28-05-23 |
1370 рет қаралған
Қаржылық алаяқтық. Халықтың сауаты төмен.
Қаржылық алаяқтық. Халықтың сауаты төмен
Қаржы пирамидалары, құқықтық сауатсыздық туралы жиі айтылып жатады. Олар өздерінің жымысқы әрекетін жасыру үшін түрлі айла тәсілдерге барып жатады.

Кейбір компаниялар өздерін жұртшылыққа инвестициялық компания ретінде ұсынып, көз қызықтырады. Одан кейін көптің сеніміне енуге тырысады. Ақырында ақшасын «үптеп» кетеді.

Жалпы, қаржы пирамидаларына, не болмаса алаяқтарға алданбаудың жолы бар ма? Жұртшылықтың құқықтық сауатын арттырудың жолы қандай? Адвокат, кәсіби заңгер Мейірбек Даубалаевтан сұраған едік.

Көпшіліктің құқықтық сауатын біле бермейтіні жасырын емес. Елде құқықтық нигилизм басым. Мұны жою жолдарын қарастырған жөн. Мектептерде құқықтық сауатты арттыратын пән енгізілуі қажет секілді. Әсіресе, әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланған абзал. БАҚ беттерінде де адвокаттар, құқыққорғаушы орган өкілдері мақалалар жариялап, көпшілікті хабардар етіп отырғаны жөн – дейді ол.

«Біздің өзіміз де аймақтарда құқықтық сауатты арттыру үшін түрлі шаралар өткізіп, жарияланымдар беріп отырамыз» – деген заңгер, соған қарамастан халықтың арасында жиі кездесетін фактілер – алақятарға алдану екенін айтты.

Әсіресе, қаржы пирамидаларына алданатындар саны артты. Түрлі пирамидаларға кіріп кетеді. «Табысқа кенелемін» деп ойлап, алданып жатады. Отандық қана емес, шетелдік қаржы пирамидаларының да арбауына түсетіндер саны артты. Бұған себепкер болатын дүние – құқықтық сауатсыздықтың кесірі. Әйтпесе, кез келген қаржылық сауаты жоғары адам қаржы пирамидаларының алдамшы екенін сезер еді. Банктен бөлек кез келген қаржы ұйымы артық қаржы бермейтінін түсінер еді. «100 пайыз пайда табасың» дегенге сенбес еді. Неге жұрттар «жарнамасы жер жарған» пирамидаларға ақша салып, опық жеп жатады? Тіпті бұған үкіметті кінәлайтындар да жетерлік. Қаржы алаяқтарына алданып, ақшасынан айрылып жатса, оған ең алдымен салған адамның өзі кінәлі дер едік. Өйткені, қаржылық сауаты, құқықтан хабары болса, түрлі пирамидаларға алданбас еді – дейді ол.

Ол қаржы пирамидаларын қандай белгілеріне қарап анықтауға болатынын айтты.

Олардың көпшілігі қолма-қол ақшаны инвестициялауға шақырады, әрі олар салған ақшаны өте жоғары пайызбен қайтарып алуға болатынын айтады. Ол ол ма, өзін ғана емес, танмыр-таныстарын да тартуға міндеттейді. Ең қызығы, ол компаниялардың көбі жаңа тіркелген, оның жарғылық капиталы және жалғыз құрылтайшысы бар. Келісім-шартында жауапкершілігі толық көрсетілмейді. Кез келген адам ірі «қаржылық» компанияларға алданбас бұрын шарттарын білгені абзал. Ол үшін заңгерлік көмекке жүгінгені де артық болмайды. Шетелдерде кез келген отбасылардың отбасылық дәрігері, отбасылық заңгері болады. Өз адвокатының көмегінсіз ешнәрсе шешпейді. Сол сияқты бізде де отбасылық адвокаттар, не болмаса заңгерлер көмегіне сүйенуді үйренген дұрыс. Елдің арасында осындай үрдісті, осындай тәртіпті қалыптастырғанымыз жөн. Сонда алаяқтарға алданып, опық жеп, ұрынып қалмас еді. Мамандардың кеңесінен кейін ғана келісім-шартқа отырғаны дұрыс – дейді адвокат.

Arasha.kz

ФОТО: ken-zhyloi.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.