, сөйтіп жұмыс процесін қасақана жүргізбей қою – қазіргі уақытша басшылардың сүйікті ісі. Бұл жөнінен оларды «Жаңа Қазақстанға» саботаж жасаушылар деуге болады. Олар тиісті құжаттарға дер кезінде қол қоймаса кино өндірісі процесінің жүрмейтінін, өндіріс процесі жүрмесе еңбекақы болмайтынын, еңбекақы болмаса жалақыға қарап отырған кино мамандарының отбасының аш қалатынын, кредит төлей алмай әлеуметтік-психологиялық күйзеліске ұшырайтынын әсте ойламайды. Кейде мен бұларды саудагер әулеттен немесе жемқорлық арқылы байыған бақуатты отбасында өскендіктен, бір күн қарны ашпаған тоқ балалар ма деп ойлаймын. Әйтпесе, жеті ай түгілі бір ай жалақы алмаудың салдарынан аш қалудың отбасы үшін қандай ауыртпашылық екенін білер еді ғой. Бұл орайда менің министрлікке де таңым бар. Айлық еңбекақы алмаудың мынандай кредитқұлдық заманда қандай қиын екенін – бір білсе министр білуі керек еді әрі қол астындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына кез келген министр тікелей жауапты емес пе?! Жоқ, керісінше, мемлекет бөлген қаржыны бергізбеуге министрліктің өздері мүдделі тәрізді. «Қазақанимацияға» бөлінетін 500 миллион теңгені жеті ай бойы депозитте ұстап, оның пайызы мол түсім әкеліп жатқан шығар біреулерге. Жыл сайын қайталанатын бұл шетін жағдай амалсыз осындай күпір ойларға жетелейді.
– Бұл проблемаларды шешудің жолдары бар ма?
– Оп-аңай! Басында айттым ғой, бұл проблемалардың барлығы қолдан жасалып отыр деп. Мұны шешу үшін Үкімет «Қазақфильм» басшылығына киногерлер өздері қалаған киноөндірісін жетік білетін, қолы таза кризис менеджер әкелуі керек. Мұндай мықты азаматтар киногерлер арасында бар. Сосын «Қазақфильмді» мемлекет тікелей қаржыландыратын қылу қажет, яғни бұрынғы сыннан өткен жүйеге қайтып келуі керек. Сонда қордаланған проблемалар біртіндеп шешіле бастайды.
Тағы бір өзекті проблема – «Қазақанимация» ШБ-ы. «Қазақфильмнің» біліксіз басшыларының кесірінен жылына үш-төрт ай ғана жұмыс істесе де «Қазақанимация» бірлестігінің басшылығы мен кәсіби ұжымының жанқиярлық еңбегінің арқасында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі мемлекеттік тапсырысты дер кезінде орындап, сапалы өнімдер шығарып отыр. Алайда «Қазақфильмге» келген басшылар бірінші кезекте осы «Қазақанимация» ұжымымен алысудан қолдары босамайды. Тиісті құжаттарға қол қоюды қасақана созып жүріп алу арқылы өндірісті жүргізуге кедергі келтіріп бағады. Бұл Қаржы министрлігінен арнайы бөлінген қаржының уақытында келмеуіне әкеліп соғады. Мұның аяғы аниматорлардың айлық алмауына ұласып, соңы аниматорларды наразылық акциясына шығуға мәжбүрлейді. 2017 жылдан бері «Қазақфильм» басшылығына келгендердің бұдан басқа да аниматорларға жасаған әпербақандық істері толып жатыр. Шағын сұхбатта мұның бәрін тізе беріп қажеті жоқ. Тек олардың бірнешеуінің «Қазақанимация» тарапынан мықты тойтарыс алғанын айтсақ та жеткілікті. Биылғы А.Сатыбалдының «Қазақфильмнен» кетуі – аниматорларға көрсеткен зәбірінің сыбағасы болды.
Тоқ етерін айтқанда, «Қазақанимация» ШБ өркендеуіне, сапалы контент жасауына, бір сөзбен айтқанда, әлемдік деңгейдегі мультфильмдер түсіруіне «Қазақфильмнің» біліксіз басшылығының бюрократиялық тосқауылдары бөгет болып тұр. Сондықтан таяу арада «Қазақанимацияны» «Қазақфильмнен» бөлек, министрліктен тікелей қаржыландыратын өз алдына дербес компания қылу керек. Сонда ғана «Қазақанимацияның» проблемалары шешіліп, кино саласындағы бітпейтін даулар аз да болса толастар еді.
Айтпақшы дауларды болдырмаудың, кино саласын тұрақтандырудың оңтайлы жолы – қазіргі өзін өзі ақтай алмаған Ұлттық Киноны қолдау Мемлекеттік орталығын таратып, оның орнына Мемлекеттік Кино комитетін құру. Содан кейін Ұлттық киноны дамыту жөнінде ұзақ жылдарға арналған концепция әзірленуі қажет. Бүгінгі күнге дейін Министрлікте Ұлттық киноның келешегіне байланысты бірде-бір стратегиялық құжаттың жоқтығы бұл саланың өркендемеуіне әрі басынан дау кетпеуіне алып келе бермек.
– Жақында Ресей сыртқы істер министрі Лавров келіп, “ортақ тарихты жазамыз”, “екі ел тарихшыларынан құралған комиссия құрылады” деп мәлімдеді. Жалпы, Қазақстан мен Ресей отаршылық тарихқа да екітүрлі қарайды ғой. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғысты Ресей “Ұлы Отан соғысы” деп, “кеңестік Отанды” қайта дәріптегендей болады. Қазақстанда ашаршылық пен репрессия жасап, ұлт көсемдері мен халықтың тең жартысын қырған Сталинді “Ұлы тұлға” деп дәріптейді. Сіз өнертанушы ретінде мұндай тарихи бұрмалаушылық неге әкеп соғуы мүмкін деп ойлайсыз?
– Ресей Қазақстаннан айырылғысы келмейді. Соның айғағындай соңғы жылдары Ресей экспансиясы күшейе түсті. Әсіресе саясат пен экономиканы айтпағанда, идеологияда қатты білінеді. Ресей саясаткерлері тіпті БАҚ арқылы қоқан-лоқы жасап қояды. Лавровтың «ортақ тарихты жазамыз» деуі құр сөз жүзінде қалуы мүмкін, түптеп келгенде еш нәтиже бермейді. Өйткені екі мемлекетке ортақ тарих жазу деген әлемдік практикада жоқ. Әрине, биліктің тапсырмасымен ортақ тарих жазуға келісетін қолбала тарихшылар табылуы мүмкін. Дегенмен мұндай тарихшылар тарих алдында қарабет болып қалмақ. Десек те қазіргі Ресей тарапының өктемдігіне байланысты ортақ тарих жазылар да, бірақ бұл «тарих» бірден күресінге тасталмақ. Мұндай тарихты оқытамын деу де утопия. Өйткені қазіргі қазақ қоғамының көзі ашық, керек тарихты оқырмандар өздері-ақ тауып алады. Тек мектеп бағдарламасына кіріп кетпесе болғаны.
– Қазақстанның бастауымен халықаралық орыс тілін қорғау ұйымы құрылып, оған үш жылда 110 млн астам теңге бөлінетіні белгілі болды. Жалпы, әлемде сөйлеушілер саны 100 млн адамнан асқан тіл қорғауды қажет етпейді, керісінше 20 млн кем адам сөйлесе, ол тіл қауіпті аймақта. Қазақ тілінің жағдайы сондай. Неге халықаралық қазақ тілін қорғау ұйымы құрылмай отыр деп ойлайсыз?
– Қазақстанның бастауымен халықаралық орыс тілін қорғау ұйымы құрылып, оған үш жылда 110 млн астам теңге бөлінуі таза абсурд! Дегенмен Тоқаев билігін түсінуге болады. Өйткені Ресей соңғы жылдары көршілеріне қатаң агрессиялық саясат жүргізуге көшті. Ресей-Украина соғысы соның айғағы. Ресейдің империялық пиғылдан жуық арада арылар түрі жоқ. Қазақстан билігінің бұл шешімі Ресеймен арадағы тұрақтылықты сақтау мүддесінен туған амалсыз қадамның бірі деп ойлаймын. Әрине, орыс тілі қорғауға зәру емес, сондықтан қазақ тарапы бөлген қаржы орыс тілін дамытуға емес, Ресейдің соғыс қажеттілігіне жұмсалуы мүмкін. Әйтеуір «заңды» бөлінген қаржы ғой…
Қалай дегенмен, қазақ билігі Ресейді осындай түрлі айла-шарғылармен алдарқата тұрмаса болмайды. Кесіртке деген кішкентай жәндік бар. Сол қауіп төнгенде, құйрығын үзіп қашып кетеді. Ал құйрығы тулап жатады. Ұстап алмақ болғандар сол тулаған құйрыққа алданып қалып қояды. Бейнелеп айтқанда, Қазақстан да осындай саясат ұстап отыр. Өйткені Қазақстанның әскери әлеуеті, басқа да соғыс ресурстары өте әлсіз. Қару-жарақ қоймаларында бірнеше күнге ғана жететін снаряд бар дейді. Өзіңіз білесіз, Арыстағы, Жамбыл облысындағы оқ-дәрі, қару-жарақ қоймаларын сыртқы күштер жарып жіберді. Бұл сыртқы жау күштердің алдын ала жоспарлаған ісі тәрізді. Мақсаттары – қазақты қарусыздандыру.
Біздің сенімді одақтасымыз екібастан жоқ. Түркия түркі бірлігі деген ұрандарды жиі көтереді. Егер 500 жылдық Қазақ Хандығы тарихында Осман империясының Қазақ Хандығы қаптаған жаумен соғысып жатқанда бірде-бір рет көмекке келмегенін, атақты Әз Тәуке ханның Ресейге қарсы бірігіп соғысайық деген хатына Осман билігінің жауап бермегенін еске алсақ, бұл шынында да ойланатын жағдай. Әлемде ең тұрақсыз екі нәрсе бар, оның бірі саясат, егер біреу болса, ол да саясат. Сондықтан Қазақ билігінің өзіне ғана, өз халқына ғана сенбеске амалы жоқ. Бұл тұрғыдан Тоқаевтың сыртқы саясаты дұрыс па деп ойлаймын. Ал ішкі саясатына байланысты кемшін дүниелер жоқ емес, тіпті ол күрделеніп бара жатқандай…
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Кәмшат АЙТБАЙҚЫЗЫ
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024