Арыстанбек Мұхамедиұлы, мәдениет және спорт министрі:
– Елбасымыз «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойғаны баршамызға белгілі. Бұл ауқымды құжат кинематография саласында құқықтық негіз орнатуға бағытталған. Заң жобасы үш жыл бойы дайындалып, жасалып, енді бекітілді. Бұл кино саласы үшін маңызды, негізгі үш міндет – ұлттық кино өндірушіні қолдау, ұлттық киноны прокатта жылжыту, қазақстандық киноны әлемдік кино нарығына белсенді түрде шығаруға бағытталған осы сала үшін өте маңызды заң. Заң туралы кеңірек айтқым келіп отыр.
Еліміздің кинокөрсетіліміндегі барлық фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасау, не субтитр беру, немесе кадрдан тыс аударманы қамтамасыз ету – қазақстандықтардың ең күткен нормасы. Аударма көрсетілім иеленуші дистрибьютор есесінен жасалатын болады, және тұсаукесер мерзіміне әсер етпеуі керек. Аударма түпнұсқадан, немесе ресейлік нарық үшін орыс тіліне тәржімеленген нұсқадан жасалатын болады, мұны көрсетілім иеленуші өзі шешетін болады. Көрсетілімі шектеулі фильмдер ғана бұл ережеден тысқары болады. Ұлттық фильмдердің көрсетіліміне келсек, олар қазақ тілінде болады, басқа тілде қажеттілік туындаған жағдайда ғана көрсетіледі.
Қытай мен АҚШ-та көрсетілімдегі фильмдердің бәрі аудитория тіліндегі субтитрлермен қамтамасыз ету міндетті екенін бұрын да үлгі ретінде келтіріп едім. Бұл – ең оңтайлы және пәрменді механизмдердің бірі. Қазақстаға жылына 300-ден астам фильм әкелінеді және олар қазақ тіліндегі нұсқасыз көрсетілетін. Мұның әртүрлі себептері бар, соның бірі – құқық иеленуші үшін кәсіби дубляж жасауға жұмсалған қаржы еліміздегі көрсетілімнен түскен пайдадан асып кетуі мүмкін.
Сонымен қатар, заңда фильмдерді жасқа қарай жіктеп, соған сәйкес категория берілуін, фильмдерді жүйелеп, есепке алып, мониторинг жүргізетін біріңғай автоматтық ақпараттық жүйе құру қарастырылған. Қабылданған нормаларға сәйкес, Қазақстан жерінде фильмдердің көрсетілімі фестивальдерде, семинарларда, ретроспективадан тыс жағдайда, фильмдердің Мемлекеттік реестріне тіркеп, көрсетілім куәлігі негізінде рұқсат етіледі.
Кино өндірісімен айналысатын елдердің озат тәжірибесіне сүйене отырып, Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік Орталығын құру қарастырылды. Заң кинематографияны мемлекет тарапынан қаржылай қолдайтын оператор болып табылатын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жұмысының құқықтық негізін айқындайды. Ұлттық киноны қаржыландырудың жаңа моделі іске асады. Ірі киноөндірушілерді қолдау және инвесторларды тарту мақсатында субсидия төлеу, кинематография саласында салық жеңілдіктері, кино қызметін есепке алу және мониторинг жасау автоматтық ақпараттық біріңғай жүйе құру, киноколлекцияларды цифрландыру шаралары қарастырылған. Қазақстан үкіметі жанынан ұлттық фильмдерді мемлекет тарапынан қаржылай қолдау туралы ұсыныстар мен ұсынымдар мәселесімен айналысатын консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық фильмдерді мемлекет тарапынан қаржылай қолдау мәселелері бойынша мекемеаралық комиссия құрылады. Елбасымыздың тапсыруымен «Астанафильм» және «Қазақфильм» территориясында еркін экономикалық аймақ құру қарастырылды.
Жаңалықтар осындай, достарым! Біз бәріміз Елбасымыздың Заңға қол қоюын асыға күттік. Кинематография мыздың дамуында шешуші кезең болып табылатын Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы «Кинематография туралы» тұңғыш заң қабылдануымен баршаңызды құттықтаймын!
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024