23-01-19 |
7900 рет қаралған
Шоқыну суына шомылу шариғаттың амалы емес.
Шоқыну суына шомылу шариғаттың амалы емес

Мемлекетіміздің бір сипаты – көп дінділігі екені даусыз. Сондықтан, қайсыбір дін өкілдері өздерінің қандай да бір мерекесін атап өтемін десе, оған шектеу жоқ. Жыл сайын 19 қаңтарда еліміздегі православие христиандары «крещение мерекелерін» атап өтетіні соның жарқын бір мысалы. Өздерінің тілінде «крещение» деп атайтын бұл күні олар қыстың аязды күніне қарамастан далада жаппай суық суға шомылады. Өйткені, «крещение» сөзінің өзі «бату» деген мағына берсе керек. Бетіне қалың мұз қатқан судан арнайы ойық ойып, оған шіркеу әкейі айқышын (крест) батырып, дұғаларын оқып, діни рәсімдерін жасағасын, келген жұрт тегіс түсе бастайды. Оның мәні осынау қасиетті күні су атаулы жаңарып, оған түскен адам да сол арқылы тазарады дегенге саяды. Осы уақытқа дейін бұл тек сол дінді ұстанғандарға тән түсінік деп келдік.

Алайда, олай емес секілді. Өйткені, «шоқыну шомылуына» келетіндердің арасында соңғы уақытта мұсылмандардың да қарасы көбейе бастады. Әрине, бұл ол мұсылмандардың басқа дінге бет бұрғанын білдірмейтіні анық. Мұны аталмыш дүниенің белгілі бір дінге тиесілі рәсім шеңберінен шығып, жалпыхалықтық сипат ала бастағанымен байланыстыратындар бар. Яғни, діни сенімнің жетегімен емес, денсаулықтарын нығайту мақсатымен келеміз дейтін қазақтардың қатары артты.

Бізді ойландыратыны да осы, бұл расында денсаулықтың қамы ма, әлде адасу ма?! Мұндай шомылуға баратын қаракөздеріміздің қарасы жылдан жылға көбеймесе, бұлай алаңдамас едік. Денсаулықтың жайын күйттеу болса, қыстың христиан дініндегілер «крещение» жасап, күнәдан тазаратын күнінен басқа да күні де көп емес пе дейсің, еріксіз.      

Биыл «крещениеде» қазақтардың суға шомылуы да және олардың бұл әрекеті ғаламтор беттерінде талқыға түсуі де жылдағыдан гөрі көбейгендей. Оған Оралдағы, Екібастұздағы жайттар көбірек себеп болса керек. Тіпті, Екібастұзда «крещениге» арнап қазақтың киіз үйі тігілген. Ал, оны басқа емес, қалалық әкімдік ұйымдастырған. Қазақтың қонақжайлылығын көрсетейік деп ол жерде дастархан жайып, суық суға шомылғандарға ыстық шай, дәм дайындаған. Мұны аз десеңіз, қала әкімі келіп құттықтап та кеткен.

Шағын қала әкімдігінің бұл қадамы дін мен мемлекет бөлек деп танылатын қоғамымызда қаншалықты құпталады, ал қаракөздеріміздің әлгіндей әрекеттеріне асыл дініміз қандай баға береді?! Бар білгіміз келетіні осы ғана. «Самарқанда апам бар, одан да өткен сорақы» демекші, дәстүрлі дінімізбен қабысып келген қазақы салттың бәрін жоққа шығарып, өздерін нағыз дін жолындамыз деп есептейтін сақалдылар да христиандардың «крещение» мейрамында суға түсуден сырт қалмағанын қалай түсінеміз. Әлеуметтік желіге тараған олардың әлгіндей бейнежазбасы әлеуметті бей-жай қалдырмай, қызу талқыға тұздық болды.

Денсаулығының қамы екеніне малданып, өзге дінге тән наным-сеніммен рәсім жасалған суға бату қазақ баласы үшін күнәға бату болып жүрмесе игі. Себебі, ислам дініне салсақ жаратылушының қай қадамы дұрыс, қай қадамы бұрыс екені тек Жаратушыға аян емес пе?!

Кенжеәлі МЫРЗАБАЕВ, ҚМДБ Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры, «Қалқаман-2» мешітінің бас имамы:

– Еліміздегі басқа діни сенімге құрметпен қарау, оның салт-жоралғыларын атқаруларына кедергі келтірмеу зайырлы мемлекетімізге тән ұстаным. Алайда, бұл мұсылмандардың басқа дінге тән рәсімдерді жасауына болады дегенді білдірмейді. Расында, христиандардың «крещение», яғни шоқыну суына түсу рәсімін солармен бірге атқаратын мұсылмандар жылдан жылға көбейіп барады. Қазақтардың, мұсылмандардың бұлай суға түсуі ислам діні мен шариғат тұрғысынан дұрыс емес.

Бәлкім, мұсылман азаматтар қақаған қыста мұздай суға мұсылмандардың да түсуге батылы жететінін көрсету үшін түсіп жатқан болу керек. Мұндай іс-әрекетке нақты бір тұрғыдан баға беру қиын.  

Денсаулыққа пайдасы туралы әңгімеге келсек, асыл дініміз ешқандай да мұсылман мүміннің суға түсіп денсаулығын түзеуіне шектеу қоймайды. Салқын суға шомылғаннан денсаулығыңа шипа болатын болса, онда оны өз өзіңді бақылай отырып тұрақты түрде жасауыңа ислам қарсы емес. Алайда, бұл христиан дінінің «крещение» мейрамында көппен бірге суға түсе бер дегендік емес. Тіпті, суық күндегі мұндай қадам денсаулыққа кері әсер етуі де мүмкін ғой.

Сосын, бұл арада әдеп мәселесі туындайды. Өйткені, ол жерде әйелдер купальникпен шомылады, ер адамдар да шомылу үшін жалаңаштанады. Шариғатта «сәтр әурәт» деген болады. Яғни, мұсылман әйел тұрмақ ер адамға да басқаға денесін көрсету дұрыс емес. Бұл ислам әдебімен қабыспайды. Қала берді, «крещениде» ері де, қызы да, әйелі де келіп арнайы дайындалған бір суға түседі. Ал, ондай жерде тазару тұрмақ, тазалық сақталады деп айту да қиындау. Сондықтан, мұның мұсылман үшін қажеті жоқ дүние екенін еске салғым келеді.

Әрине, әркім өзі біледі. Сол себепті әр ісіне, амалына әрбір мұсылманның өзі жауап береді. Бірақ, жылына бір келетін оразаны денсаулығын сылтауратып ұстауға қиналатын бауырларымыз бар. Жаз күндері мешіттерде жұма намазы кезінде ыстықта тұрғысы келмей, көлеңке іздеп жатады. Былай айтқанда, жайшылықта ислам үшін ештеңе істемей, ал басқа нанымға тән мейрамның жетегінде қыстың суығында денсаулыққа қауіп төнетініне қарамастан тастай суға түсу көкейге қонымсыз іс. Мұның жастар үшін тәрбиелік мәні, пайдасы жоқ.

«Крещениеде» мұсылмандардың өзге діни сенімдегілермен суға түсуі, жалпы, ислам үшін бе, имам үшін бе деген сұрақ туады. Себебі, бұл шариғатта жоқ. Ал, шариғатта жоқ амалды жасау имамды күшейтеді деп тағы айта алмаймыз.    

Айбар САҚ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.