25-01-19 |
8030 рет қаралған
«Мәселе Жақып Асановтың айналасындағыларда».
«Мәселе Жақып Асановтың айналасындағыларда»

– Айман Мұратқызы, жуырда сіздің Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі алқасының жұмысын сынға алғаныңыз есімізде. Алқа төрағасы Абай Рахметулиннен бастап, ондағы судьялардың барлығы дерлік орнынан кетуі керек деген мәлімдемені әлеуметтік желі арқылы Елбасынның атына жолдадыңыз. Бұл қаншалықты орынды? Жоғарғы Сот жұмысына неге көңіліңіз толмай отыр?
– Мәлімдемем Елбасының құлағына жетеді деп үміттенем. Өйткені, сот Мемлекет басшысы жіті қадағалап отырған саланың бірі. Ол кісі еліміздің сот жүйесінде болып жатқан проблемаларды біледі және сезінеді деп ойлаймын. Бұл туралы өз жолдауларында жиі көтеріп, сот жүйесін жетілдіру қажеттілігін айтып та жүр. Елбасы қазіргі Жоғарғы Сот төрағасын осы қызметке тағайындаған кезде де сот жүйесіндегі реформаларды жеделдетуді, қордаланған проблемалары шешуді көздегені анық. Бірақ, басшы ауысқанмен, сот креслосына бұрыннан жайғасып алған ескі кадрлар орындарынан қозғалмай отыр. Нәтижесінде, жалғыз төрағаның жұмысы елге көрінбей, тіпті оның еңбегін ел теріс мағынадағы «папулист» ұғымында бағалап, «айтады, бірақ ештеңе істемейді» деп те жүр. Өз басым, Жақып Асановты жеке танымаймын, маған еш жақындығы да жоқ. Ол кісінің қолдан келгенше жұмыс жасап жатқандығына шүбәм да жоқ. Мойындау керек, қазір полициядағылар соттан сәл де болса аяқ тарта бастады. Тергеушілер «сотта ақталып кете ме» деп қорқатын болған. Десек те, мәселе Ж.Асановтың айналасындағыларда болып тұр. Олар жаңа реформаны, жаңа талаптарды жетік түсінбейтін сияқты. Басшы осылай деді екен деп, ойлары өзгеріп жатқан жоқ. Неге десеңіз, қазір мен Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы десе, «төбе шашым тік тұратындай» жағдайға жеттім. Жалпы азаматтар бұл сотқа ақырғы үмітін арқалап, әбден тығырыққа тірелгенде келеді. Төменгі сатылардың табалдырығын тоздырып, әбен шаршап-шалдығып кассациялық сот алқасына жеткенде балталары тасқа тигендей болып жатқандар қаншама. Осыдан кейін халықтың сот төрелігіне деген сенімі біржола өшеді.
– Сөзіңізге қарағанда, сізден адвокаттық көмек сұрап келетіндердің көбі алғыңғы соттарда жеңіліс тапқандар болып тұр ғой.
– Әртүрлі. Аудандық сотқа ісі түскендер, апелляциялық сатыға шағымданғандар да бар. Соның ішінде Жоғарғы Сот сатысына үміт артқандар да кездеседі. Шынымды айтсам, мен сенбі, жексенбі күндері жұмысқа келуге қорқамын. Осы күндері Қазақстанның түкпір-түкпірінен араша сұрап, кеңсемнің алдында көз жастарын көлдеттіп тұратындар көбейіп барады. Ал, енді сонау шалғайдан, төрт-бес күн жол жүріп келген адамға қалай «жоқ» деп айтасың. Содан, ісіне үңіліп, дұрыс-бұрысын түсіндіргеннен кейін тиісті келісім-шартқа отырып, ары қарай жылжимыз. Осы жерде егер іс қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот алқасына келіп тірелген болса, жағдай қиын деген сөз. Өйткені, кассациялық алқадағылардың берер жауабы маған алдын ала аян. Олар «сіздің шағымыңызды қарауға негіз жоқ!» деген бір ауыз сөзбен-ақ қаншама адамның тағдырын шешуге машықтанып алған. Ең сорақысы, ол жерде шағымға шын мәнінде ешкім үңіліп қарамайтынына көзім жетті.
– Сонда қалай?
– Мен нақты істер бойынша басымнан өткерген жағдайларға қарап, осындай байламға келдім. Заңсыздығы, жазықсыздығы көзге ұрып тұрған істердің өзін «негізі жоқ» деп қайтарғандарына қарағанда, олардың істің бетін ашпайтындығы көрініп тұр. Мысалы, Алматыда бала зорлады деген айыппен екі куәгер он бес жылға сотталып кетті. Анығында, бір бала кішкентай балаға сексуалдық сипатта зорлық көрсетіп жатқанда екі бала үстінен түсіп, арашалайды. Кейін жәбірленуші алты жастағы бала тергеушілердің айтқанын қайталап «осылар» деп көрсеткен бейне-жазба бойынша куәгер екі бала қылмыскер болып шыға келді. Ал, жәбірленуші баланың өзі бірінші бейне жауабында «олар емес, мына кісі» деп нақты бір адамды көрсеткен. Жәбірленген баланың анасы да тергеушілер баласын өздерімен бөлек бөлмеде ұстап, өзін түні бойы дәлізде күттіргенін айтты. Осыдан кейін барлық дәлелдер мен айғақтартары жинап, істі Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот алқасына жібергенбіз. Бірақ олар бізді мазақ еткендей істі қайта қарауға «негіз жоқ» деп қайтарып берді. Мұндай мысалдар өте көп.
Сонда деймін-ау, азаматтар сот төрелігіне жүгініп, әділдік таба алмаса, сотты бастан-аяқ заманауи техникамен жабдықтап, халықаралық қалыпқа сай реформалағанымыздан не пайда? Сондықтан мен Елбасының атына ашына үндеу жолдап, онда қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы мен ондағы судьялардың барлығы орнынан кетуі тиіс деп ашып айттым.
– Ал, адвокаттардың жұмысына қандай баға берер едіңіз? Адвокаттар халық пен құқық қорғау органдары арасындағы «делдал» дейтіндер де бар.
– Ондай әңгіменің айтылатыны рас. Ең қызығы, сондайлардың жолы болғыш. Адал адвокаттарға жұмыс істеу өте қиын. Сосын, адамдар қайдан білетінін білмеймін, бәрінің бағасын біледі. Олар маған қаламақы төлейтін кезде «көбірек берсем, шешіп бересіз бе?» дейді. Мен бірден «сот емеспін, шеше алмаймын!» деп кесіп айтамын. Байқасаңыз, қазір адвокат болып жүргендердің біразы бұрын прокуратурада, сотта қызмет еткендер. Мысалы, жаңағы екі баланы жазықсыз он бес жылға соттап жіберген судья қазір адвокат болып жүр. Тағы бір таңқалғаным, құқыққорғау саласында негізінен ер азаматтар көп. Сондықтан ба, олар әйел заңгерлерге шекеден қарайды. Кемшіліктерін көзіне шұқып көрсетсең, шалқаларынан түсе жаздайды. Қабылдағылары келмей, тіпті менсінбеушілік танытып жатады. Мен бұрын қазақшаға шорқақ едім. Қазір сондайлармен айтысып жүріп «шешен» болып алдым.
-Сіз көбіне аты шулы істердің ортасында жүресіз. Әсіресе, оңтүстікке көп барасыз. «Не шықса да, оңтүстіктен шығады» деген рас па?
-Педофилдерге қатысты сұрағыңыз келіп отырған болса, мұндай сұмдықтар еліміздің барлық өңірінде бар. Оның ішінде оңтүстіктегілері елге көбірек әшкере болып жатыр. Неге десеңіз, ол жақтағы жәбірленушілерге Алматыға жету қиын емес. Біздің де барып келгенімізге ыңғайлы. Ал, шалғайдағылар жабулы қазан-жабулы күйінде қалуда. Кейде таң қаламын, қаншама әйелдер қорлық көріп, кішкентай қыздар зорланып жатыр. Сонда, елімізде оларды қорғайтын ер азаматтар, қорғаушылар қалмағаны ма?! Осы жаңа жылдың алдында Қарасай ауданында он бес жастағы қызды зорлаған адамды зорға қамауға алдырдым. Қыз әбден зәбір көрген. Бір емес, бірнеше рет зорланған. Соған қарамастан, тергеушілер істі қыздың келісімімен болған деп жылы жауып қойған. Шырылдап жүгіп, дәлелдеп жүріп, тура 31 – желтоқсанда сот күдіктіні қамауға алуға санкция берді. Ер кісілер мұндайды қалыпты жағдай деп қабылдай ма, әйтеуір селқос қарайды. Бұрын мен өзімнің қазақшам шала болған соң, қазақ тілді істерді алмайтынмын. Қазір жылап-еңіреп, барар жер, басар тауымыз қалмады деп көмек сұрап келетіндердің көбі қазақтар. Сонда, оларға жаны ашитын ер азаматтардың қалмағаны ма? Бірінен-бірі өткен сұмдықтар мен заңсыздықтарды көргенде өмірден түңіліп кетесің. Солармен бірдей стресс алып, уайымдайсың. Сотқа барсаң, анау. Ішкі істердің жұмысы тіптен сұмдық. Олар адвокаттарды адам құрлы көрмейді. Іске байланысты бір жерден бір жапырақ қағаз алуымыз одан өткен мұң. Адвокаттар туралы заңның пәрмені туралы да айта-айта жағымыз қарысты. Аяғында сол заң не үшін, кім үшін қабылданғанын түсіне алмай қалдық.
– Адвокат Айман Умарованың қызмет ақысы қанша және оны заңсыздықтан жапа шеккен қарапайым клиенттің қалтасы көтере ме? Құпия болмаса, айтып берсеңіз…
-Нақты мұнша деп айтуға келмейді. Десек де, әр қызметтің өз ақысы бар. Адвокаттар да осы қоғамда өз нанын тауып жүрген көптің бірі. Әрине, сенің алдыңа ешкім жетіскеннен көмек сұрап келмейді. Мейлі жәбірленуші болсын, мейлі айыпталушы болсын біз оларды әлеуметтік жағдайына қарамастан қорғауымызға аламыз. Қаламақыдан түскен табысымыздың кемі 20 пайызын мемлекетке береміз. Мұны халық түсінуі тиіс. Шынымды айтсам, мені осы мәселе де қатты қинайды. Әбден шаршап, несие алып, қарызға батып, қайтсем әділдікке қол жеткізем деп алдыңа келген адамды «ақшаң жоқ» деп қайтаруға дәтім бармайды. Мұндайда мен бір істің қаламақысы қомақтылау болса, соның жанына жағдайы жоқ бір істі қосып, қолдан келгенше көмектесуге тырысам.

– Елбасының назарын аударғыңыз келген бейне-жазбадан кейін сот тарапынан сізге ешкім мұның не демеді ме?
-Ондай қоңыраулар болды. Әзірге не айтылғаны құпия бола тұрсын.
-«Артық айтып қойдым»- деп қорықпайсыз ба?
-Жоқ. «Қорқа, қорқа батыр болдым»- демекші, мен адам ашынғанда ештеңеден тайсалмайтындығына көз жеткіздім.

-Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Каусар Мұхтарқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.