27-03-19 |
4250 рет қаралған
Мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған отбасының мұңы көп.
Мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған отбасының мұңы көп

«Баламның аяғына кірген шөңге, көзіме кірсін» деп тілеу тілейтін халықтың ұрпағымыз. Бəріміз ұл-қызымыздың уайымсыз жүргенін, ауру-сырқаудан аман болғанын қалаймыз. Бірақ, өмір біз армандағандай тақтайдай тегіс емес. Сондықтан, кемістікпен туылған балалары бар отбасыларды шетке қақпай, қолдан келгенше жəрдем беру қоғамның басты міндеті.
Мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған отбасының мұңы көп. Баласының өз қатарынан қалып қойғанын көрудің өзі ата-анаға аз салмақ емес. Кемтар баласын жұрт көзіне шығарудан жүрексінетін жандардың бəрі бұл əрекетін өзі үшін емес, сырқат баласы үшін жасалатынын айтып жатады. Себебі, біздің қоғамда мүгедектерге деген адами сезім қалыптаспаған. Арбаға таңылған, бет-əлпетінде
өзгеріс бар, кемістігі көрініп тұратын жандарға осқырына қарап, саусақпен шұқып көрсетіп, сырт жүруге тырысатын адамдар мұндай қасірет өз бастарына келмейтіндей сезінеді. Алайда, бүгінгідей экологиялық ахуал құлдыраған заманда көптен күткен баланың дені сау туылатынына ешкім кепілдік бермейді. Тіпті, сау ұрпақтың да алдында не күтіп тұрғанын тап басып тану мүмкін емес. Сондықтан, өзіңді қоршаған адамдардың күйінішіне, қайғысына түсіністікпен қарау маңызды.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері де мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға барынша ден қойып келеді. Жақында ұжым қызметкерлері Ақтөбе қаласында орналасқан «Ғажап» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігіне қонаққа барған еді. Бірлестік директоры Ботагөз Дүйсекованың
айтуынша мүгедек балаларға қамқорлық жасап келе жатқан бұл орталық 2011 жылдан бері жұмысын жүргізіп келеді. Бірлестіктің міндеті ауқымды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды əлеуметтендіруге, оңалтуға, олардың құқықтық сауатын арттыруға, ақпараттық-əдістемелік дамуына бағытталған іс-шараларға мұрындық болып келе жатқан бұл бірлестіктің жақсылығын көрген, көмегін алған жандар баршылық. Қазірдің өзінде қоғамдық бірлестіктің құрамына 500-ге жуық бала тіркелген.
«Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қоғамның пікірі өзгеріп келеді. Кемтар балаларды қуантсақ, сырқатын жеңілдетсек деген ниетпен қаржылай қолдау көрсететін азаматтар қатары да артып келеді. Мысалы, Шахан Жолдаспаев ашқан мамандандырылған құрылыс компаниясы Ақтөбеде 50-ден астам пандус пен арнайы көтеру құрылғыларын орнатқан. Жас кəсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыруды мақсат етіп отыр» деген Ботагөз Дүйсекованың өзі сал ауруына шалдыққан бөбектерге арнап балабақша ашуды армандайтынын айтып отыр.
Əрине, бəрін бір мезетте шешу мүмкін емес. «Ғажаптың» бүгінгі қол жеткізген жетістігінің өзі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Қазір бұл жерде қол арбаға таңылған 116 бүлдіршінге мемлекеттік тапсырыс аясында түрлі көмек көрсетіледі.
Ботагөз Дүйсекова мемлекет тарапынан қаражат бөлінсе, мүгедек балаларды тəрбиелеп отырған ата-аналарға айтарлықтай көмек болатынын айтып отыр.
«Ғажап» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысқан ішкі істер қызметкерлері балаларға құры қол келмеген еді. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың қолымен жасалған бұйымдарды сыйға тартқан қонақтар балаларға үлкен қуаныш сыйлады. Ағаштан жасалған кеме, шахмат, шкатулка,
фоторамкалар, сувенирлер, тоқылған шұлықтар мен картиналар балалардың қызығушылығын тудырды. Бұйымдарды ұстап көрген балалардың сауалдары да аз емес екен. Олардың əр сұрағына ыждағаттылықпен жауап берген мамандар қолөнер бұйымдарының қалай жасалатынын барынша түсіндіріп берді. Қылмыстық-атқару жүесінің қызметкерлері мерекеге жиналған бүлдіршіндерге жəне олардың ата- аналарына жылы лебіздерін айтып, алдағы уақытта аталған акциялар жиі болып тұратынын жəне қол ұшын беруге əрқашан дайын екендерін атап өтті.

Шара соңында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арнайы дайындалған концерттік бағдарлама қойылды. Концерт барысында балалар мен ата-аналары бірігіп өздерінің Наурыз мерекесіне арналған өлендерін шырқап, қуаныштарымен бөлісті.

Бұдан кейін де «Ғажап» қоғамдық бірлестігі мен Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ Департаменті арасындағы байланыс жалғасын табатын болады.

Руслан ТӨЛЕГЕНОВ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.