25-03-19 |
3320 рет қаралған
Баланы жылатпайық.
Баланы жылатпайық

Отан отбасыдан басталады деп жатамыз.  Сол отбасының іргесін шайқамай, тату –тәтті әрі берік етіп ұстау әр отбасы мүшесіне байланысты. Өкінішке қарай шаңырағы шайқалып, ерлі-зайыптылардың ұрйыс-керісінің  зардабын кішкентай сәбилер мен жазықсыз балалар көріп жататыны жасырын емес.

Бірлігі мен ынтымағын сақтай алмағандар ажырасып тынады немесе сол бар мәселені шешеді деп ойлайды. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей бала тәрбиесі үнемі қоғаммен тығыз байланыста болады. Отбасындағы ұрыс-керістен әсіресе балалар мен әйелдер көп зардап шегетіні мәлім. Олардың құқығын қорғау бағытында заңдарға да өзгерістер енгізілген.

Егер әйелге қол жұмсағандығың дәлелденсе 15 күнге абақтыға қамаласың, сонымен қатар әкімшілік жауапкершілікке тартыласың. Қазір еліміздегі «Әйелдерді қорғау» орталықтарына жүгінетін нәзік жандылардың қарасы азаймай тұр.

Ал,  балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездікке келер болсақ ол да азаймай тұр. Бұның өрши түсуі қоғам болып оған ден қоймауда шығар. Бала болғандықтан аса мән бермедік, проблема деп қарамадық. Бала әркімнің меншігі деген ұғыммен жүріп үй ішінде көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылыққа көз жұма қарадық. Осылайша кішкентай бала кезінен үінде зорлықтың небір түрін көрген бала оны сыртқа шығара бастады, оның арты үлкен қылмыстарға апаратыны белгілі.

Сондықтан мемлекет дұрыс болу үшін алдымен отбасында берілетін тәрбие дұрыс болу керек деп тегін айтылмаса керек. Мемлекет балалардың құқығын қорғау, олардың түрлі зорлыққа ұрынбауы мақсатында жұмыстар атқарып жатқаны аян.

Мәселен, қазір көптеген қоғамдық орындар мен мектептерде жас инспекторлардан құрылған топтар тәртіпті қадағалауда. Оның үстіне, құқық қорғау органдарының мамандары ай сайын білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Десекте, баласының өміріне алдымен ата-ана жауапты.

Ата-ана баласының мінез-құлқына, жүріс-тұрысына әрдайым мән беріп, бақылауда ұстауы керек. Олай дейтініміз, соңғы кезде балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың адам шошырлық жайттарына куә болып жатырмыз. Ұзаққа бармай-ақ, осы жақында ғана Жетісай қаласында орын алған жайтты еске түсірейікші. Өгей шешесінен жапа шеккен үш баланың оқиғасы осы бағытта әлі де көп жұмыс атқару қажеттігін көрсетіп берді. Бұлай дейтініміз балалар екі жылдай өгей шешесінің тепкісін көріп келген. Алайда осы уақыт аралығында оған мән беріп, жазықсыз балаларға араша түсетін адамның табылмағандығы өкінішті. Тіптен, бір шаңырақта тұратын әкесінің өзі көзжұма қарауы балаларды зорлық-зомбылыққа одан сайын итермелегендей көрінеді.

Сондықтан отбасыны сақтау, оның құндылықтарын қорғау бағытында біз болып, қоғам болып атқаратын жұмыс шаш етектен екені осындайда байқалып қалады. Бұл тұста қоғам болып атсалысқан дұрыс деп санаймын. Бұл біріншіден маңайыңда болып жатқан келеңсіздіктерге немқұрайлы қарамаудан басталады. Егер балаға әлімжеттік жасалып немесе зорлық көрсетіліп жатса бірден құқық қорғау органдарына хабар беріп, араша түсу қажет. Сол кезде ғана балалар өздерінің құқығының қорғалатынына көз жеткізетін болады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.