08-01-21 |
1890 рет қаралған
АҚТӨБЕЛІКТЕР САЙЛАУ КҮНІ НАРАЗЫЛЫҚҚА ШЫҒАДЫ.
АҚТӨБЕЛІКТЕР САЙЛАУ КҮНІ НАРАЗЫЛЫҚҚА ШЫҒАДЫ

Ақтөбеде Кірпішті ауданынан мемлекеттік бағдарламамен баспана алғандар наразылыққа шықты. Көпқабатты үйдің сапасы сын көтермейді. Кәріз құбыры істен шыққан үш қабатты жаңа үйдің жертөлесі нәжістің иісіне мүңкіп тұр. Екі аптадан бері салқын су да тоқтатылған. Ипотекаға үй алып, бастары бәлеге қалғандар жергілікті билікке талап қойды.

Мердігер компания мен әкімшіліктің сергелдеңіне түскендер істен шыққан кәріз құбырын тез арада жөндемесе сайлау күні әкімдік ғимаратына баратындарын айтты.

 «Мәселенің сайлау күніне дейін орындалуын талап етеміз. Олай болмаған жағдайда тұрғындар болып әкімдікке барамыз. Халықтың жағдайы қиын. Партиялар үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.  Сайлауға дейін уәде береді. Одан кейін ешқандай депуттатты таба алмай қаламыз. Оларды көру мүмкін емес. Мәселе шешілмейді»,- дейді тұрғындар.  

Жаңа үйге қоныстанғандардың бәрі де мемлекеттік мекеме қызметкерлері, дәрігерлер мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

«Әкімдік бәрін біліп отыр. Ешкім бұл шаруаны шешуге асығар емес. Қазір 54 пәтер сусыз отыр. 14-15 миллион теңгеден  бәрінің мойнында 20 жылға ипотека бар. «Ақбұлақ» күтімге алмаған үй қалай мемлекеттік бағдарламамен таратылған?»,-дейді тұрғын Күләш Жылысбаева.

Жиналғандардың бір ғана тілегі бар. Қондырғыны жаңалап,  коммуналдық мекеменің қарауына өткізіп беру.

«Бұл үйді  «Крост» ЖШС салды. Оны балансқа алу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тексерді. Кәріз жүйесін жөндеу талап етілді. Үйдің балансқа өтпегеніне қарамастан, қазіргі уақытта демеуші көмегімен жаңа сорғыш алынды»,- деп хабарлайды қалалық әкімдік.

P.S. Материал  әзірленіп жатқанда қалалық әкімдіктегілер тұрғын үйдің  екі сорғысын ауыстырып, іске қосқандарын хабарлады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.