19-06-18 |
13300 рет қаралған
Ақмола облысында екі ауылдың және 23 көшенің атауы қазақшаланды (аудио).
Ақмола облысында екі ауылдың және 23 көшенің атауы қазақшаланды (аудио)

Бүгін Ақмола облысы, Целиноград ауданының екі ауылында тұрғындардың, қоғамдық белсенді азаматтардың және аудан әкімшілігі өкілдерінің қатысуымен ономастика мәселесі жөнінде жиын өтті. Ауыл және көше аттарын ауыстыруда қоғамдық пікірталас өтіп, дауыс беру нәтижесінде Новоишимка – Жаңа Есіл ауылы, Семеновка – Қараменді батыр ауылы болып өзгертіліп оған қоса екі ауылда жиыны 23 көшенің атауы қазақшаланды.

Астана маңындағы ауылдардың атауын өзгертуге қоғамдық негізде жиналып, он бес шақты азамат арнайы Астанадан барған екен. Солардың бірі – журналист Амангелді Құрметұлымен хабарластық.

Ол кісінің айтуынша, жиналыс барысында Ақмола облысы, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова президент аппаратының жетекшісі Әділбек Жақсыбековтің президент Н.Назарбаевқа жазған қызметтік хатын оқып берген. Хатта республика аумағындағы көптеген ауыл-аудан, көше, жер-су аттары тарихи идеологиялық тұрғыдан ескіргендіктен ауыстыру қажеттігі туралы айтылған. Ақмола облысындағы ауыл, көше атаулары осы негізге сай өзгертіліп жатқанға ұқсайды.

Ә.Жақсыбековтің хатында айтылған ононмастика мәселесін Ақмола облысынан өзге аймақтар қалай қарастырып, атқарып жатқаны әзірге белгісіз. Бірақ ашық үкімет порталында Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір ауыл және ауылдардағы көше атауларын қайта атау туралы мәселе жария талқылауға ұсынылыпты. Соған қарағанда ұзақ жылдар бойы қоғамның талқысында келе жатқан ономастика мәселесінде сең қозғалғандай.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.