18-03-19 |
1530 рет қаралған
Сотқа қатысты айтылған сынның бәрі ескерусіз қалмайды.
Сотқа қатысты айтылған сынның бәрі ескерусіз қалмайды

Кешегі кеңестік дәуірдегі сот пен бүгінгі егемендік еңсесін тіктеткен қазақстандық сотты салыстыру әсте мүмкін емес. Шынында да, судьяның тәуелсіздігіндегі, әлеуметтік жақтан қамтылуындағы өзгерістер жер мен көктей. Көрер көзге анық байқалып тұр. Айталық, бұрын жалдамалы ғимараттарды паналаған сот ұжымдары қазір биік, жарық ғимараттарда жұмыстарын жүргізеді. Тіпті, хат-хабар жіберу үшін де қағаз тапшылығын көрген сот қызметкерлерінің кешегі шарасыз тірлігі электрондық байланысты еркін пайдаланып, кіріс-шығыс құжаттарын реттеп отырған бүгінгі мамандар үшін аңыз әңгіме секілді. Осының барлығы елімізде жүргізілген дұрыс саясаттың, оңды реформалардың жетістігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сот саласына үнемі көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіп отыруы да мәселелерді біртіндеп шешіп, дамуға үлкен мүмкіндік тудырғанын айта кеткен жөн. Осы уақытқа дейін әділдіктің көрсеткіші саналатын сот саласын дамытуға, беделін көтеруге көптеген игі қадамдар жасалды. Заңдарымыз пысықталып, заман талабына жауап беретіндей етіп сауатты жазылды. 1996 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республика судьяларының сьезі де бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға пәрменді үлесін қосқаны ақиқат.

Осы алғышарттардың барлығы негізінен әділетті қоғам қалыптастыруды, құқықтық мемлекеттің еңсесін тіктеуді мақсат еткен еді. Ал сол мемлекеттегі үш биліктің бірі саналатын сот саласының беделін көтеру үшін не керек? Ең алдымен, судья бұра тартпайтын, әділ де адал болғаны дұрыс.  «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Мұның мағынасы – билік етуші ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болу керек» дегенді Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаев республика судьяларының ІҮ сьезінде де назарымызға салған болатын. Расында да, сот беделі ең алдымен шешімдердің әділ таразылануына, судьялардың туралығына қарай нығая түседі. Адам тағдырына қатысты үкім шығаратын судьяның қателесуіне, көңіл-күйдің жетегінде кетуіне, өзінің ішкі түйсігіне ерік беруіне қақысы жоқ. Өйткені, ол өзінің бір ағат шешімі бүкіл бір құрылымның атына нұқсан келтіретінін, беделіне көлеңке түсіретінін есінен шығармағаны абзал. Бұл жерде судьяның сауатсыздығынан, білімінің төмендігінен қате кетті деген түсінік мүлде болмауы керек. Себебі, судья кез келгеннің қолынан келетін лауазым емес. Мемлекет атынан үкім шығаратын қазыларды іріктеуде талаптың қатаң болатыны сондықтан. Әрі Елбасының өзі қол қойып, жеке жарлық шығарып тағайындайтын судьялар қауымы сол құрматке лайық болғаны жөн дер едім.

Судья қызметте ғана емес, былайғы ортада да өзінің кісілік келбетін сақтауы тиіс. Судья әдебі кодексінің өмірге келуінің де астары осында. Қалай болғанда да, сотқа деген бастапқы ой, алғашқы пікірдің қазылардың сырт келбетіне, қоғамда өзін-өзі ұстауына, сот процесін жүргізу шеберлігіне, тараптармен тең сөйлесуіне де байланысты қалыптасатыны белгілі жайт. Осыған орай, судья әдебіне қатысты арыз-шағымдар түсіп, сот беделіне селкеу түсіргіміз келмесе жоғарыдағы әдептілік қағидаларын үнемі жадымызда ұстағанымыз дұрыс. Біліміміз бен білігімізді көтеріп қана қоймай, лауазымымызға лайық екенімізді дәлелдей отырып біз сот беделін көтеруге өз тарапымыздан да ықпал ете аламыз.

Сондай-ақ, сотқа деген оң пікірдің туындауы судьяның шығарған шешімі қағаз жүзінде қалмай, дер кезінде орындалуына да тікелей байланысты. Қазіргі кезде шешімдердің дер кезінде орындалмайтыны жиі сөз болады. Сот орындаушылардың жұмысындағы олқылықтар да үнемі сыналады. Егер осы кемшілікті жойып, шешімдердің орындалуын бірізге түсірудің жолын таппасақ, сот пәрменіне, әділеттің барына халықтың сенімі азаяры күмәнсіз.

Сот процесінің ашық өтуінің, ақпарат құралдарымен байланыстың беделді өсіруге айтарлықтай ықпалы бар. Әсіресе, ақпарат құралдарының судьялар қызметіне, сот шешімдеріне қатысты біліксіз, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» әдісімен зерттелмей жазылған материалдары тура төрелікке көлеңке түсіретіні рас. Мұндайда, мақаланың астарына үңіліп, орынсыз сынға ұтқыр жауап беру, негізсіз жабылған жаланың ара-жігін ажыратып ақиқатты айту, оқырманның көзін ашу судьяның парызы. «Айтып-айтып қояды» деген пейілде немкетті қол сілтеуге орын жоқ. Өйткені, қарсы дәйектер айтылып, құзырлы орындар тарапынан кері жауап болмаған соң азаматтар арасында жалған түсінік қалыптасуы қалыпты жағдай. Сот беделін түсіргіміз келмесе, өзімізге қатысты айтылған орынсыз сыннан саламызды таза ұстай білейік. Қазір көпшіліктің қызығушылығын тудырған істер бойынша арнайы брифинг өткізу, ай сайын журналистердің қатысуымен сот жұмысын қорытындылау ісі жүйеге түсіп келеді. Мұның барлығы орынсыз сын айтып, долбармен мақала жазуға жол бермейді. Әділдік алаңын адал ұстау – сот беделін өсіретін бірден бір күш екені осыдан-ақ байқалады.

Жанболат Шортанбаев

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.