Елімізде көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұялар әрдайым мемлекеттік қолдауға ие. Үкімет осы санаттағы отбасыларды қолдау үшін биыл ел бюджетінен 365 млдр теңге бөліп отыр. Сонымен қатар, осы бағытта кешенді жұмыстар атқарылып жатыр.
Мәселен, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы биылдан бастап өсіп отыр, оның үстіне жұмыспен қамту және салықты жеңілдету сияқты бір қатар жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда балалы отбасыларға берілетін жәрдемақының көлемі 38% дейін өскен. Өткен жылы, яғни 2018 жылы балалы отбасыларды қолдауға берілетін жәрдемақыға ел бюджетінен 40,7 млрд теңге бөлініп, 395 мың адамға берілген екен.
Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің көлемі артқанын білесіздер. Ол жайында еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, осыған дейін әр балаға беріліп келген 4834 теңге әлеуметтік көмектің мөлшері биыл 20 789 теңгеге көтерілді. Дегенмен бала 18 жасқа толған соң бұл жәрдемақының берілуі де тоқтайды.
Қазір осы атаулы көмекті алу бойынша еліміздің әр жерінде құжат жинау жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін қосымша қабылдау орындары құрылып, ұзын-сонар кезекті болдырмаудың қамы жасалуда. Көпбалалы аналарды қолдау бағытында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне де қосымша жәрдемақы тағайындалған. Биылдан бастап оларға берілетін көмек те өсті. Мәселен, бұрын «Күміс алқа иегері» 16 мың теңге шамасында жәрдемақы алса, енді оған 6 мың теңге қосылады. Аналарға берілетін бұл жәрдемақы ешқашан тоқтамайды, зейнетке шыққан соң да беріле береді. Және бұл көмек жыл сайын инфляция деңгейінде белгіленіп отырады.
Қазіргі таңда елімізде мұндай атақ 237 мың анаға берілген екен. Жыл сайын осы төлемге бюджеттен 45 млрд теңге бөлінетін көрінеді. Сондай-ақ, еш жерде жұмыс істемейтін анаға бала туғаннан кейін оған 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы беріліп отырады. Бұл бағыттағы ай сайын алатын жәрдемақы көлемі 14 мың теңгеден 22 473 теңгеге дейін жетеді.
Өткен жылы бұл жәрдемақыны 125 мыңға жуық адам алыпты. Жалпы сомасы 30 млрд теңге. Соңғы 3 жылда аталған жәрдемақының көлемі 19 пайызға артқан.
Ана мен баланы қолдау аясында жасалып жатқан кешенді жұмыстар қайткенімен оң нәтижесін беріп жатыр. Иә, арасында кемшін түсіп жатқан жері де бар шығар, дегенмен елдегі туу көрсеткішін өсіруге оң ықпал етіп жатқаны жасырын емес. Әлеуметтік көмектің тұрақты берілуі мемлекеттің ана мен бала мәселесіне бей-жай қарамайтындығын көрсетеді. Уақыт өте келе бұл өзінің тиімділігі мен нәтижесінің жоғарылығын көрсете береді.
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024