06-02-19 |
2170 рет қаралған
Мемлекеттік қызметкер жемқорлықтан жоғары тұруы тиіс.
Мемлекеттік қызметкер жемқорлықтан жоғары тұруы тиіс

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен  қолға алынған «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламасында кәсіби мемлекеттік аппарат құру, құқықтық орта қалыптастыру басты назарға алынған. Соның ішінде халыққа қызмет ететін құрылым өкілдерінің білімді, білікті, әділ де жауапты болуына қатысты қойылып отырған талап жоғары. Әсіресе, мемлекеттік қызметті сыбайлас жемқорлықтан, парақорлықтан таза ұстау еліміздің басым бағыттарының бірі болып отыр.

Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауының тоғызыншы міндеттемесінде: «Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс», – деп көрсетілген. Яғни, жемқорлықты ауыздықтау үшін барлық саланың жұмысы ашық, түсінікті болуы, азаматтарды әуре салмайтындай жедел болуы тиіс. Сонда кезек күтіп, қандай құжат өткізетінін білмей әбігерге түскен халықтың таныс іздеп, төте жол қарастыруы тыйылады. Әрі бұл мемлекеттік қызметтің мінсіздігіне деген сенімді бекітеді.

     Осы ретте тәжірибеге енгізілген Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымының міндеті үлкен. Бұл лауазым иесі  – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қадағалап қоймай, өз функциясы шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беретін мемлекеттік қызметші болып табылады. Әдеп жөніндегі уәкіл жұмысын жандандыру мақсатында Әділет министрлігі тарапынан толымды жұмыстар атқарылып келеді. Әр өңірдің Әділет департаменттері мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалар мен Әдеп кодексін сақтауға қатысты ерекшеліктерді үнемі түсіндіріп, сауаттандырып отыруды әдемі дәстүрге айналдырған. Жалпы, әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің ел айнасы, тұтынушыларға әдепті қызмет көрсетудің үлгісі, билік пен халық арасындағы алтын көпір екенін терең сезінуі шарт. Соған орай, әрбір қызметкердің қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын қатаң ұстанып, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн, адамгершілікке нұқсан келтіретіндей масаң күйде жүруге жол бермеуі тиіс. Әсіресе, қарапайымды болуы – әр қызметкер үшін жазылмаған қағидаға айналғаны дұрыс. Тұтынушыға білімді жауап беріп, дұрыс жол сілтеп, сонымен қатар лауазымдық жағдайын пайдаланбауы да басты назарда.

        Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлудегі мақсат олардың іскерлігін ғана жетілдіріп қоймай, айналасындағыларға деген құрметі мен ізетін де қалыптастыру маңызды. Себебі, мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне және жүріс-тұрысына қарай халықтың атқарушы билік өкілдеріне деген көзқарасы мен сенімі қалыптасады. Осыған орай, алдағы уақытта әдептілік нормаларын сақтап, құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында Әділет министрлігінің бастамасымен ай сайын әрбір департамент пен құрылымдық бөлімдердегі мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қозғалған әкімшілік істер арнайы сараптадан өтеді, айыппұлдардың төлену тәртібі таразыланада, ал егер мемлекеттік қызметкерлердің айыппұлдарды уақытында төлемегені анықталса, онымен  тиісті жұмыстар жүргізіледі. Өйткені, кез келген мемлекеттік қызметкер ортақ тәртіпті сақтауда өзгелерге өнеге көрсетуі тиіс.

Мысалы былтырғы жылғы деректерді зерделеген Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаменті 10 мемлекеттік қызметшінің жол қозғалысы ережелерін бұзғанын, онымен қоса әкімшілік айыппұл арқалағанын анықтады. Әрі департамент басшысының нұсқауымен тексерген кезде осы айыппұлдардың төленбегені де белгілі болған. Алғашында көпшіліктің көзінше ескерту берілгенмен, алдағы уақытта айыппұлын уақытында төлемегендерге қатаң шара қолданылатыны ескертілді. Бұл басқа мемлекеттік қызметшілерге де үлкен сабақ болары даусыз.

«Кеңсекен істе кемшілік болмайды» дейді қазақ. Сондықтан, өзара күш біріктіріп, қызметті жүйелеу үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаменті арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс шаралар өткізу туралы меморандумға қол жеткізуінің астарында да осындай ортақ мақсат жатыр. Бірлескен келісімнен кейін қалалық, аудандық әділет басқармалары мен аумақтық сот орындаушылары бөлімдерінің қызметкерлеріне бірнеше рет көшпелі семинар өткізіліп, жемқорлыққа қарсы тақырыпта бейнероликтер көрсетілді. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлерді түзеу мекемелеріне арнайы алып басып, жемқорлықтың зардабы нақты мысалдармен түсіндірілді. Мөлдір Мәлікқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.