09-02-19 |
2070 рет қаралған
Заңдағы өзгерістер заман қажеттілігіне сай.
Заңдағы өзгерістер заман қажеттілігіне сай

Қазақстанды әлемге танытқан арда ұлдарымыздың бірі Денис Теннің өлімі елдің құқықтық алаңындағы біраз түйткілді көрсетіп берді. Бұл жағдай жазаны ізгілендірудің пайдасы мен зиянына қатысты көпшіліктің қызу талқысына себепші болды. Өйткені, чемпион өліміне кінәлі деп танылған екі азамат та бұған дейін істі болып, өз жазасын алған. Бірақ, жазаны ізгілендіру нәтижесінде, бостандығынан шектеліп, пробациялық бақылауда алынған. Әрине, мұндай кезде «егер қылмыскер алғашқы қылмысында қатаң жаза алып, бостандығынан айырылғанда спортшы ұлымыз тірі қалар ма еді?» деген пікірдің бой көтеретіні түсінікті. Шынында, бірінші рет қылмыс жасағандарға кешірім жасау, түзелуіне мүмкіндік беру дұрыс. Ал қателіктен сабақ алмай, ұрлық, тонауды жеңіл табыстың көзіне айналдырғандарға ешқандай кешірім болмауы тиіс. Көпшіліктің көздегені осы. «Халық қаласа, хан түйесін сойыпты» дегендей, көпшіліктің осы пікірі елдегі бірнеше заңнама талаптарын қайта қарауға түрткі болған-ды. Ақпан айында қолданысқа енгізхілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы сол заман қажеттілігіне сай келетін, қоғам талабына жауап беретін құжат. Осы заңның қолданысқа енгізілуіне орай елдегі 42 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айта кеткеніміз жөн.

Бұл заңның артықшылығы аз емес. Соның ішінде жаңа құжатқа сәйкес, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзғандар, сонымен қатар, банктің қаржысын заңсыз пайдаланғандарға жеңілдік те қарастырылып отыр. Яғни, егер қылмыс жасағанымен, өзінің кінәсін түсініп, келтірген залалды өз еркімен толықтай өтеген тұлғалар қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Экономикалық қылмыстарға қатысты мұндай өзгерістердің жасалуы өте орынды. Себебі, қылмысқа жаза тағайындағанда әрекеттің көпшілікке қаншалықты зиян келтіргені, залалдың көлемі назарға алынады. Әрине, экономикалық қылмыстар жеке адамның құқығын шектеп, залалын тигізбегенімен, мұны қылмыс емес деу де қате. Дегенмен, құқықбұзушы өзінің ағаттығын біліп, зиянды қалпына келтірсе, жазаны жеңілдеткен орынды. Істің тергеліп, сотқа жетуінің өзі мамандарға үлкен сабақ болары хақ. Осы тұрғыдан алғанда бұл өзгерісті оң шешім деуге болады.

 Бұдан бөлек, Қылмыстық Кодекстің салықтан жалтарушыларға қатысты бабы да жаңартылды. Оған сәйкес, осы баптарға ескертудегі «бірінші рет» деген сөз алынып тасталып, салық төлеушілерді жазалау ізгілендірілді. Мұндай жаңалық кәсіпкерлерге де оң ықпалын тигізіп отыр. Өйткені, мемлекет алдындағы берешегін кәсіпкерлер дер кезінде қайтарған жағдайда, оларды қылмысқа тартудың қажеті жоқ. кәсіпкерлерді қылмыстық процесс орбитасына тартпауға мүмкіндік береді.

Ал енді мақаламыздың басында айтқан мысалға оралайық. Бұған дейінгі қылмыстық заңнамалардан рецидивистік, яғни, қылмыстың қайталануы үшін жазаны қатайту шарты алынып тасталған еді. Алайда, жазаның ізгілігін түсінбей, кешірімге қажетті шарадай қараған жандар қылмыс жасауын тыймады.  Керісінше, ұрлық жасағандар бұл іске маманданып, жазадан қашып құтылудың амал-айласын меңгерді. Алаяқтар да жазадан қашудың, алдап алған ақшаны қайтармаудың тәсілдерін көбейте түсті. Қылмыс жасағандардың көпшілігі қайталап іске тартылудан, сотқа келуден жүрексінбеді. Тіпті, мұны үйреншікті жағдайға айналдырғандар да бар. Жәбірленушімен тіл табысса жазадан құтылатынын білген қылмыскерлер араға туыстарын салып, ата-анасын бөтен жандардың алдына жығып беріп, ұпайын түгендеуден арланбайтын болды. Кешірім берілгенін күткен олар үйде де ұзақ тыныш жатпайды. Қиындық көрмеген, жазаның не екенін сезінбегендер қайталап қылмыс жасайтын. Ал, жаңа өзгерістерге сәйкес Кылмыстық Кодекске ұрлық, алаяқтық сияқты қылмыстарға жауапкершілікті күшейтуді көздейтін түзету енгізілді. Яғни, бұрын ауырлығы орташа қылмыс саналып келген бірнеше рет ұрлық, алаяқтық жасаған тұлғалар залалды өтеп, жәбірленушімен татуласуына мүмкіндік болса, енді бұл қылмыстар ауырлығы орташа қылмыс санатынан алынды. Сөйтіп, ұрлық, алаяқтықтың бірнеше рет жасалуы «ауыр санаттағы» қылмысқа ауыстырылып отыр. Бұл айыпталушыны жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босап кетуіне жол бермейді.

Жалпы, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету, меншік құқығын қорғау ісінің сапасын көтеру, қылмыстық заңнаманы халықаралық тәжірибелерді ескере отырып жетілдіру, ізгілендіру мәселесіне көңіл бөлу мемлекет назарынан ешқашан тыс қалған емес. Жаңа заң, жаңа өзгерістер құқықтық құжаттарда халық пікірінің ескерілетінін, азаматтар ұсынысы далада қалмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Мөлдір Мәлікқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.