22-12-21 |
640 рет қаралған
Ақтөбеліктер онлайн-несие беруді тоқтатуды сұрайды.
Ақтөбеліктер онлайн-несие беруді тоқтатуды сұрайды

Ақтөбелік бір топ тұрғын  үкіметтен онлайн-несие беруді тоқтатуды сұрайды. Өйткені, олардың  атынан  белгісіз біреулер несие рәсімдеп, тақырға отырғызған. Тығырыққа тірелгендердің біреуі жалғыз баспанасын сатып жіберсе, кейбіреулері ай сайын  алмаған несиені төлеуге мәжбүр. Бұл туралы «Астана» арнасы хабарлайды.

 

Алаяқтардың құрбаны болған Болат Дәулекенов өзі секілді алданғандарды ватсап-топқа жинаған. Айтуынша, бұл топта қазір отызға жуық адам бар. Алаяқтардың онлайн-несиені рәсімдеу әрекеті бірдей. Олардың барлығына кешке, адам жұмыстан шаршаған кезде телефон соққан. Өздерін банктің менеджерімін деп таныстырып, «біреу сіздің атыңызға онлайн-несие рәсімдеп жатыр, біз бұны тоқтатамыз» – деп алдаған.

«Онлайн-несиені блоктау үшін, өтініш қалдырыңыз деді де, мені банктің қауіпсіздік қызметімен байланыстырды. Ол кісі онлайн-несиеге өтініш беріңіз деді. Қайта қаржыландырамыз және тағы 980 мың теңге несие мақұлдаймыз деді. Мақұлдаған соң, шоттағы ақшаны Халық банктегі арнайы дайындалған депозит ұяшықтарына аударыңыз деді. Қарсыласып едім, келесіде банктен несие ала алмайтын боласыз деп қорқытты. Амал жоқтан, келістім», – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Болат Дәулекенов.

Осылайша, айналдырған 2-3 сағатта алаяқтар аталған азаматтың атына 3 миллион 730 мың теңге несие рәсімдеген. Тағы бір тұрғын Гүлшат Айтқазиева да алаяқтардың гипнозына ұшырағанын айтады. Ешкімді естімей, тыңдамай, тек телефонның ар жағындағы адамның бұйрығын орындай отырып, 9 миллион теңгеге жуық онлайн-несие алғанымды үш күннен соң ғана түсіндім дейді ол.

«8 миллион 800 мың теңге менде, бәрін біреуге аударыппын, плюс 2 қараша күні түскен жалақым да жоқ. Бір апта бұрын пәтерімді саттым, күйеуімді әрең көндірдім. Форте, Альфа, Хоумбанктегі кредиттерді жаптым. Жұрттан қайыр сұрап кеттім. Форте банк айтты ғой, ең ірі кредит 3,5 миллион аударылған Сатышев деген Шымкенттен табылып тұр дейді. Бірақ әрмен қарай, құқық қорғаушылардың жұмысы екенін алға тартады», – дейді жәбірленуші Гүлшат Айтқазиева.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің дерегінше қазір онлайн-алаяқтарға алданған 74 адамның арызы қаралып жатыр. 13 іс сотқа жіберілген.

«Тағы 13 іс ҚР басқа облыстарына біріктіру үшін жолданды, себебі басқа облыстарда айыпкерлер ұсталып, қамалып, сонда жауапкершілікке тартылып жатқандықтан, басқа облыстарға жіберілді», – дейді Ақтөбе облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшының орынбасары Нұрболат Сұлтанов.

Банк өкілдерінің сөзінше, алданған тұрғындардың ісі жеке қаралады. Алаяқтың арбауына түскен клиент міндетті түрде банк бөлімшесіне барып, өтініш жазуы керек дейді. Сондай-ақ, әр адам жеке бас мәліметіне өте сақ болуы керек екенін ескертеді.

«Кез-келген банктің клиенті болса да, жеке бас ақпаратты ешкімге айтуға болмайды. Банктен ешқашан қоңырау шалып, банктің қызметкері клиенттің жеке ақпаратын ешқашан сұрамайды, егер сұраса бұл нақты алаяқтармен сөйлесіп тұрғанын түсінсін», – деп түсіндірді банк баспасөз қызметінің өкілі Досбол Арыстанбек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.